​«Балалы болуыма әжем айтқан ырым көмектесті»: жамбылдық келіншек қуанышымен бөлісті

0
8 121

Оңай ырым, жасап көріңіз.


​«Балалы болуыма әжем айтқан ырым көмектесті»: жамбылдық келіншек қуанышымен бөлісті

Өмірдің мәні де, қуанышы да – бала. Алайда Жаратушы кей әйелдерді осы бақытына кешіктіріп жеткізеді. Бұл да Тәңірдің бір сынағы шығар?!

«Сынақтан өткен соң құдай бала берді ме, әлде әжем айтқан ырым себеп болды ма екен, мен 40 жасымда тұңғышымды бауырыма бастым. Бір балаға зар боп жүрген келіншектер жасап көрсе, мүмкін олар да сәби сүйер», - дейді Айсапар есімді жамбылдық әйел.



Ол өзіне жәрдемі тиген ырымды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мен бір үйдің ортаншы ұлына жар болдым. Негізі ортаншылар ата-ана тарапынан онша елене бермейді. Сондықтан болар, менің жүкті бола алмай жүргеніме енем мән бере қоймады. Тұңғышы мен кенжетайын қалай ерекше жақсы көрсе, олардың келіншектеріне де бөлек көңіл бөлді. Екі айдан соң қайным үйленді де, біз жалдамалы пәтерге шығып кеттік.

Әу бастан-ақ енем мені ұнатпады. Мені көрсе безірейе қалады. Мүмкін менің әке-шешемнің тұрмысы олардыкінен төмен болған соң менсінбейтін шығар. Әлде мен ауылдың қызы және дипломым жоқ болғандықтан көңілі толмай ма, ұлына тең көрмей ме, әйтеуір мені ұнатпады.

Қара шаңыраққа алыстағы нағашылар қонақ боп келсе де, енем гәп жасаса да менен басқа екі келінін шақыратын. Ал мен үнемі ескерусіз қалып кетем. Мен де сол үйдің келіні болған соң, қонақ күтіп, шай құйғым келеді...

Енемнің мені ескермейтіні бір жағынан жақсы болған да сияқты. «Үш жыл өтті, неге немере сыйламай жатырсың? Аурусың ба?» деген секілді сөздер айтқан емес. Әлде, бала туа алмай жүргенімнен мені жек көре ме екен?

Құдай бермей жатса не істеймін? Үш жыл, алты жыл әр дәрігердің есігін тоздырдым. Күйеуім де ем қабылдады. Медицина мамандары үмітімізді үзбеді, бірақ олар сендіргендей балалы болмадық.


...Тұрмысқа шыққаныма тоғыз жыл болды. Тар құрсағым кеңеймеді. Дәстүрлі емес медицинаның әдіс-тәсілдеріне де жүгініп көрдік, болмады. Бір күні күйеуім менің көңілсіз жүргенімді байқап, «Төркініңе барып, он күндей демалып қайт» деді. Төркінім – таулы ауылда, алыста. Күйеуім екеуміз азық-түлік дүкенін жалға алып жұмыс істегелі төркінімді де ұмытыппын ғой.


Ауылыма сағынып жеттім. Кешкі ас ішіп отырғанымызда жеңгем «Бикеш, жақында көршіміздің келіні егіз туды. Егіз туған әйелдің бұтының арасынан өтсең, балалы боласың. Сондай ырым бар. Шақырайын ба келінді?» деді. Анам «Бұл ырымды түсік тастап қоя беретін келіншектер жасайды. Немесе баласы шетінеп кете берсе орындайды. Ал мүлде бала көтерменгендерге...» деп, маған жасауға болмайтынын түсіндіре бастап еді, әжем араласты.

«Қасиетті Құранда Жаратушы «Адамның ниетіне қарай берем» деген. Егіз бала тапқанның ғана емес, 3-4 бала туған кез келген ананың аяғының астынан өтуге болады. Қандай ырым болса да бастысы ниет түзу болса, жан-тәніңмен қалап, сеніп орындасаң, тілек орындалады. Одан кейін көбіне келіндер енесінің ризашылығын алмайынша балалы бола алмайды. Ененің батасын алуға да тырысу керек», - деп айтты.

Енемнің мені ұнатпайтынын білем. Мүмкін ол да себеп болуы мүмкін бала сүйе алмай жүргеніме. «Енем үш ұл, бір қыз өмірге әкелген ана ғой, оның астынан өтсем ше?» дедім әжеме қарап.


«Жәннат – аналардың аяғының астында» деп бекерге айтылмаған. Барлық адамның өмірі де сол аналардың екі аяғы арасынан (кейіпкердің өз сөзімен - ред.) басталады. Қай ананың астынан өтсең де өзің біл, бірақ баланы Алладан тіле. Сосын ең бірінші енеңнің тілін тауып, соның батасын алсаң дұрыс болар еді» деді.


Көршінің келіні келіскенмен, енесі рұқсат бермей қойды. Сондықтан мен енеме де бұл ырым туралы айтуға жүрексініп жүрдім. Сол жылы енеме «омыртқа жарығы» диагнозы қойылып, медорталыққа емдік терапияға барып жүрді. Екі келіні жұмыстан қолдары босамайтынын айтыпты. Енем маған қоңырау шалғанда қуанып кеттім. Алғаш рет енем маған өтініш жасағананына емес, оған қызмет ететініме қуандым.

Күнде физотерапияға ертіп барамын, сөмкесін көтеріп жүрем. Енемнің омыртқасы ауырғалы өздігінен жуынып-шайынуы қиындаған. Бір күні енеме «Аяғыңызға педикюр жасап берейін бе?» дедім. Мамандығым жоқ болған соң, тырнақ әрлеудің курсын оқып алған болатынмын. Енем күлді де «Қанекей, ол сенің қолыңнан келсе» деді. Ертеңіне енемнің қолы мен аяғының тырнақтарын алып, жууға кірістім. Байқағаным, кімнің болса да аяғын жусаң, оның мейірімі оянады екен. Енемнің аяқтарына крем жағып, уқаладым. Боядым. Енеме ұнады. Ол рахметін айтып, риза болды.

Келесі күні шашын бояп бердім. Ата-енемнің жуылмаған киімдері жиналып қалыпты. Төсек жаймаларына дейін кіржуғыш машинаға салып жудым. Енем кенже келініне айта алмай жүрген көрінеді, маған «Жақын маңдағы моншаға барып әкелсең...» деді. Моншада енемнің арқасын езіп жатып, әжемнен естіген ырымды айтудың ыңғайын таптым. Көршінің енесі рұқсат бермей қойғанын да айттым.


Енем «Әй, менің аяғымның астынан-ақ өте салсайшы. Екеуміз де анадан жаңа туғандай тыржалаңашпыз, мүмкін ырым тез әсер етер» деп, көзінен жас шыққанша әбден күлді. Ырымды орындап жатып менің де көзімнен жас домалап жатты. Мен енемнің мені келін ретінде қабылдағанына жылап жатқан едім...


Содан бері енем менімен емін-жарқын сөйлесетін болған. Менің басты қалауымды білгеннен соң ба, ай сайын аяғына педикюр жасап бергенімде «Перзентті бол, құдайым саған ана бақытын нәсіп етсін» деп батасын береді.

Қазір балапаным бес айлық. Қуанышымда шек жоқ. Бала аңсап жүрген барлық әйелге осындай қуаныш тілеймін...»

Айсапардың балалы болуына ырым, әлде енесінің батасы әсер етті ме? Сіз қалай ойлайсыз?


Ұқсас оқиғалар:

«Қызымның әкесі кім екенін білмеймін»: алматылық әйел өкінішін айтты
«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды