​«Әйелім анам сияқты боп кетті»: шымкенттік еркек өзіне күтім жасамайтын әйелдерге ақыл айтты

0
2 804

«Тек ақыл айтып, мені банкомат ретінде көре ме, бірдеңе... Романтикамның быт-шытын шығарды»


​«Әйелім анам сияқты боп кетті»: шымкенттік еркек өзіне күтім жасамайтын әйелдерге ақыл айтты
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Ашығын айтар болсақ, еркектердің бәрі болмаса да, үштен екі бөлігі әйелдерінің көшіне шөп салады екен. Жоқ дегенде сыртқа көзін сүзіп, айналасындағы қыз-келіншектерге ойы кетеді. Мұны өзім еркек болған соң, қала берді айналамдағы жігіттердің іс-әрекеттерінен байқағанымды айтып отырмын», - дейді шымкенттік М. мырза.


ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды толық баяндап берген кейіпкер бұл жағдайдан өзгелер сабақ алса екен дейді.


«Менің де үйленгеніме он бес жыл болды. Алла бізге төрт перзент сыйлады. Отбасылық өміріміз әйтеуір өз ырғағымен өтіп жатыр. Он бес жылда баспаналы болдық, кейін оны кеңейттік, көлік жаңарттық, қызметіміз де сатылап өсіп жатыр. Шындығында мұның бәрі уақыттың ағымымен бола беретін нәрсе ғой. Ол еркекке анау айтқандай рахат сезім бере алмайды. Еркекке керегі үйдегі жайлылық және сұлулық. Осы нәрсе менде жоқ.


Сырт көзге керемет отбасы болып көрінгенімізбен, жұбайлық өмірде бақытсыз адаммын. Ерлі-зайыптылардың арасында сыйластықпен қоса екеуара құпия, жыныстық қатынас түсіністігі, бір-біріне деген ынтызарлық болмаса, онда қызметің де, көлігің де, атақ-мансабың да қызық болмайды екен. Себебі кешке үйге қайтуға құштарлық жоқ. Құр сүлдерің сүйретіліп жүргенің сол.


Бәлкім кейбіреулер осы мақаладан кейін маған қарсы пікір айтып, «еріккен еркек» дейтін шығар. Алайда шындықтың бетіне тура қарау керек. Қазақ әйелдерінің көбі өзін сыйламайды, сыйлата білмейді. Басына орамал салған күннен бастап тіршіліктің қамытын қоса киіп алғандай қиналып өмір сүреді. Қыз күніндегі сүйкімділігі, еркелігі, тартымдылығын таппай, орман кезіп кетуге болады.


Мысалы, мен үйленгенімізге бір жыл толған соң бұрынғы сүйіктімді таппай қалдым. Бір бала тапты да, өз-өзіне қарауды қойды. «Емізулімін, тамақ ішпесем сүтім шықпай қалады» деп дастарханда тұрғанның бәрін аузына тыға берді. Нәтижесінде он келі салмақ қосып алды. Баяғы қыпша бел жоқ, сымбаты бұзылды. Онысын өзіне жұқалап ескертпек болдым. «Бала туу оңай дейсің бе, сен-ақ еріге бермеші, өзіме қарауға уақытым жоқ» деп жауап берді.


Бала деген онсыз да өсіп жатқан бала ғой, арасында ата-анамызға тастап, жаттығу залдарына барып келуге, айына бір мәрте сұлулық салонына кіріп, сырт келбетін реттеп алуға толық мүмкіндігі бар. Ақшадан да қысқан емеспін. Бірақ ол берген ақшамды өзінен аяп қалады. «Үйдің жанындағы дүкенге кіріп едім, балаларға неше түрлі киімдер келіпті, қызығып кетіп, соларға жаратып жібердім» деп тұрады.


Бір күні шыдай алмадым, «шашыңды орамалдың астына жасыра бермей, әдемілеп қысқартып алсаңшы» дедім. Аяғы ауыр кезде шашын қимай, ешқандай пішіні жоқ, бір уыс жүндей өсіп кеткен-тұғын. Әйелім шындықты мойындаудың орнына тағы ренжіп, ақыры ұрыспен аяқталды.


Болмаған соң бар шаруаны өз қолыма алайын деп шештім. Жұмыстан келе жатып гүл алдым, әйеліме хабарласып, «киініп, дайындалып тұр, кешкі асты оңаша ішейік» дедім. Гүлімді құшақтап үйге жетіп келсем, «Мынанша макаронды бекерге ысырап етіп төгеміз бе, үйде, балалармен тамақтанайық. Ал мына гүлді неге алдың, удай ақша тұратын шығар. Одан да памперс әкелмедің бе, бітіп қалып еді» деп романтикамның быт-шытын шығарды.


Осы жағдайдан кейін қолды бір сілтедім. Көп ұзамай өмірімде көңілдес те пайда болды. Әйелімнің сырт келбеті, төсек қатынасындағы салқынқандылығы осы жағдайға итермелегендей болды. Қазір онымен тұрақты қарым-қатынастамыз. Оның басы бос, ақшасы жеткілікті. Бар уақытын өзіне арнайды. Мен барғанда шын ықыласымен күтіп алады. Әзірге осы өмірімді өзгерткім келмейді.


Адам бір затқа сүйсініп қарау үшін де, кішкене көз тартарлық нәрсе болуы керек қой. Бірге тұрып жатқан адамыңмен кешке ыстық шәйді бірге ішіп, кешке төсекте асыға көрісетіндей болғанының несі жаман?! Үйленбей тұрғанда осындай нәрселерді талай рет ойлап, қиялдайтынмын. Қазір сол сәтті еске алып күлемін де қоямын. Әйелім менің екінші анам сияқты, тек ақыл айтып, мені банкомат ретінде көре ме, бірдеңе. Жылы сөзі жоқ, еркектік міндетімді де талап етпейді.


Он бес жылда мынандаймыз, ары қарай 20-30 жыл әйеліммен қалай өмір сүремін деп әзірден қиналып отырмын. Бірақ ажырасу, балаларды тастап кету деген ойыма кіріп шықпапты. Тек барды ұқсатып, сүйікті жар бола білмеген әйеліме ренжулімін.


Менің отбасылық өмірімді оқып отырған басқа да қыз-келіншектер ой түйсе, еркекке тек тамақ емес, оның ашық қабағы, ыстық құшағы, тартымды келбеті керек. Бала таптым екен деп былшиып семіріп алған да ақылға қонымсыз. Кішкене өздеріңізге қарап, күйеулеріңізден сый-құрмет талап етіп жүріңіздер. Бұл ойыммен ер-азаматтар келіседі деген ойдамын».


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Енем атамды менен қызғанды»: өсектің кесірінен отбасы ойран болған әйел көпшілікпен ой бөлісті


«Нағашыма тиіп алды»: алматылық келіншектің туған әпкесіне деген өкпесі қара қазандай