"​Әйелім тоқал ал деп қинап жатыр": шымкенттік азамат екі оттың ортасында қалғанын айтты

0
3 456

"Тоқал ал" дегенді естіген еркек қайта қуанар деп ойлайтын да шығарсыздар..."


"Жалған өмірден ұрпақсыз өтемін бе?" деген ой мені қатты мазалап жүргенін айтқан шымқалалық Үсен есімді азамат ERNUR.KZ тілшісіне әрі-сәрі күйде не істерін білмей жүргенін әңгімелеп, мұңын шақты.


- Әйелім екеуміздің отасқанымызға он үш жыл болды. Бірақ, біз бір перзентке зар боп жүрміз. Өзінің денсаулығында кінәраттың барын біліп, маған «тоқал ал» деп маза бермейді. Тоқал ал дегенді естіген еркек, қайта қуанар деп ойлайтын да шығарсыздар. Бірақ бұл мен үшін өте ауыр тақырып болып тұр. Менің болмысым оған мүлдем қарсы. Себебі, мен бір адамды сүйіп, тек сол адаммен ғана өмір сүргім келеді.


Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап баяндап берейін. Әйелім екеуміз бір ауылда тай-құлындай тебісіп өстік. Бала кезден бері қол ұстасып жүрдік. Балалық махаббатымыз өсе келе, шынайы сүйіспеншілікке ұласты. Әйелім менен екі жас кіші. Мектеп қабырғасында қол ұстасып жүргенімізді көріп «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» деп бізге тамсана әрі қызыға қарайтын. Әйелім мектеп қабырғасын бітірген күні-ақ мен оны алып қашып кеттім.

Қарлығашқа сырт көзбен қараған жігіттердің көбісі ғашық болатын. Басқаға қайдам, бірақ мен үшін одан өткен сұлу жоқ-тұғын. Қазір де солай, сүйіктімді ешкімге айырбастай алмаймын. Екеуміз бір адам секілдіміз. Әйелімнің мінезі өте жайлы. Түрінен де, тірлігінен де, мінезінен де мін таппайсың. Менің ғана емес бүкіл әулеттің, ағайын-туғанның бабын тауып жүрген жан. Екеуміздің отасқан осы он үш жылдың ішінде мен оған бір рет те қол көтеріп көрмеппін. Не болмаса әйелім төркіне кетіп те қалған емес. Екеуміз қол ұстасып қос аққудай өмір кешіп келеміз. Айналымыздағы жақындарымыз, көршілеріміздің бәрі де бізге қызыға қарайды.

Алла Тағала бақытты бір жағынан береді деген рас сияқты. Осыншалықты бақытты бола тұра бақытсызбыз. Бізде перзент жоқ.


Құдай беріп жатыр, бірақ бес-алты айдан соң түсік тастайды. Мұндай жағдай оншақты рет қайталанды. Ол әйелімнің денсаулығына кері әсер етіп, жатырындағы бір түтікті алдырып тастады. Одан кейін ЭКО дегенге де төрт рет жүгініп, бар тапқан-таянғанымызды соған жұмсадық. Бірақ еш нәтиже болмады.

Бармаған тәуіп, емші, әулие-әмбие қалған жоқ. Көкпарды да бердік. Қысқасы, осыншама сынақты бастан өткергесін, әрі өзінің маған перзент сыйлай алмайтынын түсінген әйелім «екінші әйел ал» деп қоймай жатыр. Бірақ менің екінші мәрте үйленгім келмейді.


Әке-шешем де осыны айтып, құлақ етімді жеп бітті. Ауылға қыдырып бара қалсақ бітті, «жасың қырыққа таяп қалды, бір жағына шық, ұрпақсыз өту өмір сүрмеумен тең» деп айта береді. Олардың да мұны мені уайымдағаннан айтатынын түсінемін. Екі оттың ортасында қалғандаймын. Ойым сан-саққа жүгіреді. Қандай шешім қабылдарымды білмей дал болып жүрмін.


Әйеліміз екеуміздің үйленгенімізге бес жыл болғанда қайнымның қызын ырымдап біздің бауырымызға салып берген. Қазір қызымыз екінші сыныпта оқиды. Әйеліміз екеуміз де қызымызға қатты бауыр басып қалдық. Бірақ, құжат бойынша ол біздің қызымыз емес. Ертең өсіп бой жеткен кезде бар шындықты білсе, бізді тастап өзінің әке-шешісіне кетіп қалама деп те қорқамыз. Мүмкін әйелімді де осы ойлар мазалайтын болар. Сол себепті де өзінің үстінен екінші әйел алуға келісіп отырған шығар.

Бала кезден бір-бірімізді сүйіп өліп-өштік. Бір-бірімізге «қандай қиындық болса да тастамаймыз» деп серт те бердік. Енді басыма мынандай қиындық түсті деп әйелімді қалай тастап кетпекпін. «Әйелім маған тоқал алуыға рұқсат берді» деп, дереу біреуді үйге сүйреп алып келсем, ол қандай күйде болады? Сырт көзге білдірмегенімен де іштей қан жылайтыны анық енді.


Егер ұрпақ өрбітуге мен жарамсыз болсам әйелім мені еш уақытта тастамас еді. Екінші күйеуге де шықпасы белгілі. Менің көңілімді аулап, жанымнан бір елі ажырамас еді. Осындай қадамға баратын әйелімді мен қалай басқа адамға алмастырамын?..


Керек десеңіз әңгіме үстінде әйелім «егер екінші әйел алмайтын болсаң, маған білдірмей біреумен жүріп сәбилі бол. Мен оған да қарсы емеспін» деп те айтады. Неге екені белгісіз осы жарты жылдың ішінде әйелім маған бала туып беретін әйел іздеп әлек болып жүр. Тіпті болмаса суррогат анаға жүгінеміз деп жатыр.


Менімен қатар жігіттердің бәрі үш-төрт балалы болып, сүндет той өткізіп, мәре-сәре болып жатыр. Олардың тойына барған сайын әйелім екеуміздің көңіліміз құлазиды. Мұны көрген достарым да «қимасаң, екінші рет үйлен де, екеуінің ортасында жүре бер» деп ақыл айтады. Бірақ мен екінші мәрте дәл осылай ғашық бола алмайтынымды, және баламның кім көрінгеннен туылғанын қаламаймын. Сосын ол әйелдің мінезі қандай болып шығады, сүйікті жарыммен қарым-қатынасы қандай болады, осы жағын ойласам, тұңғиыққа батып кетемін.


Осылай деген Үсен көпшіліктен ақыл сұрайды. Екеуін екі бөлек үй ете салатын жағдайының да анау айтқандай мәз емес екенін, екі бөлмелі пәтеріне екінші әйелді қалай әкелетінін ойлап басы қатып жүргенін айтады ол...