​«Әйелімнің түбіне телефон жетті»: өз-өзіне қол салған келіншектің күйеуі ер-азаматтарға ақылын айтты

0
3 086

«Осы үйге кірсем еңсем түсіп кетеді, шайтан бар» дейтін еді...»


​«Әйелімнің түбіне телефон жетті»: өз-өзіне қол салған келіншектің күйеуі ер-азаматтарға ақылын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйел еркексіз өмір сүріп кетуі мүмкін, ал еркек әйелсіз күн көре алмайды екен. Үш баламмен жалғыз өмір сүріп жатқаныма биыл үшінші жыл. Ата-анам, бауырларым жәрдемдеседі ғой, дегенмен балаларға ана керек екен. Құрығыр жетіспеушілік отбасымды ойрандап кетті», - дейді Асхат есімді тараздық азамат.


Сүйіп қосылған әйелінен кКовид ауруы өршіп, елде карантин орын алған кезде айырылып қалған оқырманымыз сол күнгі оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Гүлжан екеуміз сегіз жыл отастық. Екеумізді менің туыс жеңгем таныстырған. Әйелім оның төркін жағынан, көрші тұратын. «Саған осындай пысық қыз керек» деп кездесуге өзі ертіп апарып, үйленіп, үй болып кетуімізге себепші болған жеңгем еді. Тағдырыма ризамын, жұбайлық өміріміздің аз ғана бөлігінде тату-тәтті өмір сүрдік. Енді, анда-санда қу жетіспеушілік, тұрмыстың тауқыметімен келіспеушіліктер болып тұратын. Соған қарамастан Гүлжан екеуміздің сезіміміз суыған емес. Сөйте тұра неге өмірін қиғанын әлі түсінбеймін.


Бәрін басынан бастап айтып берейін. Екі балалы болғасын ата-анам жер телімін сатып әперіп, соған үш бөлмелі шағын үй салып, еншімізді алып шықтық. Тұратын жеріміз қаланың шет жағы еді, мен вахтада істеймін, жолдың алыстығы білінбейтін. Ал әйелім мектепте мұғалім, күн сайын қалаға қатынауға қиналатын. Әркез маған «мына үйді сатайықшы, қалаға тым алыс. Оның үстіне бітіретін шаруасы көп, оның бәріне қаражатты қайдан аламыз» деп шағынатын. Тіпті бір-екі мәрте «маған мына үйдің аурасы ұнамайды, кірсем болды еңсем түсіп, езіліп кетем» деп айтқан. Қазір ойлап отырсам, жын иектеген жер ме деп қалам...


Карантин басталға уақытта біздің жұмыс тоқтады. Үйде жатқан еркекте қадір бар ма, табыс жоқ, сәйкесінше ішіп-жемнен қысыла бастадық. Елдің алып жатқан 42500 теңгесін таптым да, тырп етпей отырып қалдым. Таксовать етуге де рұқсат бермей қойған заман еді ғой өзі. Сол кезде Гүлжан екеуміз жиі ренжісіп қалып жүрдік. Олардың да жұмысы онлайнға ауысқан. Таңертеңнен кешке дейін телефонға телміріп, оқушыларына сабақ береді. Одан қалса үлкен екі ұлдың сабағы бар, жүйкесіне әбден салмақ түсті-ау деймін.


Оқиға болатын күні күн суық еді. Әдеттегідей мен шай-пайымды ішіп, теледидар көріп жатқам. Үлкен ұлым «маған телефон керек, қазір сабақ басталады» деп қыңқылдай бастады. «Телефон маған да керек, өзімнің сабағым басталып жатыр, бар, әкеңнен сұра» деп дікілдеді. «Менде мегабайт жоқ, қалай оқиды, бере тұрсайшы тапсырмасын тез-тез жібере салсын» деп әйеліме айқайладым. Ұрыс осыдан басталды.


«Осы сен қашан жарисың? Қашан көрсем жоқты айтасың, не деген бітпейтін жоқшылық бұл?! Баланың сабағы маған ғана керек пе, тұрып, әке боп неге қадағаламайсың?» деп біраз нәрсе айтты. Негізі мен көп көтеріле бермеймін, әйелімнің сол күнгі ұрысын да кезекті бір айқайға теңедім де, былқ етпей жата бердім. Мән бермегенім бекер екен. Аузы жыбырлап, біразға дейін ашуы тарқамаған әйелім бір кезде жеңіл киіммен сыртқа шығып кетті.

Әжетханамыз сыртта-тұғын, соған кеткен шығар деп жата бердім. Сөйтсем көзім ілініп кетіпті. Бір кезде үлкен балам жүгіріп келді, «папаааа, папа, мамам әжетханада асылып қалды» деп. Гүлжаным, өмірге құштар сүйіктім, кісі баласына қылдай қиянаты жоқ жан жарым әжетханаға барған да, басындағы аппақ орамалын байлап, асылып қала салыпты... Сол күнгі көрініс көзімнің алдында сақталып қалған, Гүлжан есіме түссе денем тітіркеніп кетеді.


Шешесі сыртқа кеткесін көп ұзамай балам да әжетханаға шыққан ғой. Барса есік ішінен кілттенбепті. Есікті ашып қалғанда Гүлжанның жансыз денесін көрген ғой. Қолында шешесінің телефоны бар, сасқанынан атасына хабарласқан ғой. «Ата, мамам туалетте асылып тұр» деп. Әкем суыт хабардан шошып «үйде әкең бар ма, дереу барып айт» депті. Мені оятқанда бәрі кеш еді. Денесі суып үлгерген, құтқарып қала алмадық.


Қайынжұртым менен теріс айналды. «Еркек боп балаңа бір телефон әпере алмасаң неғып жүрсің? Қызымыз байғұс бәрін ішіне жұтқан екен, осы жағдайға жеткізген сенсің» деп қайынәпкелерім, енем біраз уақыт сөйлеп жүрді. Ал менің ағайындарым «Не деген көкірек келін, бір телефон үшін осылай өз өмірін қия сала ма? Оныкі - көкбеттік» деп жамандап жатты. Ал меніңше мәселе телефонда емес, басқада сияқты.


Гүлжанның «Осы үйге келсем еңсем түсіп, езіліп кетем» дегені есімнен кетпейді. «Көшейікші» деп жалынып еді ғой. Қазір ойлап отырсам өлер алдында біртүрлі өзгеріп жүрген. Ол кезде өледі деп ешкім ойламайды ғой, соңынан ойланып көрсең, өлетінін өзі біліп жүргендей. Соңғы кезде ол телефонына жазып алған сүрелерді қосып қоятын. Бұның не, сен сүре тыңдамаушы едің ғой дегенімде: «Бұл үйде шайтан бар» дейтін. «Қайдағы жоқты айтпашы» деп мəн бермеппін. Түнде ұйықтай алмайтын, аяғын жерге соғып, арқамда бірдеңе жыбырлайды, жатқызбайды деп мазасызданып жүрді. Осының бәрі бір тылсым күштің әсері ме деп ойлаймын. Ойлаған сайын ой түбіне жете алмай, дал болам.


Қазір ол үйді сатып, ата-анамның қолына көшіп келдік. Қара шаңырақта інім тұратын, оларды бөлек шығарып жіберді. «Енді ертерек үйлен, күшім барда мына үш балаңды жетілдіріп, ешкімге жаутаңдатпауым керек» деп анам асты-үстіне түсіп, бәйек боп қарап жатыр. Десе де үш жасында шешесінен айырылған қызыма қараймын да, жүрегім ауырады. Ол биыл мектепке барды. Анасының суретіне тесіліп, ұзақ қарап отырады. Сағынады, бірақ маған білдірген емес...


Айтайын дегенім, өмір тым қысқа екен, әйеліңнің көңіліне кірбің түссе, оған жүрдім-бардым қарамай, отырып, ашық сөйлесіп, мәселені шешудің жолын қарастыру керек. Сол күні телефон үшін болған ұрыста әйеліме жылы сөзімді арнамағаным үшін, оның ренішіне мән бермей жата бергенім үшін өзімді күнде жазғырамын...»