Әр отбасында бір күйдіргі болады дегенмен келісесіз бе?
«Өрмекшінің он баласының біреуі қарақұрт болады» деген сөз бар. Әр отбасында бір «қарақұрт» болады, оның кесірі басқаларға тиіп, бәрін күйдіріп жүреді. Ондай адам ешкімді тыңдамайды. Сіздің отбасыңызда ол кім?
«Біздің әулетте ата-енесі мен ата-анасын, әйелін күйдіріп келе жатқан бір адам бар. Ол – күйеу балам, яғни сіңлімнің құдай қосқан қосағы. Сіңлім бастапқыда күйеуін «құдай қосқан қосағым» деп таныстыратын, солай атайтын. Қазір «күйік», «күйдіргі болды ғой» деп айтады ол туралы. Қайтсін енді, расында да күйіп кеткен соң айтады да», - деді Күмісай есімді алматылық келіншек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында.
Күйік күйеу баласы туралы ол былай дейді:
«Біз отбасында көппіз. Бір әке-шешеден жетеу тудық. Бірақ сіңлі менде біреу-ақ. Алтыным-ау, жаным ашиды, аяймын, ешкімді тыңдамай сол жігітке тұрмысқа шыққаны үшін айыптаймын да. Алайда оның отбасылық өміріне араласа алмаймын, дәрменсізбін. Қашанғы оның мәселелерімен алыса берем, өзімде де мәселе жеткілікті.
Күйеу балама ата-анасы дұрыс тәрбие бермеген деуге аузым бармайды. Өйткені оның ағасы мен әпкесі, қарындастары мен інісіне қарап сүйсінемін. Олар қызметте сатылап өсіп, тынымсыз ізденіп, дамып, қазір сол еңбектерінің жемісін көріп отыр барлығы.
Ал солар жатқан құрсақта жатып, солар емген қам сүтпен өскен күйеу балам басқаша. Өмір сүру салты да, жүріс-тұрысы да, сөздері де – басқа. Нақтырақ айтсам, ешкімді менсінбейді, төбеден түскендей өр сөйлейді, өзін өзгелерден зор санайды. Мейлі ғой, тек ісі, жағдайы соған сай болса қанекей.
Бірнеше жылда әкесінің маңдай термен тапқан дүниесін жоғалтып, қарызға батырып әбігерге салды, уайымын қалыңдатты. Қазір сіңлімнің ата-енесі зейнетаақысын дәрі-дәрмек пен ас-ауқатына әрең жеткізіп отыр.
Кезінде жағдайлары жақсы, тұрмыстары тамаша еді. Өздері ауылда тұрғанымен, құданың қалада екі бөлмелі пәтері бар болатын. Есігінің алдында малдары да бар еді.
Фото: www.blacknight.com
Ұл-қыздары студент кезде қаладағы әкесі сатып алып қойған дайын пәтерде тұрыпты. Ешқайсысы ол үйге иелік етпей, өз еңбектерімен үйлі-жайлы болып, бөлек-бөлек кеткен. Сіңлім тұрмысқа шыққанда үшінші курс студенті еді. Күйеуі екеуі сол пәтерде тұрып жатты. Бастарында баспаналары бар, енді тек жұрт қатарлы еңбек етіп, сол үйде бала-шағаларын өсірсе болмас па еді?!
Жоқ, күйеу балам елден ерек болам деп, бір кафені жалға алады. Есеп-қисаптан, бизнестен түк хабары жоқ адам кафеден табыс тапқысы келсе, алдымен даяшы боп жұмыс істеп көру керек. Сол істің ішкі сырын білу үшін сол салада тәжірибе жинау қажет. Ал менің ақылсыз күйеу балам ағаларын тыңдамай, қаладан үлкен бір кафені бірден бір жылға жалға алып, келісім-шарт жасасқан. Алғашқы екі айда әжептеуір жұмыс істеген сияқты еді, кейін қарызға белшесінен батып, банктен қомақты несие алып әрең құтылды. Кафеднің жұмысы тоқтап тұрса да келісім-шарт бойынша бір жыл бойы жалға алғаны үшін ақша төлеп келді.
Банкке берешек қарызы бола тұра тағы бір іс бастағысы кеп жүргенін айтқанда менің күйеуім «Дипломың бар ғой, неге мамандығың бойынша жұмыс істемейсің? Ұжымда жұмыс істеп, адамдармен араласып тәжірибе жинау керек қой саған» деген. Күйеу балам «Неге кері тарта бересіңдер осы? Мен жалақысы аз жұмыс істегім келмейді» деп өрекпіді. Мол табысқа, жақсылыққа ұмтылған дұрыс-ақ, бірақ, адам шамасына да қарау керек. «Әлін білмеген әлек» деп бекерге айтылмаған ғой.
Сонымен күйеу балам бір моншаны жалға алды. Ақшаны қайдан алды дейсіз бе? Әкесінің қаладағы екі бөлмелі пәтерін кепілдікке қойып, банктен несие алған. Күйеу баламның қателіктерінің бірі – білімсіздігі. Әрине білімсіз емес, бірақ ешнәрсенің байыбына бара бермейді. Мысалы, несиені аларда үстіне қанша пайыз қосылатынын, қай банкте пайыз аз, қайсысында көп, несиені төлей алмай қалған жағдайда не болатынын ойламайды. Тағы бір қателігі – айтқандардың сөзін тыңдамайды.
Енді ол тағы бір банкке қарыз болды. Сіңлім болса «Күйеуім кәсіпкер» деп мәз. «Төлей алмасаңдар, үйді банк тартып алып қояды ғой. Монша ісін күйеуің біле ме өзі? Далада қалмаңдаршы әйтеуір» дегенмін бірде, сол кезде сіңлім «Неге жаман тілек айтып жатырсыз? Қуана алмасаңыз, оны айтыңыз» демесі бар ма? Ұрыс басталды да кетті. Осыдан соң сіңліммен сөйлеспей қойғанмын.
Фото: loando.ru
Тек анам қоңырау шалып жаңалықтарды айтып тұратын, содан еститінмін. Анам бірде «Алтын мен күйеу бала Ыстық көлге демалуға кетті» десе, бірде «Алтынның күйеуі 800 мың теңгеге ұялы телефон алыпты» деді. «Онда жұмыстары жақсы жүріп жатыр екен ғой» деп қуанғанмын. Рас, мен шын қуандым. Өз басым тек менде болсын деп емес, бауырларымның да табысы мол болсын, бақытты болсын деп тілеймін үнемі. Өйткені бауырыңның тұрмысы нашар болса, сенен көмек сұрайды, амал жоқ бересің. Бақытсыз болса, ол да мәселе.
Сіңлім мен күйеу балама сырттай бақыт, табыс тіледім де қойдым. Үйлеріне бармадым, қоңырау шалмадым. Өйткені сіңлімнің соңғы айтқан сөзіне әлі де ренжіп жүргенмін.
Осылай арада зырлап уақыт өтіп жатты. Бір күні сіңлімнің өзі келді үйге. Есіктен кіре салып еңіреп жылады. Колекторлар келіпті. Кепілдікке қойған үйді банк тартып алайын деп жатыр дейді. Түсінгенім, күйеу бала ай сайын құйылуы тиіс ақшаны банкке төлемеген, моншадан түскен табысты оңды-солды жұмсап, енді есебін таппай отыр екен. Айтып жатса, сіңлім мен күйеу бала осы уақытқа дейін тек кафеден тамақтанып, ақшаны есепсіз жұмсаған.
Әркім шамасы келгенше көмек ретінде ақша шығарып, топтадық. Жиналған қаражатты сіңлімнің қолына ұстаттық. Бір аптадан соң жағдайды білмек боп сіңліме қоңырау шалдым. Сіңлім «Бәрі жақсы, кейін өзім хабарласам» деп тұтқаны қоя салды. Әпшелеріммен де дұрыс сөйлеспепті. Кейін өз шаруаларыммен алысып жүріп, ұмытып та кетіппін. Ұмытпайсың ғой, тек біреудің мәселесіне араласа бергің келмейді екен. Екі ай өткен соң ауылдағы анам қоңырау соқты. Көңіл күйі жоқ, «Құдалар банкпен соттасып жатыр. Үйлерінен айырылып қалмаса болғаны» деді. «Өткенде біз жинап берген ақшаны құйса құтылар еді ғой» дей беріп едім, анам «Ол ақшаны еселеп аламын деп ақымақ күйеу бала букмерлік ойынға салыпты ғой. Ұтылып қалыпты» деді. Ішім ашыды, зығырданым қайнады. Күйеуім көлігін жаңартпақ болып жинап жүрген 1 миллион теңгесін берген еді, әпшелерімнің бірі депозиттегі ақшасын шешіп алып берсе, ағам досынан қарыз алған. Ал күйеу бала болса ойланбастан оңай ғана қаражатты ойынға салып жіберген. Ашуландым.
Ақыры пәтер банкке өтіп кетті. Осыдан кейін құда инсульт алып, ауруханаға түсіп қалыпты. Күйеу бала мен сіңлім екі баласын жетектеп ауылға барыпты.
Фото: topzaima.ru
Сіңліме қоңырау шалып, жағдайын сұрап тұрамын. Ол қашанда әлдебіреулердің күйеуінен қарызын сұрап келгенін, ай сайын төлеп жатқан несиелерін айтады. Таусылмайтын қандай қарыз ол?
Уақыт біреумен санасқан ба, көзді ашып-жұмғанша міне, содан бері арада он жылдай уақыт та өтіп кетіпті. Анамыздың 70-ке толған туған күнімен құттықтап ауылға барып қайттық. Сіңлім жалғыз өзі келді. Күйеу баланы сұрап едік, қалаға қарыз төлеуге кеткенін айтты. «Ой тоба, әлі қарыздарың таусылмаған ба?» дедім әзіл-шыны аралас. Сіңлім «Сергек» камералары бәле болды ғой, ай сайын үйге «Сергек»-тен хат келеді. Жылдамдықты асырып жіберген бе, 130 мың теңге қарыз, ертерек төлемесе сотқа өтеді деген хат келген соң, атам екеуі соны төлеуге кетті» деді.
«Немене күйеуің жас бала ма еді, ақыл кіретін жасқа жетті ғой» дей жаздадым. Аузыма кеп кептелген зәрлі сөзімді әрең ауыздықтап қалдым. Дастархан басындағы басқалар да үндемеді.
Айтарға сөзі қалмаған адам ғана үндемейді. Не дейміз? Айтқанымызбен, тыңдап жатқан құлақ жоқ. Өз қателігінен нәтиже шығармайынша, оны түзеуге өзі тырыспаса, ешкім күйеу баланы өзгерте алмайды.
Жасы болса 37-ден асты, тағы үш жылдан соң 40-қа да толады. Қырыққа толғанша, ақыл кірсе екен деп тілеймін. Өйткені «Қырықта ақыл кірмеген еркек – қасірет» деген сөз бар ғой, мен осы сөзден қорқам...»
Иә, қырықта ақыл кірмеген еркек – қасірет! Ал сіздің жасыңыз қаншада, оқырман? Сіз де бір қателікті бірнеше рет қайталап жүрген жоқсыз ба?
Ұқсас оқиғалар:
«Некесіз туған балаға да АЛИМЕНТ алуға болады»: жамбылдық келіншек құрбысының жағдайына алаңдайды
«Жоспарларың орындалсын деп айтуға болмайды»: талдықорғандық келіншек себебін түсіндірдіі