«Әйелімнен қорқамын»: алматылық азамат себебін айтты

0
3 781

Екі рет үйленген еркек жастарға сабақ боларлық өмірін баяндады. Оқыңыз, ойланыңыз!


«Әйелімнен қорқамын»: алматылық азамат себебін айтты

Бүгінде «понт, понты» деген сөзді естіп жүрген шығарсыз. Қарызы көп болса да соңғы үлгідегі айфон телефонын кредитке алуды «понт үшін» дейді. Қысқаша айтқанда, мақтану үшін өмір сүру. Сіз де «понт» үшін өмір сүріп жүрген жоқсыз ба?


«Понт» үшін өмір сүретіндер өмірдің құндылықтарын түсінбейді. Олар барын да, бағын да бағалай алмайды. Өкініштісі, мақтанануды ойлап жүргенде өзіне қажет, ең қымбат құндылықтарынан айырылып қалғанын аңғармайды. Ең жаманы, адасады, шатасады.

Бұған алматылық Жәнібек есімді азаматтың өмірі мысал бола алады. Ол «Понт үшін жүрген адам басына бақтың қонғанын білмейді, оны тек ұшырып алғанда ғана біледі. Мен соның бірімін» дейді өкініп.


Жәнібек өмірін қазіргі мақтаншақ жастарға сабақ болса екен деп, ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді. Ер-азаматтарға ой салатын оқиғасында Жәнібек былай дейді:

«Қазір ойлап отырсам, мен ақымақ болған екенмін. Не нәрсенің де ең қымбаты, әдемісі менде болуы керек деп, қаншама жылымның қалай зырлап өтіп кеткенін білмей қалдым. Әкемнің шамасы келмесе де мені ең мықты оқу орнына түсіріңіз деп, қинағаныма да қазір өкінем.

Мен ол кезде ата-анамның жағдайын ойламадым. Тек жұрттар естігенде қызығу керек, көргенде тамсануы қажет. Өзгелер таңдай қаққанда, жақын адамдарым қынжылған екен ғой. Мен құр мақтан қуып жүргенде, ата-анам қиналыпты. Ал орта жасқа келгенде енді өзім күрсініп отырмын. Абай атамыз мақтаншақтық – өсек, өтірік сияқты ешкімге опа бермейді.

Сыныптастарымнан бұрын үйленіп, достарымның арасында ең бірінші «әке» деген статусқа ие болуға асыққаным да – мақтангерліктен еді. «О-о, Жәнібектің қайынжұрты мықты екен» деген сөзді есту үшін мен ауылымыздағы дәулетті отбасының қызына үйленуді жоспарладым. Бағыма орай, қыз менің тәтті сөздеріме еріп сала берді. Негізі сол кезде құдайым мені қолдап, тағдыр айдап маған қажет адамды жолықтырған екен. Бірақ мен тек «байдың қызына үйлендім» деп мақтану үшін онымен бас қосқан едім.

Обалы не керек, Балжан тәрбиелі, көргенді еді. Көркі де ешкімнен кем емес, тек еркелігі бар. Қайынатам қаладан екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Дәулетті қайынжұртымның арқасында жақсы жерге жұмысқа тұрдым. Сыныптастарымнан бұрын көлік мінуім керек деп табысымды топтап жүргенде, жетпегенін қайынағам қосып, темір тұлпарды тізгіндедім. Расында сол кезде достарымның алды болдым. Келіншегім ұл босанып, ұлан-асыр той жасадық. Алайда мақтаншақ мен осындай құндылықтардың бағасын білмедім. Әйелімді, қайынжұртымды мақтауды білмей, басқаларға ас та төк өміріммен мақтанғаныма мәз боп жүре беріппін. Тағы да мақтану үшін не істесем болады деп, достарымда жоқ нәрселерге ұмтылдым. Әрине жақсыға ұмтылсам жарасар еді, ал мен мақтанудың басқа жолдарын іздеп жүріп адастым.

фото: abeandlouies.com


Қыдырымпаз да емес, өсек-аяңмен шаруасы жоқ әйелімді бағалай алмай, басқа қызық іздегенім – адасқандық емей немене?! Көрсеқызарлық, келте ойлау, өзгемен өзін салыстырып, жарысып әурелену менің келіншегіме жат қылық еді. Керісінше мен жасым 45-ке келгенше сондай болдым.


Үлкен мекемеде жұмыс істеп жүргенімде өзімді бастығыммен салыстыратын болдым. Бастығым хатшы қызбен әуейі боп жүргенде, «Неге маған да көңілдес таппасқа?! Бастығымнан көркім асып жатпаса кем емеспін» деп, желіктім. Тағы бір досым әйеліне білдірмей бір келіншекпен жүргенін мақтанып айтып беретін. Мен одан қалғым келмеді.

Жұмыстан соң көшеде кезіккен қыздармен танысып, сол күні-ақ достарыма көрсетуге асығатынмын. Әр отырысқа бір қызды ертіп бару мен үшін мақтаныш болды. Шынымды айтсам, ол қыздармен ешқандай байланысым жоқ, жай достарым менің өміріме, жүрісіме қызықсын деген оймен ертетінмін.

Бірақ сөйтіп жүргенімде бір қызға арбалып қалдым. Ол менің қызметімді, көлігімді, жүрісімді көріп бақуатты деп ойласа керек, әйеліммен ажырастыруға барын салды. Менен жүкті болды.

Ақыры әйелім екеумізді ажырастырып тынды. Ол мендегінің бәрі қайынжұртымдыкі екенін ажырасқанда үй-күйсіз қалғанымда ғана білді. Жүкті болғандықтан ба, әлде ол да мені сол кезде сүйді ме, ешнәрсем жоқ болса да тұрмысқа шықты.


Екінші рет үйлендім. Көркемнен айырылып қалмау үшін жалақысы жақсы жұмысымды жоғалтпауға күш салдым. Табысым жап-жақсы, бірақ Көркеммен бірге тұрып жатқаныма тоғыз жыл уақыт болса да мен пәлен нәрсеге қол жеткіздім деп айта алмаймын. Тапқаным әйелімнің киіміне, қыдыруына кетеді. Құрбыларымен отырысы, кездесуі таусылмайды. Сымбатын сақтау үшін фитнес-клубқа барады. Әсем көріну үшін өзінен ешнәрсе аямайды. Кейде ақшадан сәл қысылып қалатын кез болады. Ондайда «Әйеліңнің сұлу боп жүргенін қаласаң, қайдан болса да ақша табуың керек. Асырай алмасаң, оны айт. Жағдайымды жасай алатын еркек табылады» дейді. Ол мені осылай қорқытады. Оны қасыма ертіп жүргенде кеудемді мақтаныш кернейтінін ол жақсы біледі.


Рас, бастапқыда «Қараңдаршы, бұндай сұлу әйел менде ғана бар» дегендей оны жанымнан тастамайтынмын. Достарым әйеліме елжірей қараса, мәз болатынмын. Ал қазір Көркем қоңырау шалса зығырданым қайнайды.


Өйткені ол менің жұмысқа бар көңілімді арнауыма кедергі келтіре береді. Дүкенге барса да қасында жүруім керек, салонға барып шаш қидыртқаны да міндет, оны көлікпен ары-бері алып жүруім қажет. Менің де шаршайтынымды, жұмыстан соң тынығуды қалайтынымды ойламайды. Ешнәрсеге көңілі толмайды. Көңілімді де, табысымды, уақытымды оған арнасам да ол үшін бұның бәрі аз. Бәрінен де айтқанын орындамай қойсам, дегені болмай қалса менен жақсысын тауып алатынын айтып қорқытатыны ашуландырады. Ол өзінің сұлулығына, сымбатына сенеді. Әрине балалы болса да үйленбеген жігітті өзіне қарата алатынына мен де сенем. Бірақ мен екінші рет ажырасқым келмейді. Сондықтан да некемді сақтап қалуға тырысып жүрмін. Оның үстіне жас та емеспін. Дегенмен кейде оның сөздері, ұрыс-керісі мені шаршатып жібереді.

Менімен ренжісіп қалса отырыстарда әдейі достарыммен құшақтасып билейді, нәзік жүріс-тұрысымен басқа еркектерді елітуге тырысады. Мұнысы менен әп-сәтте айрылып қалуың мүмкін дегенді ұқтырғысы келгені.

«Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» ғой. Соңғы кезде Көркемге жора-жолдастарымның көзқарасы өзгерген. Егер мен болмасам, Көркем ыңғай танытудан, достарым пайдаланып қалудан арланбайтын сияқты.

Көркемнің өзге еркекке елжірей қарайтыны, айналасындағы еркектің бәрін өзіне еліктіру үшін тербеле жүретіні соңғы уақытта зығырданымды қайнататын болған. Тіпті оның кейбірі қылықтары шошытады. Нақтырақ айтқанда түрлі ойға еріп шошынамын. Көркемді отырыстарда өзгелердің ортасында қалдырып, сыртқа темекі шегуге шыққанда да уайымдап тұрамын.

фото: i.mycdn.me

Көркемнің осы бір қылықтары бір күні түбіме жете ме деп қорқамын. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ «жаман айтпай жақсы жоқ» демей ме, достарымның бірімен Керкем жақын қарым-қатынасқа барса ше? Онда мен өз көрімді өзім қазып, ұяттан жерге кіруге асығатын шығармын.

Кейде «Мен аңғармай жүрген шығармын, кім біледі... Сонда ол досым үстімнен күліп, мазақ етіп жүр ме?» деген ойдың орына жығыла жаздаймын. Иә, қазір менен маза қашқан. Әйеліме деген сенімім жоқ. Ал еркек үшін бұдан асқан азап жоқ екен. Кезінде сұлу әйелімді ертіп жүргенге мақтансам, қазір қорқам. Мақтан қуам деп өзіме-өзім тозақ орнатып алғандаймын.

Несін жасырайын, бірінші әйелімнің қадірін енді ғана түсініп жатырмын. Онымен бірге тұрғанда ешнәрседен күдіктенбейтінмін, жаным тыныш еді. Ал, қазір ше? Өзімдегі күмәнді ойға жетеленген мазасыздықпен етіп жатқан күн мен түңдердегі жанымның азабын түсіндіру қиынның қиыны. Бұл қиындықты мен өзім жасағанмын. Енді жазасын да өзім тартып жатырмын.

Адамда ес болмаса қиын екен. Көркем өзгенің үстіндегіге қызығып, оны әпермейінше тырысып-қырсығып мінез көрсетеді. Шүберектің тозып әр жерде қалатынын, өмірдің озып бара жатқанын, албіздің әлі пәтер жалдап тұратынымыз, баспанаға ақша жинау керектігін түсінгісі келмейді. Әр алған жаңа киімін құрбыларына көрсетуге асығып тұрады. Құрбыларын қызықтыруды, «Біз мынандай мейрамханаларға бардық, біз мына жерлерге бардық» деп мақтануды ғана ойлайды. Мақтангершілікпен жасымыз орта белден асса да әлі баспанаға қол жеткізе алмай жүргенімізді айтып ұқтыра алмай-ақ қойдым. Арамызда тіпті сүйіспеншіліктің сөніп бара жатқанын, үйде керісіп, сыртта жарасымды жұптай қолтықтасып жүргенімізден не пайда? Ол кім үшін?

Оның ақымақтығына қарап отырып, өзімді көргендей болам. Бұрын мен де сондай мақтаншақ болғанмын. Бірақ одан ешнәрсе ұтпадым, тек ұтылдым. Ең үлкен ұтылысым – бірінші отбасымнан ажырағаным. Егер мақтан қумағанда ажыраспас бұрын ертеңімді, қартайған шағымда кіммен қалатынымды, ол кезде өмірім қандай боларын елестетіп көрер едім-ау! Әттең-әттең, ақыл маған кеш кірді...»

Өкінішін айтқан Жәнібек өзінің бұрынғы мақтангерлікпен өткен, қазіргі әйелінің мақтану үшін өтіп жатқан өмірінен жастардың жиренгенін қалайды. Рас, «понт» үшін жүргендер соңында өкінеді. Келісесіз бе, оқырман?



Ұқсас оқиғалар:


«Ақша өзінен-өзі келе бастады»: Елордалық келіншек кедейліктен қалай құтылғанын айтты


«Құдалыққа «Ақ тоғыз» апарамыз»: Шымкенттік келіншек тағы бір «жаңалықтың шыққанын» айтып берді