​«Әкемді 340 мың теңгеге «отырғызып» кетті»: түркістандық келіншек ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды

0
4 757

«Қызыма ота жасау керек деп өтірікті соғыпты»


​«Әкемді 340 мың теңгеге «отырғызып» кетті»: түркістандық келіншек ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жақында Ринат Зайытовтың алаяқтар туралы айтқаны дау боп кетті ғой. Мен Ринаттың сөзіне қосылам, алаяқтық деген дінге де, жасқа да, ұлтқа да қарамайды екен. Жүзінен нұр төгіліп, ақ жаулығы желбіреп тұрған адамның да әккі ұры боп шыққанын көзіміз көрді», - дейді Жанар есімді келіншек.


Оқырманымыздың айтуынша, бір жыл бұрын оның әкесін әлдебіреу алдап кетіпті. Оқиғаның мән-жайын Жанардың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Түркістан облысындағы аудандардың бірінде тұрамыз. Нақты атамай-ақ қояйын, ағайын-туыс біліп қойса артық әңгіме боп кетер. Бірақ айтпасқа лажым жоқ, ішіме сыймай барады.


Жасы жетпіске таяп қалған әкем бар. Анамыздың дүниеден озғанына біраз жыл болды. Әкем қара шаңырақта келіннің қолында тұрады. Бірақ соңғы кездері қатты жалғызсырап жүргенін сездім. Өзім сол ауылға тұрмысқа шыққасын жиі жағдайын сұрап, барып тұрам ғой. Терең күрсініп отыратын. Бір күні екеуміз әбден сырластық. «Папа, сізге бір кемпір тауып берейік. Жақсы кісі кездессе тағдырыңызды тоғыстырып көріңіз, қартайғанда шүйіркелесіп шай ішіп отырасыздар, сіңісіп кетсе несі жаман?» деп ұсыныс білдірдім. Басында қашқақтағанымен, әкем бұл идеямды қолдады.


Сонымен мен жергілікті газетке «Әкеме жар іздеймін» деп мақтауын келтіріп тұрып хабарландыру жаздым. Өзі сондай айдар болатын. Астына әкемнің нөмірін бердім. Өздері сөйлесіп, тіл табысып көрсін деген ниет қой.


Газеттің шыға сала адамдар көптеп хабарласа бастапты. Бірі «қалада ғана тұрамын, қолыма көшіп келіңіз» депті. Енді бірінің жасы дұрыс келмеген, тағы біреуімен әңгімесі жараспаған. «Қызым-ау, мыналардан әбден миым ашып кетті, өшіре салуға болмай ма газетіңді» деп әкем күлген. Бір күні бір әйел хабарласып, екеуінің сөзі жараса кетті. Көп созбай қалада кездесуге келісіпті. Әкем барын үстіне жапсырып, шырттай боп қалаға кетті. Әйелді кафеге шақырып, екеуі шай ішіпті. Шамасы әйелге әкем ұнаса керек, арада апта өткенде «ауылыңызға барып, тұратын үй-жайыңызды көріп қайтайын» деп емеурін білдіріпті. «Қызым, әлгі әйел қонаққа келетін болды, келін екеуің жақсылап күтіп алыңдар» деп тапсырды.


Межеленген күні барымызды салып дастарханды жасап, айналаны жинап, тап-тұйнақтай боп күтіп алдық. Жанына құрбысын ерте келіпті. Әйелдің жүзінен күн шағылысардай. Аппақ, әдемі келген, басына тартқан орамалы өзіне жараса қалған әйел екен. Сыпайы, көп сөйлемеді. Есесіне құрбысы сампылдап қалған, бізден бәрін сұрап отырды.


Мен де қарап отырмай сұрағымды қойдым. «Күйеуіммен баяғыда, жас күнімде ажырасып кеткем. Екі қызым бар, екеуі де тұрмыста. Олар жас кезде тұрмысқа шығуды ойламадым. Енді ештеңеге алаңдамай-ақ қойсам болады. Қартайсақ та арқа сүйейтін адам керек екен. Жалғыздықтан шаршадым» деп көзіне жас алып қалды. Менің де көңілім босап, «Бізге әкеміздің қас-қабағына қарап отыратын адам болса, басқа ештеңе керек емес. Үйде келін бар, бар шаруаны өзі атқарады» деп ағымнан жарылдым.


Әйелдің жеке үйі жоқ екен. Осы уаққа дейін жанына еріп келген құрбысының бір пәтерінде өмір сүргенін айтты. Не керек, сол күні әкем екеуі бас қосатын боп уәделесті. Бір аптадан кейін інім барып көшіріп әкелетін болған.

Көңілім жайланып, әкемнің де жүзіне қан жүгіріп қалған. Бірақ бір аптадан кейін әлгі әйел біздің үйге көшіп келмеді. Әкемнің салы суға кетіп, мазасы қаша бастады. Мән-жайды сұрасам, әлгі әйел «Сәке, Таразда тұратын қызым қатты ауырып, сол жаққа жол жүріп кеттім. Тәуір болса қайтып келем, содан кейін көшіп барам» деп звондапты. Әкем оның сөзіне имандай сенген. Бір күннен кейін тағы телефон соғып «Қызыма шұғыл түрде ота жасау керек боп тұр. Ақшадан қысылып тұрмыз, маған қол ұшын соза алмайсыз ба?» деп өтінген. Ондайда әкем қарап тұрсын ба, пенсиясынан жинап жүрген 340 мың теңгені ауылдың таксистерінен беріп жіберіпті. Оны қаладан бір еркек күтіп алыпты.


Әйелден сол күйі дерек жоқ. Әкем алданып қалған баладай, бізден ұялып, орнынан тұра алмай қалды. «Сіздің ешқандай кінәңіз жоқ» деп әрең көндірдік. Қан қысымы қайта-қайта көтеріліп кете берді. «Енді менің нөмірімді еш жерге жазба, құрт, анау газетіңнен алдырып таста» деп аһілеп-уһілеп отыр.


340 мың теңге қай жыртығына жамау болды екен. Жағдайын айтып сұраса да берер едік қой, жасы келген кісіні алдап, наласына қалып не тапты енді сол алаяқ?! Құдайдан қорықпайтындардың заманы болды, абайлайықшы...»