Сізге жұрттың сөзі маңызды ма, әлде қызыңыздың бақыты?
Фото: phonoteka.org
«Адамның бақытты болуына ұлты, өмір сүру салты, жас айырмашылығы, тіпті тұрмыс жағдайы да кедергі бола алмайды. Бірақ бізде «жұрт не дейді?», «ұят» деген нәрселер көп адамның бақытты болуына бөгет боп жүр», - дейді үлкендерге ренішті Мәншүк есімді бойжеткен.
Ол өзін шымкенттікпін деп таныстырды. Жасы 27-де екен. Мәншүк туған-туыстың өзін «кәрі қыздар» қатарына қосып қойғанына ашулы. Кей таныстары «Тағы да бірер жылдан соң сені ешкім алмайды» дегенін естігенде, жылап та қалатынын жасырмады.
Қазақ жігіттерімен сөзі жараспайды екен. «Өйткені олар бірінші «Пәксің бе?» деп сұрайды. Маған жолыққан жігіттердің талабы – адал, пәк болу. Ал мен екінші курста оқып жүргенде сүйгенімнен алданып қалдым. Өзге ұлт емес, қазақ жігіті мені алдап-арбап құрығына түсірді. Ол қазіргі қыздарға сенбейтінін, алдымен тексеріп көрмей үйлене алмайтынын айтқан соң, мен өзімнің пәк екенімді дәлелдегім келді. Ол көзін жеткізді, бірақ тастап кетті. Қыз бала үшін алданудан ауыр азап жоқ. Көңілім қалды», - деген бойжеткен көзінің жасын бір сығып алды.
Ол неліктен басқа ұлтқа тұрмысқа шыққысы келетінін ERNUR.KZ тілшісіне ашық айтып берді.
«Мен де өз елімде бақытты болғым келеді. Алайда әрекетімнен түк шықпады. Тек алдану, жылау, уақыт жоғалту... қайталана берді. Өстіп жүргенде жасым отызға таяды.
Бәріне топырақ шашудан аулақпын, бірақ маған жолыққан қазақ жігіттерімен сөзім жараспай-ақ қойды. Көбісі мені жай пайдалануды көздеді.
Үйленуге ықылас танытқанда, мен алданып қалғанымды жасырмай айтып берем. Өйткені ертеңгі күні өткенімді бетіме басып басынғанын қаламаймын. Ал олар сырымды білген соң, ермек еткісі келеді. «Не болды сонша қыз сияқты бәлсініп», «Бәрібір қыз емессің ғой, нең кетеді» деген сөздерді естудің өзі қаншалықты ауыр екенін ер-азаматтар түсінбейтін шығар... Бұндай сөздерді жігіт кезінде айтқан еркектер үйленген соң, жастық шақтағы қателігімді өмір бойы есіме салып отыратыны белгілі ғой. Көзім анық жеткен соң осылай айта аламын.
Айтуға оңай болғанымен, жігіттің сеніміңе кіріп, бірнеше жыл уақытыңды ұрлап, сосын «Анам ақ төсектен аттап қойған қызды алуыма қарсы», «Жеңгелерім алғашқы түннен кейін тексереді» деген сөздермен жанымды ауыртып тастап кетті. Мен сондықтан фейсбук арқылы хат жазып, танысқысы келген шетелдіктермен сөйлесуді бастадым.
Көбіне түрік және ағылшын азаматтары жазады. Мектепте басқа пәнді оқымасам да ағылшын тілін беске білем. Өйткені мұғаліміміз қызықты етіп сабақ өткізетін. Кейін Турцияға саяхат жасаймын деген арманмен түрік тілінің курстарына барып, оны да үйреніп алғаным жақсы болған екен. Негізі түрік тілі қазақ тіліне ұқсас, оны үш айда жетік меңгеріп шыққанмын.
Қазір маған үйленуге ұсыныс жасаған бір түрік, бір ағылшындық бар. Біреуі мүлде үйленбеген, Англияда хирург, ал түрік азаматы ажырасқан, ол Кипрде тұрады. Түрік азаматы Кипрдегі дәмханалардың бірінде аспаз.
Былтыр Турцияға шақырды. Жол шығындарыма ақша салды. Барып, танысып қайттым. Ұнады. Ал ағылшындық азамат өзі келіп кетті. Оның салмағы 90 кг, бірақ табысы жақсы. Екеуімен де сөзім жарасты. Бірақ әкем қарсы боп отыр. Анам «Қыздың бағын байлама. Еліміздің бетке тұтар ағаларының жиені де, қыздары да шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүріп жатыр ғой» деп, әкемді көндіре алмай жүр.
Иә, жақында бір ағамыздың құдасы шетелден қоңырау соғып, құттықтағаны интернетте тарады ғой. Ағамыз жұрттың әр түрлі сөзіне «Көшедегі біреуге тиген жоқ, бастысы қызым бақытты» деп әдемі жауап жазыпты. Мен де көшеде жүрген біреуге тиейін деп жатқан жоқпын. Екі шетелдіктің де тұрағы, жұмысы бар. Жөн-жоралғыны жасап, алып кетуге қарсы емес. Олардың түсінігі де, әйелді сыйлап-құрметтеуі де басқаша, ұнайды. Біздің қазақ жігіттері сияқты «Туа аласың ба? Бұрын аборт жасатпағансың ба?», «Кемінде төрт бала туып беруің керек» деп, қыз жүрегін ауыртпайды.
Әрине, қазақ жігіттерінің ішінде де түсінігі мол азамат көп шығар. Бірақ маған кездескендері жанымды ауыртқан соң, осылай айтып отырмын.
Әкем «Шетелдікке тұрмысқа шыққанша, бір қазақтың екінші, үшінші әйелі болғаның жақсы» дейді. «Қаласаң, ұнаған адамыңнан туып ал. Қарсы емеспін. Бірақ басқа ұлтқа тұрмысқа шықсаң, өмірімнен сызып тастаймын» деп қаһарына мініп отыр. Қыз мақсаты «әйтеуір туып алу» емес қой, бақытты болу. Неге түсінбейді.
Әкеме түсіндіру үшін, студенттік шағымда алданып қалғанымды айтып беруіме тура келді. Бастапқыда ашуланды. Ашуы басылған соң «Ажырасқандар бар, әйелі қайтыс болғандардың біреуі алар» деді. Неге мен «әйтеуір алса болды» деп тұрмысқа шыға салуым керек? Бұл жерде адам тағдыры, қыз бақытын ойлап жатқан әкем жоқ.
Мен әлі де күйеу таңдайтын жастамын ғой. Жасым 50-ге кеп, алған адамға тие салатын кәрі емеспін. Тыңдамай шетелге кетіп қала салуға батылым жетпей жатыр. Екі шетелдіктің қайсысын таңдасам екен?..»
Құрметті оқырман, Мәншүктің орнындаболасңыз, қай азаматты таңдар едіңіз?
Ұқсас оқиғалар:
«Баласы жақсы ана қартаймайды»: түркістандық ана үш ұлын күтумен жүр
«Күйеуіме ауырмайтын әйел керек»: шымкенттік келіншек қалай күйзеліске түскенін айтты