Күнге КҮЙГЕН теріні ҚАЛАЙ емдейміз?

0
12 148

Дәрігер кеңесіне назар аударыңыз...


Күнге КҮЙГЕН теріні ҚАЛАЙ емдейміз?

фото: expatwoman.com

Жаз – шомылу маусымы. Кез келген жастағы адамның сүйікті ісі. Жүзуді білмесе де аяғын салқын суға салып, денесіне су шашып отырудан ләззат алатындар бар. Ал суға сүңгіп кететіндердің рахатын сезінудің өзі ғажап. Міне, керемет демалыс сыйлайтын шомылудың ережелерін дұрыс сақтамасақ, опық жеп қалудың да мүмкіндігі зор. Сондықтан да мейлінше сақтық шараларын қолданғанымыз жөн.


Ең алдымен күнге күюден сақтанайық. «Жазда күнге қыздырынғандар қыста жаурамайды әрі ауырмайды» деген қағиданы ұмытыңыз. Ол бос әңгіме. Күнге қыздырыну күнге күю емес. Күнге күюдің соңы сергелдеңге салатынын ұмытпаңыз.

Ендеше, күнге күюдің алдын алғыңыз келсе, алдағы уақытта аурудың азабын тартқыңыз келмесе, онда дерматолог-дәрігер ұсынған кеңестерге көңіл бөліңіз.

КҮНГЕ КҮЮ – терінің қабынуы. Қызарып, ісініп, күлдіреп белгі береді. Әрі қол ұстатпай ауыртады.

фото: superloudmouth.com


Есіңізде болсын!

  • суға шомылатын кезде алкоголді ішімдік ішпеңіз;
  • ешқандай дәрі қабылдамаңыз. Әсіресе күйік шалуға септігін тигізетін (тетрациклин, тиазид, сульфаниламид, фенотиазин және диабет ауруына қарсы) дәрі қолданбағаныңыз дұрыс.


Күнге күюдің 2 деңгейі болады. 1-деңгейде:

Адам терісінің күйік шалғанын 4 сағаттан соң байқайды. Терінің сыртқы қабаты өзгереді. Мұны мамандар жеңіл күйік деп есептейді. Ол кезде:

  • тері қызарады, ісінеді;
  • дене қызады;
  • бас ауырады;
  • қызу көтеріледі;
  • бойын әлсіздік билейді;
  • лоқсып, құсады.

Бұл белгілер көрініс берген кезде дереу дәрігерге тексеріліңіз. Қажетті ем қабылдасаңыз, ұзағымен 7 күнде жазыласыз.


2-деңгейде:

Теріның сыртқы қабаты сыпырыла бастайды. Бір мезгілде қышып, ашып мазаңызды алады. Сонмен қатар:

  • күйген тері қою қызыл түске өзгереді;
  • тері суланып, жылтырай бастайды;
  • жаныңызға батып ауыртады;
  • қызу көтеріледі;
  • денеңіз біресе ысып, біресе тоңа бастайды;
  • жүдеп кетесіз;
  • басыңыз айналады;
  • лоқсып, құсады;
  • басыңыз бен бұлшықеттеріңіз ауырады;
  • тыныс алуыңыз нашарлап, дем жетпегендей қиналасыз.

2-деңгейлі күйіктен жазылу бірнеше аптаға жалғасады. Бұл кезде дәрігер тағайындаған еммен қатар, арнайы крем мен таңғышты қолдану керек. Егер мүмкіндік болса ауруханаға жатып емделген дұрыс.

Күнге КҮЮ мен күн ӨТУді шатастырып алмаңыз. Екеуі де бір мезгілде болуы мүмкін. Көбінесе ақ құмда, ашық аспанда, су бетінде жүзіп жүрген кезде күн өткізіп алуыңыз мүмкін.

фото: nikolaevskiy.info


Күнге күйген кезде не істеу керек?

  • Ең алдымен күйген теріні тыныштандыру керек. Ол үшін қабыршықтанған теріге тиіспейсіз. Көлеңке жерге отырасыз.
  • Ауруды басу үшін салқын душ қабылдайсыз. Судан шыққан соң сүлгімен сүртінбеңіз. Денеңіз шамалы құрғаған кезде құрамында алоэ, соя немесе сұлы сүті бар ылғалдандыратын крем жағасыз. Бұл жарақаттанған теріге өте пайдалы.
  • Бойыңызды билеген ауруды басу үшін қабынуға қарсы ибупрофен ішуге болады. Ал ісікті басу үшін теріңізге гистаминге қарсы крем жағасыз.
  • Көбірек су ішіңіз.
  • Егер денеңіз күлдіреп бастаса, беті қотырланғанша тиісуге болмайды. Дәрігердің жазып берген дәрісін ғана қолдану керек. Мейлінше күнге шықпауға тырысыңыз.
  • Денеңізге жабық киім киіңіз.
  • Сабын мен гельді, әтірді қолданушы болмаңыз.


Ең тиімді емді біле жүріңіз

- Ваннаға салқын су толтырыңыз. Оған сұлы қосып, жақсылап араластырыңыз. Сонан соң суға түсіп, 15 минуттай жатыңыз. Сұлы күнге күйген теріге керемет ем болады. Қабынуды емдеп, қышығанын басады.

- Пакетке мұз салып, жарақаттанған теріге басыңыз. Дененің қызуын басады, қан тамырларының жұмысын жақсартады әрі ісікті кетіреді.


Күнге күйген теріге не істеуге болмайды?

  • ешқашан вазелин жақпаңыз;
  • күлдіреген теріні өз бетіңізше тесіп отырмаңыз;
  • терінің сыртқы қабатын қолыңызбен жұлмаңыз;
  • жабысып қалған немесе тым тар киім кимеңіз.


Сақтанудың жолдары

Сыртқа шығатын кезде өзіңізге де, кішкентайыңызға да күннен қорғайтын крем жағыңыз. Міндетті түрде бас киім кию керек. Көзіңізге көзілдірік тағыңыз. Жаныңызға бөтелкемен су немесе шырын алыңыз. Мейлінше жеңі ұзын, жағасы тік киім киіңіз.


Дереккөз: style.rbc.ru


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ЖҮКТІЛІК кезіндегі АНЕМИЯНЫ жеңудің ЕКІ жолы бар


БРОККОЛИ есте сақтау ҚАБІЛЕТІН жақсартады


МҰРЫННАН аққан СУДЫ аскөк МАЙЫ тоқтатады