​«Әке! Анам екеумізді жылатқаның үшін жауап бересің!»: алматылық бойжеткен ақын әкесіне деген өкпесін жайып салды

0
3 658

«Көсемсіп, көсіліп сөйлегенде періште ме деп қаласың»


​«Әке! Анам екеумізді жылатқаның үшін жауап бересің!»: алматылық бойжеткен ақын әкесіне деген өкпесін жайып салды

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Қазақ өте аңғал, ақкөңіл халық қой. Біреу сәл танымал болса, кішкене көзге түссе, төбесіне көтеріп, жер-көкке сыйғызбай мақтап, қолдан тұлға жасап алады. Алайда олардың ішінде де адамгершіліктен, ар-ұяттан жұрдай, Құдайынан қорықпайтындары барын көпшілігіміз аңғара бермейміз. Періште санап жүрген танымал адамдардың арасында қуыскеуде пенделер де бар. Мысалы, менің әкем...» - дейді Жансая есімді алматылық бойжеткен.


Мүгедек анасын бағып, оқу мен жұмысты қатар алып жүрген оқырманымыз өмірі көрмеген әкесі туралы ERNUR.KZ тілшісіне әңгемелеп берді.


«Менің анам Қыз Жібектен аумайды, қасы-көзі қиылған, күлгенде күн шыққандай айнала жадырап сала береді. Қазір сондай, жас кезінде оттай лаулаған шығар. Құрбылары «арамыздағы ең сұлу қыз сенің анаң болатын» деп әлі таңдай қағып отырады. Бірақ анамның сол сұлулығы өмір бойы өзіне сор болды ғой.


Осы күні анамнан өткен өмірі жайлы сұраймын ғой, сонда айтқаны, институт бітіргенше жігіт атаулыға қарамапты. Оқуын тәмамдап, жұмысқа тұрғасын да есіл-дерті ата-анасының еңбегін ақтап, рақатын көрсету болып, сөз салған жігіттердің бірталайын кері қайтарған. Бірақ күндердің бір күнінде тілі тәтті, сөзі майда ақын жігіттің құрығына оңбай түсіп қалыпты.

«Пәлен деген басқармада қызмет етемін, түген деген атағым бар. Маған тұрмысқа шықсаң алақаныма салып аялап өтем» деп өлең арнап жүріп үйленуге ұсыныс білдірген. Анам оны нағашы ата-әжеммен таныстырып, әне-міне үйленеді деп жүргенде ақын жігіт ат ізін салмай, қарасын батырыпты. Бұл уақта анамның аяғы ауырлап қалған екен.


«Ел жұртқа масқара болдық. Қадырбайдың қызын жігіті алдап кетіпті» деп елдің бәрі бізді өсектей бастады. Мен оның сол кездегі әкімнің күйеу баласы екенін, бір ұлы барын білмеппін. Білгенде маңына да жоламас едім. Бағыма орай әке-шешем мені қолдады. «Қайтсең де баланы табасың, өзіміз бағып-қағамыз» деп сенің өмірге келуіңді қатты қалады» деп анам өткен өмірін өкінішпен еске алады.


Мен он жасқа келгенде атам, бір жылдан кейін апам өмірден өтті. Ол кісілердің анамнан басқа баласы жоқ-тұғын. Анама әке-шешесінің жылма-жыл кете барғаны қатты тиді ме, көп ұзамай айықпас дертке шалдықты. Қант диабеті деген пәле жабысты. Ақырында аяғы іріңдеп, жара боп, кесуге тура келді. Ол кезде мен небәрі он үш жастағы қыз едім. Анамның дерті мені ерте есейтіп жіберді.


Аяқтан қалған адам жұмысқа жарамайды, амал жоқ, көшеге шығып, көрінген жұмысты ақыға істеп келетінмін. Көпқабатты үйлердің астында дүкен көп, барып еденін жуып, сөрелерін реттестіріп беремін. Ақысына әр кезде әрқалай, бірде шекер, бірде нан, күріш, пісте май алып қайтам. Кей күндері «өзіміз істеп қойдық, кете бер» деп ит қуғандай шығарып жібереді. Ондайда аш қалмаудың амалы, көзінде мейірім бар-ау дегендерден нан әперуін сұраймын. Анамның мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақысы пәтердің коммуналдық шығыны мен дәрі-дәрмектен артылмайтын. Қайсыбірін айтайын, әупірімдеп осы күнге жеттік қой. Кейде «әкем мені білетін шығар, бір күні іздеп келер» деп, әкеммен қауышар күнді елестетіп жатып ұйықтап кететінмін...


Құдай менің бойыма қайсарлықпен, төзіммен бірге білімді де берген екен. Мектепті үздік бітірдім. Сосын университетке өз күшіммен оқуға түстім. Онда да үздік болдым, стипендиядан айырылып қалмау үшін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрдім. Бірде мені өзім ерекше құрметтейтін апай үйіне тамаққа шақырды. Дастарханын жайнатып қойыпты. Тамақ жеп болғасын бір әңгіменің шетін шығарды.

«Мен жақында сенің әкең Пәленшеев екенін білдім. Ол кісі сені сырттай бақылап жүрген екен. Ол менің құдашамның күйеуі. Тағдырдың жазуымен анаңа ғашық болса да үйлене алмапты. Қайынатасының ықпалынан қорыққан көрінеді. Енді сенімен табысқысы келіп отыр. Міне, мынау әкеңнің телефон нөмірі, мекен-жайы. Өткен-кеткенді ұмытып, әкеңмен табыс, уақыт тауып жұмысына бар» деп тұр. Әлгі сөздерден кейін қатты ашуым келді. Бірақ апайға сыр білдірмедім, кетуім керек деп тез-тез киіндім де, сыртқа шығып кеттім.


Сыртта жаяу жүріп не ойлағанымды білесіз бе? Дүниедегі ең ақылды, ең әдемі анамның қайдағы бір жарымес, кеудесіне нан піскен ақынсымаққа тимей, жалғыз қалғанына қуандым. Жарымес болмаса пәлен жылдан кейін араға адам салып, «алдыма келсін, танысайық, табысайық» дегізе ме? Жүрегі бар, титтей де адамгершілігі бар еркек болса өзі неге іздеп келмеді?! Соншама қиындықты жеңіп, аш-жалаңаш күндерде жанымызға жалау болмаған әке енді маған керек пе? Ондай адамнан барынан жоғы жақсы. Көрмегенім сол ақын болсын!


Әке, егер сен осы оқиғаны оқып, өзіңді танып отырсаң, мынаны біл, теледидардан сенің атың аталып, түріңді көрсем, жиіркенемін. Сені тұлға санап, ой-пікіріңді сұрап, ал сен жұрт алдында көсемсіп сөйлегенде «Бұл адам сендер ойлағандай емес» деп айқайлағым келеді. Анамды жылатып, ата-әжемнің наласына қалып, мені жетім еткенің үшін әлі жауап берерсің деген үміттемін»...