Шілдеде шөлді ДҰРЫС қандырудың 7 ережесі

0
3 851

Ағзадағы сұйықтық мөлшері 5 пайызға кемігеннің өзі адамның миының жұмысын айтарлықтай тежейді.


Шілдеде шөлді ДҰРЫС қандырудың 7 ережесі

Шілде. Ыстық ауа райы. Аптап...

Мұндай кездері терлей берудің әсерінен адам ағзасынан сұйықтық көп мөлшерде шығады да, ол бірінші кезекте күш-қуаттың кемуі мен әлсіреуге апарып соғады. Ағзадағы сұйықтық мөлшері 5 пайызға кемігеннің өзі адамның миының жұмысын айтарлықтай тежейді.

Демек, аптап ыстықта ағзадағы сұйықтың тепе-теңдігін ұстап отыру қажет. Яғни, шөлді қандыратын сусындарды дұрыс таңдап және қажетті мөлшерде ішу керектігін ескертеді мамандар.

Ендеше, шілденің шіліңгір ыстығында шөлді қандырудың мына 7 ережесін естен шығармаңыз.

Сусынды қажетті мөлшерде ішу керек

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы адамның салмағына қарай тәулігіне қанша су ішу керектігін ұсынған. Яғни, 1 кг салмаққа 30 мл су болуы тиіс. Егер салмағыңыз 60 кг болса, онда тәулікті су нормасы 1,8 л деп есептеледі.

Адам ағзасы сұйықтықты тек судан ғана емес, жемістер мен көкөністерден де алатынын ұмытпағаныңыз жөн. Ағзаға керекті сұйықтықтың 50 пайызын адам түрлі тағамдардан, сорпа, жеміс-жидек пен көкөністерден де алады.

Жиі және аз мөлшермен ішу


Бір ішкенде сусынның көп мөлшерін қабылдау – қан-тамыр және жүрек жұмысына бірден салмақ түсіретінін естен шығармау қажет. Сонымен қатар, бүйрек жұмысына да артық күш түсіреді.

Суды денеден молынан тер шыға бастағанда ішсеңіз, ағзаңызға зиянын тигізбейсіз.

Сонымен қатар, суды аз-аздан және белгілі бір уақыт салып барып ішіп отырсаңыз, қанша ыстық болса да қатты шөлдей қоймайсыз. Қатты ыстықта бір жұтымнан әр 5 минут сайын ішу керек.

Салқын сусын ішуге болмайды

Салқын суға қарағанда бөлме температурасындағы су шөлді тез басады. Оның себебі, салқын су шөлді баспайды, тек шөлдеуді «жасырып» сілекей бездерін ғана салқындатады. Сонымен қатар, салқын су азқазанға салмақ түсіріп, ағзаға сіңірілуі ұзақ уақытты алады.

Тым салқын, әсіресе, мұз қосылған сусындар асқортыуды баяулатады және жазда ең көп таралатын ангинаның пайда болуына себеп болады.

Суды шөлдемей тұрып ішіңіз

Шөлдеу – ағзадағы су мөлшерінің қажеттіден азая бастағанының алғашқы белгісі. Оған немқұрайды қарауға болмайды. Күннің ыстығында далаға шығатын болсаңыз немесе дене еңбегімен айналысуға тура келсе, қалтаңызда бір бөтелке су жүруі тиіс. Ал шықпас бұрын 200-300 мл су ішіп алған дұрыс.

Әсіресе, артық салмағы бар, бүйрек дерті мен қант диабеті дертімен ауыратын адамдар аптап ыстықта шөл басуға тиянақты болғаны жөн.

Суды тамақтанудын бұрын ішіңіз

Тамақтану уақытында шөлді басу да маңызды. Мүмкін болғанша, тамақтанудан 15 минут бұрын шөл қандырып алсаңыз, ішкен сусыныңыз асқорыту жұмысын реттеп, оның асқазанда ұзақ сіңірілмей тұрып қалуынан сақтайды.

Одан бөлек, мамандардың зерттеуі көрсеткендей, артық салмақтан арылғысы келетіндер тамақтанудан бұрын бір стақан су ішетін болса, ең алдымен аштық сезімін басып, артық мөлшерде ас жеуден сақтайтын болады.

Ас мәзірінде сұйық тағамдар мен көкөністер мол болуы тиіс

Шөлді басатын, яғни, ағзадағы сұйықтық мөлшерін қалыпты ұстап тұруға атсалысатын – қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, болгар бұрышы, таңқурай, құлпынай. Бұлардың 90 пайызы судан тұрады.

Ұйқыға жатарда су ішпеңіз


Түнгі уақытта адам ағзасы белсенді болмайтындықтан, ішілген су толықтай сіңіп кетпейді. Сондықтан да жатар уақытта ішкен судың әсерінен бүйрек пен зәр шығару мүшелерінде проблема пайда болады. Таңертең ісініп тұру мен түнде әжетханаға көп шығу – осының салдарынан.

Сусын ішуге ең қолайлы кешкі уақыт – ұйқыға жатардан бір сағат бұрын. Егер тым қатты шөлдеп немесе терлеп жатсаңыз, бір-екі жұтым ғана ішуге болады.

Ал таңертең тұрғанда су ішу тәртібі басқа. Ұйықтап тұрған адам ағзаның белсенді болмайтындығына қарамастан бір түнде 500 мл сұйықтық жоғалтады. Демек, оның орнын толтыру мақсатында таңертең 200-300 мл су ішу қажет болады. Бұл сізге таңертеңгі сергектік пен күні бойына ағзадағы су деңгейін қалыпты ұстауға көмектеседі.

Шөлді қандырудың мұндай дұрыс тәртібін сақтау қиын емес. Бастысы, ағзаңцыздағы судың көлемін қажеттіден кемітіп алмасаңыз, қанша аптап болса да сіздің денсаулығыңызға кері әсер ете алмайды. Тек қана табиғи, бөлме температурасындағы сусындарды ішу керектігін тағы да қайталап айтамыз.

Дереккөз: infoniac.ru

ERNUR.KZ