Осындай сұмдыққа баратын адамдар да бар екен.
Әйел адам табиғатынан өзгелерге өз өмірін арнап, басқаларға қызмет етеді, құрбан болады. Бірақ та әйел адам өзін және қарттық өмірін де ойлағаны дұрыс болар. Өйткені алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді.
Мысалы, қызылордалық Қазына есімді ана қартайған шағында далада қалды. Жастық шағын күйеуіне арнап, күш-қуатын ұл-қыздарының жолында сарқыған ол қайда барарын білмей тасы шағылып отыр.
«Дәл осындай күйге түсем деп еш ойламаппын. Ойласам, өз әрекетімді жасар едім ғой. Менің қателігімді басқалар қайталамаса екен», - дейді күйінген ана.
Қазына апа ой саларлық оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Бірінші некемнің ғұмыры небәрі үш жылға созылды. Ажырасуға себеп – бала тумағаным. Ал дәрігерлер емделу керек деген. Енем «Өмір қысқа. Күтіп жүретін уақыт жоқ. Ұлыма басқа әйел әперем» деп, кесіп айтты.
Мен енемді кінәламаймын, қай ана болса да перзентінің ұрпағы жалғасқанын қалайды және ертерек немере сүйгісі келеді. Сонда да мен балалы болудан үмітті едім. Күйеуім араша түсер деп едім, ол жүзін төмен салды. Не керек, ажырастық.
Он жылдай жалғыз жүрдім. Жасым 31-ден асқанда жеңгелерім 4 баласы бар бір ер-азаматпен таныстырды. Менен алты жас үлкен. Әйелі қайтыс болған. Қалада тұрады. Дәлірек айтқанда қаланың шет жағындағы бір мөлтекауданда үй-жайы бар. Камазбен басқа облыстарға жүк тасиды. Балаларына бас-көз боп қарап отыратын әйел іздеп жүрген екен.
Жалғыздықтан жабырқаған еркекке жар, ал балаларына ана болуға келістім. Ер-азаматым өте жайлы адам боп шықты. Көп сөйлемейді. Кейде бір айға, кейде екі-үш айлап әр облыста, жолда жұмыс барысымен жүреді. Табысы жақсы. Мен балаларға қарап үйде отырдым.
Мен ол үйге барғанымда балалардың үлкені 13 жаста, ал кішкентайы 6 жаста болатын. Жасөспірімдік шақтағы қыздың көңілін табу, әлі кішкентай 6 жасар баланың тілін түсіну оңай болмады.
Уақыт зырлап өтіп жатты. Қыздар жоғары білім алды, теңдерін тауып ұядан ұшты. Екі ұлды үйлендірдік. Біреуіне бөлек үй салып, еншісін бердік.
Шынымды айтсам, мен оларды өз перзенттерімдей көрдім. Олардың тағдырына алаңдағаным соншалықты, бірі жұбайымен ұрысып қалғанын айтса, түнімен ұйықтай алмай шығатынмын. Аналық ақылымды айтып шыр-пыр болдым.
Осылай мәселелермен алысып жүргенде зейнет жасына да жеттік. Күйеуім зейнеткерлікке шыққан соң жұмыс істемеді. Өйткені ол бұл жасқа дейін балаларының алдындағы әкелік парызынан құтылған еді. Бәрін оқытты, тойларын жасап берді. Оның үстіне омыртқа жарығы деген әуре-сарсаңға салып, көлік жүргізуге жарамай қалды.
«Басымызда панамыз бар. Ұлдар мен қыздар өз алдарына, нандарын тауып жей алады. Ал екеумізге зейнетақымыз жетеді. Енді тек денсаулығымызға көңіл бөліп, қалған азғантай ғана өмірімізді өзімізге арнайықшы» деген. Бірақ кіші келін бірде менімен, біресе күйеуімен керісе берді. Үйден береке қашты. Бір күні күйеуім инфаркт алып құлады. Содан түзелмеді. Қайта-қайта ауруханаға түсіп, ақыры жүрек дертінен қайтыс болды...
Кіші келін мен ұл қара шаңыраққа келді. Дипломдары мен денсаулықтары болса да екеуі жұмыссыз үйде жатты. Азық-түлікке менің зейнетақымды жұмсадық. Сонда да олар менен құтылуды қалады. Бұл тұрғыда түрлі әрекеттерге барды. Бірақ мен үнсіз көніп жүре бердім. Өйткені өгей де болсам мен олардың анасымын ғой. Екінші жағынан баратын жерім жоқ.
Бірде келін туған күнін жасады. Тұрмыстағы екі қызым мен үлкен ұл келді. Шарап ішті, тойлады. Әншейінде үйлеріне қайтып кететін бәрі сол күні қонатын болды. Сөйтем, бәрі бірлесіп менен құтылуды жоспарлаған екен ғой.
Түнде келінімінң жұлқылап жатқанынан ояндым. Қысқаша айтайыншы, қара шаңырақтағы ұл менің төсегімде жатыр. Киімшең. Келін шашымды жұлып, аузына келгенін айтты. Басқалары араша түсудің орнына жабылып мені балағаттады. «Өгей өгейлігін жасайды ғой» деп, қуып шықты.
Үйден өз аяғыммен кетіру үшін ойлап тапқан істері екенін бірден ұқтым. Әкелерінің көзі кеткен соң үйді егеленіп алады деп ойлады ма екен? Бұлай масқаралағанша, жай сөзбен түсіндіріп айтса да мен ол үйден кетер едім ғой. Туғанымдай көрген, бойымдағы барлық мейірімімді бөліп берген балаларымның зейнет жасындағы мені бұлай қорлағаны ауыр тиді.
Бұлай боларын білгенімде, мен әлдеқашан қарттық өміріме дайындық жасап, бір бөлмелі баспана алуға әрекеттенер едім. Түсінгенім, өз балаң болмаса, басқалардың жаны ашымайды. Қазір медицина дамыған заман ғой, бәрібір басқа жаққа қарап ұлитын біреудің баласын баққанша, ЭКО арқылы өз балаңды туып алуға әрекеттенген дұрыс екен. Балалар үйінен қызылшақа нәрестені асырап алсам да мені бұлай далада қаңғыртпас еді деп ойлаймын...»
Қазына апа айтпақшы, ешкім өз туған анасын бұлай тентіретіп қоймайды. Әлде, өзегін жарып шыққан өз перзенттерінің үйіне сыймай жүрген ата-аналар да бар ма?
Ұқсас оқиғалар:
«Келінім оразамын деп күні бойы ұйықтайды»: түркістандық апа имамдарға сұрақ қойды