"Жас жұбайлардардың төсегіне жату қаншалықты дұрыс?"
көрнекілік сурет:i.ytimg.com
"Тұрмыстамын, үш балам бар. Тұрмысқа шыққаныма алты жыл болды. Соңғы кездегі отбасымызда туындаған мәселеге жаным жабырқап, біртүрлі болып жүрмін" деп ERNUR.KZ тілшісіне сырын ашқан жас келіншектің әңгімесі осылай басталды.
"Күйеуім үйде жалғыз ұл, қара шаңырақтың иесі. Мен де оған тұрмысқа шығар кезде барлығын біліп, осыған келісіп келгенмін. бес жылдан аса ата-ененің қолында тұрдық.
Жақында күйеуімді жұмысы бойынша бірер жылға басқа қалаға ауыстырған. Соған байланысты біраз уақытқа бөлек кетуге тура келді. Бала-шағамызбен қоныс аудардық. Ауылда ата-енем ғана қалды. Оларды да бірге алып кетеміз деген ойымыз болған еді, өздері келіспеді. «Қалаға барып тар жерге тығылып не істейміз? Үйреніп қалған ауылымыз жақсы өзімізге. Қора-қопсы, мал бар дегендей, оған да адам керек» деп ыңғай танытпады. Сөйтіп, біз ол кісілердің алдынан өтіп, қалаға кеттік.
Біз кетерде енем «Сендердің жатын бөлмелеріңе, төсек орындарыңа атаң екеуміз жата берейік» деді. Олар осы кезге дейін жерге төсек салып жатып жүрген. Енді біздің кереуетіміз босап, соған жатқысы келіпті.
Енемнің жаман ойы болмаған шығар. Тек анам ылғи да «Ерлі-зайыптылардың төсегіне басқа кісі отыруына болмайды» деп, осындай тыйымды қатаң ескертетін. Суықтық болады бір-біріне деп ырым қылатын. "Қалайша ол мұндай ырым бар екенін білмейді?" деп жаман болдым. Ал енем отырмақ түгіл «жата берейік» дейді.
Дүниені қызғанғаным емес. Бірақ жас жұбайлардардың төсегіне жату қаншалықты дұрыс? «Болмайды ғой, қалай біреудің төсегінде жатасыздар? Біз келіп тұрамыз ғой. Өлімге бара жатқан жоқпыз»,- дедім. Сол сөзден кейін ол маған қырын қарап, жаман сөздерді айтып, суық қабағымен шығарып салды.
Енемнен осы уақытқа дейін ештеңе аяған емеспін. Үнемі сыйлық жасап жүремін. Жаңа телефон, қымбат киім, алтын, косметика алып беремін. Қолымнан келсе ештеңе аяған емеспін. Ал жаңа кереует алып беруге дәл қазір мүмкіндігім болмай тұр. Өздерінде ескісі бар.
Негізі бұл сөзді атам айтқызып отыр-ау деп ойлаймын. Өйткені, ол кісінің біздің төсегімізді иемденіп алғысы келгенін бұрын да бір-екі рет байқағанмын. "Сендер жассыңдар ғой, арқаларың ауырмайды, кереуеттеріңді бізге бере салыңдар" дегенді әзілдеген болып бірнеше рет айтып қалғаны бар еді.
Сол әңгімеден бері біртүрлі болып жүрмін. Енеме олай айтқаныма ыңғайсызданамын. Дұрыс жасамадым ба деп, бір сөйлескенде «Жатам десеңіздер, жата беріңіздер. Мен адамдар айтып жүрген ырымдарға сүйеніп айтып едім» деп оныкі дұрыс болмаса да, өзімді мәжбүрлеп кешірім сұрадым."