​«34 жасымда климакс басталып кетті»: алматылық «кәрі қыз» өмірден түңіліп жүр

0
4 888

«Қыз бала ең бірінші ана атанып, бала туып алуды ойлау керек екен ғой»


​«34 жасымда климакс басталып кетті»: алматылық «кәрі қыз» өмірден түңіліп жүр

Үлкендер «Бастысы он екі мүшең сау болсын. Денсаулығың болса, кез келген уақытта бәріне қол жеткізуге болады» дейді. Бірақ уақыты шектеулі нәрселер де бар. Соның бірі – балалы болу.

Еркек адам Алпысбай, Жетпісбайларды туғыза алатын шығар, бірақ әйелде бұндай мүмкіндік жоқ. Климакс ерте басталып кетсе, ол бала туа алмайды.

«Қыз бала ең бірінші ана атанып, бала туып алуды ойлау керек екен ғой», - дейді алматылық Айпері есімді қыз. Ол небәрі 34 жаста климакс басталады деп еш ойламаған екен. Өйткені әпкелерінде, анасында да климакс 55-тен асқан соң басталыпты.

Айпері климакс басталғалы өмірінде мән-мағына қалмағандай күйде жүргенін айтты.



Мұңын ол ERNUR.KZ тілшісіне баяндады:

«Бұрын апа-әжелеріміз «Өмірдің мәні – бала, адамның бақыты – бала» десе, мен оларды түсінгім келмейтін еді. Өйткені айналамда балалы келіншектер көп болатын. Олардың біреуінен де «Баламның бар болғаны үшін бақыттымын» дегенді естімегенмін. Олар жаңа үйге көшкенде, күйеуінің қызметі өскенде және ескі болса да көлік сатып алғанда «Шүкір, бақыттымын!» деп айтатын. Тіпті сәнді көйлек кигенде, алтын сырға сатып алғанда құрбы келіншектердің көздері жанып, жанарынан бақытты көретінмін.

Шынында балаң бар делік, бірақ пәтерден-пәтерге көшіп жүрсең – оның несі бақыт? Сондай-ақ төрт-бес баласы бар, алайда не үйі, не күйі жоқ, табысын балаларының тамағына жеткізе алмай жүрген әйелді бақытты деуге бола ма?

Мен ол кезде осындай түсінікте болдым. Өзгені қайдам, өз басым ондай қиындықта жүріп бала туа алмаймын дейтінмін. Өйткені пәтерде жүріп бала тапсаң, әр «жоқты» ойлап, ашуланып, ана бақытын сезіне де алмайтынымды білетінмін. Сондықтан да мен баспанасы бар жігітті іздедім. Ал бойдақ кезінде ең бірінші үй алуды 23-27 жаста ойлайтын жігітер аз ғой. Бар болса да ондай жігіттер «Бастысы баспанам бар, үйленіп алайын» деп ойламайды. «Енді көлік сатып алайын, сосын қызметте өсейін» деп, жасы 40-тан асқанда ғана отбасы құруды ойлап, жан-жағынан жақсы әйел болатын қыз іздей бастайды. Ал 40 жастағы жағдайын жасап алған еркек өзінен 15-20 жас кіші қызға үйленгісі келетіні белгілі. Ал қыздар қанша жасқа келсе де өзімен тете жігіттің жары болуды қалайды.

Ақымақ болған екенмін. Әйтпесе 25 жасымда 45 жастағы ажырасқан ер-азамат өмір жолымда жолыққан. Оның үйі де, қызметі де бар. Сонымен қатар екі қызы да бар еді. Ол «Сенің барлық жағдайыңды жасаймын. Бірақ екі қызым анда-санда үйге кеп тұрады, мен олардан бас тартпаймын» деген. Келісуге болар еді, бірақ оның талабы емес, мені шошытқан мойнындағы, көз айналасындағы әжімдері еді. Ол мен үшін кәрі боп көрінді. Одан басқа менен 6-9 жас үлкендері де кездескен. Ал мен өзіммен жасты жігітке тұрмысқа шыққым келді.

Ойымдағы жігіт жолығар, әлі жаспын ғой деп, жұмыспен алданып жүре бердім. Уақыт алға озған сайын мен төртеу, бесеу туған құрбыларыма қарап, «Неге туа береді? Оларды қалай асырамақшы» деп, таң қалатын болдым. Ал 30 жасқа келгенімде «Бір ұл, бір қыз жетеді» дейтінмін.

Сол кезде бір жігітпен кездесіп жүргенмін. Иә, баспанасы болмаса да достасып, сырласып жүрдім. Ол көп баласы болғанды қалайтын еді. Ал мен «Екеу-ақ туам» дейтінмін. Кімнің қанша баласы болатыны адамның емес, құдайдың қалауындағы іс екенін ол кезде қайдан білейін. Абайлап сөйлеу керектігін де ескермейміз.

Не керек, болашақтағы бала саны үшін ұрысып-керісіп қала беретінбіз. Сондай ұрыстың бірінде ол «Сенен жақсы әйел шықпайды» деді де кетіп қалды. Содан соң хабарласпады.

Жасым 31-ге келгенде өзімнен екі жас кіші жігітті сүйіп қалдым. Оның ешнәрсесі жоқ. Бірақ ессіз сүйдім. Сезімге ерік беріп, жүкті боп қалдым. «Үйленейікші» деп өзім ұсыныс айттым. Алайда жігіт үйленуге асықпайтынын айтып, сол кеткеннен мол кетті. Ашуланып барып, аборт жасаттым. Сол кезде дәрігер «Бұдан кейін балалы бола алмай қалуың мүмкін» деп талай рет ескертті. Ол тіпті кейбір қыздарда климакстың ерте басталатынын айтып та қорқытты. «Жасың кеп қапты, туып алсайшы» деп, бір балаға зар көптеген әйелдің өмірін мысал да етті. Тыңдамадым, райымнан қайтпадым. Қазір сол баланы туып алмағаныма өкінем.

Әрине, климаксым ерте басталады деп ойламадым ғой. 40 жасқа дейін тұрмысқа шығып, бір бала туып аламын, үлегеремін деп ойладым.

Жасым ұлғайған сайын күйеу, тұрмысқа шығу қызық болмай қалды да, басыма пана іздей бастадым. Баспана алуға әрекет жасадым. Алғашқы жарнасын құйып, ипотекаға бір бөлмелі пәтер алдым. Ал биыл несиеге жаңа автокөлік алып міндім. Құдайға шүкір, жалақым үйдің ипотекасына да, ай сайын көлігімнің несиесін төлеуге де жетеді. Қалаған киімімді сатып ала аламын. «Ешкімнен кем емеспін, 40 жасқа дейін күйеуім де, балам да болады» дейтінмін өз-өзіме. Бұл сөзіме сенімді едім. Бірақ...

Жеті ай болды айлық белгім келмеді. Жүкті емеспін. Дәрігерге тексерілдім. Айлық белгіні «шақыратын» дәрілерді іштім, жоқ. Ал жақында дәрігерім менің бойымдағы, мінезімдегі өзгерістерге қарап, «Климакс басталған» демесі бар ма? Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей, ұйқымнан ояндым. Иә, мен осы уақытқа дейін ұйықтап жүрген екенмін ғой.

Неге отыз жасқа дейін тұрмысқа шығып кетпегенмін? Тым болмаса неге бала туып алмағанмын? Пәтер мен көлігі бар күйеу іздеп бекерге жастық шағымды өткізіп алғаныма өкіріп жыладым. Бұл екеуі де қазір менде бар, бірақ бақыттымын ба? Жоқ!

Үлкендердің сөзін, ақылын тыңдау керек екен. Олар өмір көрген, тектен-тек ешнәрсе айтпайды екен ғой. Расында да, апа-әжелеріміз айтпақшы, бала ғана әйелді шын бақытқа бөлейтінін енді түсініп отырмын. Сондай-ақ айналамдағы таныс келіншектердің сыртынан «неге туа береді?» деген сөздерім үшін өкінем. «Екеу-ақ, жоқ бір бала жетеді» деген ойым үшін құдайдан кешірім сұраймын.

Ешкім алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сол сияқты қыз-келіншектердің ешқайсысы климаксы қай жаста басталатынын білмейді. Сондықтан қыздар отыз жасқа дейін тұрмысқа шығып та, бала туып та үлгеру керек. Әйтпесе, мен сияқты көз жасы көл болуы мүмкін. Қазір мен құр сүлдері жүрмін. Ешнәрсе қызық емес...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім тойға бармайды»: шымкенттік әйел не үшін ажырасайын деп жүргенін айтты


«Сол күнгі түнді видеоға түсіріп алып, қорқытып жүр»: қызылордалық азаматтың басы пәлеге қалды