​«Әйелімнің тамақты тойып ішкенін көрсем арманым жоқ»: қызылордалық азамат көпшіліктен ақыл-кеңес сұрайды

0
2 341

«Депрессиядан шығуға жәрдем беретін мықты маман іздеймін»


​«Әйелімнің тамақты тойып ішкенін көрсем арманым жоқ»: қызылордалық азамат көпшіліктен ақыл-кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыз баласына бөтен жерге келін боп барып, сол әулетке сіңісу қаншалықты қиын болса, ер-жігітке де бір қызды жар етіп, ата-анасы мен әйелінің көңілін тең ұстау соншалықты қиын екен», - дейді Нұрғиса есімді азамат.


Қызылорда облысының тумасы ERNUR.KZ редакциясына жолдаған хатын осылай деп бастапты.


«Жиырма үш жасымда өзімнен үш жас кіші қызды қатты сүйіп, ұнатып, үйлендім. Ол Түркістанның тумасы. Оқып жүріп таныстық. Ата-анам құда түсіп барып, ырғап-жырғап бас қостық. Басында бәрі жақсы еді. Қазір екі оттың ортасында қалғандай қиналып жүрмін.


Отау құрғанымызға алты жылдан асты. Әлі баламыз жоқ. Осы нәрсе менің ата-анамды қатты алаңдатып жүр. Қазір үйге барғым келмейді, дастархан басына жиналсақ бітті, әйелім әңгімеге арқау болады. Қатты айтып тастайын десем, үлкен кісілердің көңіліне қараймын. Үндемей жүре берейін десем әйелім күннен күнге «өшіп» барады.


Гүлім келе сала жүкті болған. Бірақ үш айлығында тастап қойды. Токсикоз деген нәрсе Гүлімді әбден шаршып жіберді. Тамақ іше алмай, бүк түсіп жатып қалатын. Соның әсерінен болды-ау, баламыздан айырылғанымыз. Ол кезде менің мамам Гүлімді жақсы көретін. Жұбатып, өзі қарап, емдетіп, зыр жүгірді. «Бастарың жас қой, әлі-ақ бәрі жақсы боп кетеді» деп әйелімнің қам көңілін басуға тырысатын.


Бір жылдан кейін қайтадан көтерді. Бірақ осы жолы да токсикоз деген бәле қайта алып тынды. «Не жейсің, қалауыңды айтшы, бәрін әкеп берем» деп сұраймын. Ұнатқан нәрсесін жейді де, артынша құсып, ит-әлекке түседі. Ақырында су да іше алмай, жатып қалды. Ашқұрсақ адамның денсаулығы оңсын ба, бір аптада екі бүйрегі ауырып, қозғала алмай қалды. Дереу дәрігер шақыртып, ауруханаға апарып едік, ертеңіне комаға түсті деген хабар алдық.


Гүлімнің жағдайын естіген қайын жұрт Түркістаннан жетіп келді. Енем келе сала мамама бас салсын. «Қызымызды сіздерге сеніп тапсырдық қой, неге қаратпадыңыздар? Біріншісінен айырылғанын білесіздер, екіншісінде емдемедіңіздер ме? Осыдан бірдеңе болсыншы...» деп ауыр сөздер айтып, екі жақ ренжісіп қалды. Ашумен мамам да «Қыздарың тым әлжуаз, түріне қарамай тамақты таңдап жейтін кірпияз екен. Жемесе аузына тығам ба? Бәріміз де бала туғанбыз, токсикоздың көкесін көрдік, содан өліп қалған жеріміз жоқ» деп айқай салды.


Қойшы, не керек, он күн дегенде Гүлім есін жиды. Бірақ бала ішінде өліп қалғасын, алып тастауға тура келді. «Ағзасы әбден әлсіреп қалған, біраз уақыт жансақтау бөлімінде жатады» деп дәрігерлер ескертті. Айтқандай-ақ Гүлім екі ай жүруге шамасы болмай ауруханада жатты. Үйге шыққасын да тірлік істеуге шамасы жоқ, тағы үш ай төсектен тұра алмай қалды.


Мамамның Гүлімге деген көңілі бұрынғыдай емес, әлде үй шаруасынан шаршады ма, «мә, әйеліңе шай апарып бер» деп мені жұмсайды. Жағдайын сұрамайды. Араларының суып бара жатқанын байқадым. Бұл жағдай Гүлімге де қатты әсер етті-ау. Жұмыстан келсем екі көзі ісіп қарсы алады. Басында ештеңені ашып айтпайтын, келе-келе «мен сені бақытсыз еттім» деп солқылдап жылайтынды шығарды.


Күйеуі боп барынша жұбатуға тырысып жүрмін. Бірақ қолымнан келер емес. Баяғы аппақ, аршыған жұмыртқадай Гүлімімнен жұрнақ та қалған жоқ. Азып, тозып кетті. Тамақ ішуден қалған. Салмағы күн санап азайып барады. Депрессияға түсті ме, әлде комаға түскені, екі баладан айырылғаны әсер етті ме, қазір етеккірі де тоқтап қалған.


Соңғы күндері «Мені Түркістанға апарып таста, өзің басқа біреуге үйленіп, балалы болуды ойла» дегенді жиі айтатын болды. Бірақ сүйіп үйленгесін Гүлімімді жылатып, төркініне апарып тастауға дәтім жібермейді. Ажырасу, оның обалына қалу маған да оңай емес. Әйелімді емдету үшін бірталай дәрігерге көрсеттім. Психологтарға да апардым. Бірақ еш нәтижесі жоқ. «Өзінде ықылас жоқ» деп шығарып салады.


Осылай жүргенімізге бір жылдан асты. Бұрын әйелім екеуміздің мәселемізге тек мамам араласатын. Енді әкем қосылды. «Балам, басың жас кезде ажырас та, басқасына үйлен. Қартайғанда өкінесің. Тумайтын әйелдің керегі жоқ. Дені сау қыз алайық» деп қоятын емес. Балалы болмай жүргеніміз менің де жаныма батады. Бірақ солай екен деп сүйгенімнен қалай ажырай саламын?


Құдай берген сынақты соңына дейін көтеруге бел буып отырмын. Ажырасатын ниетім жоқ. Алла жазса балалы болатынымызға сенем. Тек маған көпшіліктің ақылы, кеңесі керек боп тұр. Әйелімді баяғы қалпына келтірудің амалдары бар ма? Тәбетін ашатын, бетіне қан жүгіртетін дәрі-дәрмек болса, немесе депрессиядан шығуына жәрдем беретін жақсы дәрігер болса, қаратар едім. Оның бір кесе тамақты терлеп-тепшіп ішіп алуы үшін барымды беруге дайынмын...»