«Әкемнің інісі үйімізді тартып алды»: туысынан көңілі қалған келіншек ағасына деген ренішін жеткізді

0
1 144

«Сиырымызды да қайтармай қойды»


«Әкемнің інісі үйімізді тартып алды»: туысынан көңілі қалған келіншек ағасына деген ренішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Туыстан да, туғаннан да көңілім қалды. Қазір сананы тұрмыс билеген заман, ақша үшін біреу біреуді аяйын деп тұрған жоқ. Тіпті ел-жұрттың сөзінен де қорықпайды», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Арайлым есімді оқырманымыз.


Түркістан облысындағы таулы аудандардың бірінде тұратын келіншек ағасына деген ренішін ERNUR.KZ арқылы жеткізуді жөн көріпті.


«Балалық шағым керемет өтті деп өтірік сөйлемей-ақ қояйын. Марқұм әкем көп ішетін. Ол кісінің жастық шағы тоқсаныншы жылдардың тоқырауымен тұспа-тұс келді де, тәп-тәуір жұмысынан шығып қалып, ақырындап арақпен достаса бастады. Былтыр ғана тоқсанға келіп көз жұмған әжемнің айтқанынан да, мамамның көз жасынан да қаймықпады. Бір ішкенде апталап қуып кететін.


Былайша жаман адам емес, сау кезде одан момын жан жоқ. Сіңлім екеумізді алдына отырғызып қойып әлемде жоқ сөздермен еркелететін. Ал ішіп алғанда ішіндегі бүкіл зар-мұңын төгетін. «Менің ізімді жалғайтын ұл тумадың» деп мамама тиіседі. Артынан «Апа-ау, мен неге мұндай болдым?» деп еңкілдеп жылайды. Әкеміздің мұндай мінезіне біздің де етіміз бірте-бірте үйреніп кетті.


Қысқасы, мамам байғұс бәріне шыдап бақты. Бір әжеміздің зейнетақысы қай жерімізге жетсін, сондықтан мамам үш сиыр сауып, оның майын, сүзбесін, қаймағын, құртын дорбаға салып, көрші үйдегі атаның бір мес қымызын арбаға салып, қалада сатып келетін. Өкшесі тілім-тілім боп жүріп, табыс тапса да әкеме жақпайтын. «Қай ойнасыңды құрт-майға тойғызып келдің» деп кекетіп отыратын. Өлген адамның артынан мұндай сөз айту дұрыс емес шығар, бірақ болған оқиғаны айтуым керек.


Мен он бірінші сыныпты бітіретін жылы қыста әкем қайтыс болды. Өзі сияқты ішетін достарымен боранда қалып кетіп, үсіп қалыпты. «Қалаға, қарындасымның үйіне барып келем» деп кеткесін біз де іздемей, жайбарақат отырып қалғанбыз ғой. Сөйтсе әпкем ағасының мас күйін көріп, ренжіп, ауылға қайтарып жіберген екен.


Қош, сонымен, үйдің бар ауыртпашылығы анама түсті. Бұл уақта әжем де моншаға барар жолда құлап, жамбасын сындырып алған. Өздігінен қозғала алмайтын. Әкем барда арқалап далаға алып шығушы еді, ол кеткесін мамам алашаға отырғызып, екеулеп сүйрейтін болдық. Бір күні үйге аудан орталығында тұратын әкемнің інісі Бекзат ағам келіп қалды. Біздің әбіржіген түрімізді көрді ме, «Ұлжан, мен апамды өзіммен бірге әкетейін. Үйде балалар бар, көтеріп, амалдап қараймыз. Саған да оңай емес, қалаға барып сауда істейсің, қайтып келгесін апамның бабын жасау керек. Осылай еткенім дұрыс шығар» деп анасын көлігімен үйіне әкетті.


Әжем сол кеткеннен қара шаңыраққа қайта оралмады. Арасында, анда-санда ағам әкеліп, екі-үш сағат мейман етіп, өзімен алып кететін. Бұл аралықта мен де мектепті бітіріп, университетке түскем. Сіңлім де мектеп бітіріп, қалада оқитын болды. Бір күні ауылға келіп, мамаммен ашық сөйлестім. «Мама, Айгерім екеуміз қаладамыз. Мұнда жалғыз өзіңіз не істейсіз. Бізбен бірге қалаға жүріңіз, пәтер жалдап тұрайық. Қалада мүмкіндік көп қой, жеңілдеу жұмыс табамыз» деп отырып алдым. «Ойбай, жоқ, мына жұрт не дейді, үйді қайтіп тастап кетемін? Сиырларымды қайтем» деп ат-тонын ала қашқан. Бір жыл дегенде айтқаныма көнді. Сиырларды Бекзат ағамның үйіне апаратын болдық. «Басы біздікі, сауып ішіп отырсаңдар болды» деп келістік. Әжем марқұм мамама батасын беріп, ақ жол тілеп шығарып салды.


Содан бері анам қалада, мен қазір тұрмыстамын, екі қызым бар. Балалар үйінде өскен жігітке тұрмысқа шыққам. Мамамды өз анасындай қабылдап, үйге көшіріп әкелді. Ал сіңлім Алматыда жұмыс істейді. Апта сайын, кейде екі аптада бір ауылдағы үйге барып, ішін жуып-шайып, тазалап келеміз. Кішкентайынан көрген есігі болғасын ба, мамам барған сайын қамығып, көзіне жас алады. Айтта, наурызда арнайы барып, шелпегін пісіріп, көрші-қолаңға шай беруді де ұмытқан емес. Яғни ауылдан кетсе де, көңілі сол жақта. «Арайка, балаңды маған берсең, Бикош екеуміз ауылға барып тұрар ек» деп айтып қоятын.


Бір күні бұл ойын қайнысына, яғни Бекзат ағама айтқан екен. «Ұлжан, сенде үй жоқ. Ренжіме, бірақ сен кезінде екі қызыңның соңынан қара шаңырақты тастап кетіп қалғансың. Үй апамның атында еді, ол кісі қайтыс болғасын атындағы дүние ұлына, яғни маған өтті. Мен ол жерге баламды үйлендіріп, отырғызып қойсам деп ниет етіп жүрмін. Ағам тірі болғанда немесе артынан ізін жалғайтын бір бала болса, онда әңгіме басқаша болар еді» деп бірталай әңгіме айтып жіберіпті.


«Нем бар еді, нем бар еді сенің сөзіңе еріп, қалаға кетіп. Дайын тұрған үйімнен айырылып қалыппын ғой» деп мамам қалаға жылап келді. Айтпақшы, қарап, сүтін іш деп берген сиырдың екеуін мен тұрмысқа шыққанда сатып жіберген. Біреуі бар деп жүрсек, өліп қалған деп қайтарыпты. Осы жағдайдан кейін анамның қан қысымы көтеріліп, жиі ауырып қалатын болды.


Бекзат ағама ашумен бірталай нәрсе айттым. Басқа емес, туған ағасының үйін тартып алғаны менің де жанымды ауыртты. Жағдайы жоқ, кембағал болса, бір сәрі еді. Мемлекеттік мекемеде білдей бастық. Қалада қос-қос үйі бар. Сөйте тұра балалық шағымыз өткен үйімізді тартып алмақшы. Жетімді жылатып, жесірді қаңғыртқаннан опа табам деп ойлай ма? Құдайдың көзі тура болсын деп, бәрін Аллаға тапсырып қоя салдық. Бірақ жүректе ағама деген өкпе мәңгі сақталып қала бермек...»