«Кейде түн ішінде сыртқа шығуға қорқамын... Алдымнан шығып қала ма деп...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Кез кезген ортада жазылмаған ереже бар. Сондай ережелердің негізі отбасында қаланады. Мәселен, үлкенді сыйлау, кішіге ізет, жалпыға құрмет секілді. Сол сияқты отбасы мүшелерінің арасында сақталатын әдеп ережелері де жетерлік. Ал оны қалыптастыратын кім?
Өзін Алматы қаласынанмын деп таныстырған жас келіншек Забира ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып, үйінде өте ыңғайсыз жағдайға жиі қалатынын айтып берді.
«Бәлкім, оқыса ойланатын шығар. Әйтпесе, үйде қайынататмның жартылай жалаңаш жүретінінен ыңғайсызданып шаршадым. Енем де қой демейді, олардың көзі әбден үйреніп кеткен. Мүмкін, үйлерінде қыз баласы болмаған соң ба?!», - деген келіншек мұндайдың дұрыс емес екендігін айтып басынан өткен бірнеше жайсыз оқиғасын баяндап берді.
Забираның айтуынша, алматылық отбасыға келін болғанына үш жылға жуықтаған. Тұңғышын дүниеге әкелген келіншекті үй ішінде қайын атасының ішкиімшең жүре беретіні ыңғайсыз жағдайға қалдырады екен.
- Атам зейнетке ерте шыққан. Енем әлі жұмыс істейді. Үйде үнемі атам екеуміз қаламыз. Сондай сәттерде мүмкін болғанша өз бөлмемнен шықпауға тырысамын. Себебі сол, атам күн ысып кетті деп тек шортымен жүре береді үйде. Ол аздай, таңертең дәретханаға шыққанда ішкиімшең шығып жүре береді. Ішкиім болғанда да тым бар, денесіне жабысып қалғанын киіп алады ғой.
Бәлкім, үйде қыз баласы болмаған соң солай үйреніп кеткен бе?! Күйеуім үйінің ең үлкені, өзінен кейін екі інісі ғана бар. Қайындарым қайта мен келін боп түскен соң ұялатын болды. Жас болса да олар атам сияқты ашық-шашық жүрмейді. Ал атам душтан шықса да тек сүлгіні мойнына салып, ішкиімшең жүре береді. Күйеуіме айтсам, «ол бұрынғы спортшы ғой, әбден үйреніп қалған» деп ақтағандай болды. Бірақ ол да әкесіне айта алмайды, себебі тым қатал. Атама қарап ешкім қарсы сөйлей алмайды.
Бір күні, келін боп түскеніме бір айдай уақыт болған. Түнде әжетханаға шықтым. Жаз айы еді, сыртқа шығып қайтып келе жатсам атам ішкиімшең есік алдында темекі шегіп тұр. Ұялғанымнан бұрылып қайта кіріп кеттіп әжетханаға. Содан атам үйге кіріп кеткенше тұрдым. Ол кісі де асықпай тұрып алды.
Мұндай жағдай біздің үйде көп болады. Моншадан шыққанда түкті халатты киіп шығады да, үйге кірген соң халаттың алдын ашып қойып ішкиемшең денесін көрсетіп жүре береді. Келін бар-ау деп ыңғайсызданбайды. Жаздай шортымен, майка киместен мойнына сүлгі салып жүре береді.
Төркінімде мұндайды көрмеген маған оған үйренісу қиын болып жатыр. Менің әкем ішкиім тұрмақ мәйкішең жүрген емес үйде. Алдымда 4 ағам бар, олар да дастарханның басында ешқашан ашық киіммен отырмайды. Әкем ондайларын көрсе бірден тыйып тастайды. «Дастарханды сыйлаңдар» деп отыратын әкемнен соң қайынатамның әрекеті мен үшін тым ерсі.
Бірде соны жұқалап енеме жеткіздім. Бірақ ол өзіме ұрсып тастағандай болды. «Қайынатаңды сен тәрбиелемекпісің? Ұялсаң қарама! Оның осылай жүргеніне 40 жыл болған. Мен өзгерте алмағанды сен өзгертем дейсің бе?» деп қоя салды. Атама ескертеді, сосын ол сәл есін жияр деп ойлаған үмітіп орындалмады.
Білмеймін, мен өзімдікін дұрыс санаймын. Әншейінде жастардан көретін ересектер өздерінің де жүріс-тұрысына мән берсе екен. Қазір қызым өсіп келеді. Ертең ол да атасының жартылай жалаңаш жүргенін көріп өсе ме? Мен қашанғы куә болмақпын оған? Кейде түн ішінде сыртқа шығуға қорқамын... Алдымнан шығып қала ма деп..., - деген келіншек ертерек екінші келін түссе еншісін алып шығып кеткісі келіп жүргенін де жасырған жоқ.
«Бөлек тұрсам, күйеуімді олай үйде ішкиімшең жүргізіп, мәйкішең дастархан басында отырғызбас едім» дейді ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қызымды ұзатсам түк бермеймін»: Шымкенттік әйел қызына жасау апармауға бекініп отыр
«Шалға төртінші әйел болған»: Алматылық әйел әжесінің зорланғаны туралы айтып берді