​«Бес күйеуден де бағым ашылмады»: тұрмыста жолы болмаған тараздық келіншек «Аналар үйін» паналап отыр

0
2 917

«Қызымды жақсы адам етіп тәрбиелегім келеді»


​«Бес күйеуден де бағым ашылмады»: тұрмыста жолы болмаған тараздық келіншек «Аналар үйін» паналап отыр
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Көресіңді көрмейінше көріңе кірмейсің» деген құп рас екен. Шыр етіп дүниеге келгенде маңдайыңа Құдайдың сызып берген тағдыры бар. Одан ешкім қашып құтыла алмайды екен», - дейді Балнұр есімді әйел.


Бес мәрте күйеуге тисе де бағы жанбаған Балнұр іштегі бар өкінішін ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтты.


«Мен де қатарлас қыздар сияқты сүйгеніме қосылып, ақ көйлек киіп, бақытты да баянды өмір сүруді армандағанмын. Алайда ондай бақыт пешенеме жазылмапты. Жетіскенімнен бес байға тигем жоқ. Тағдырым солай болды.


Алғаш рет он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Өз еркіммен емес, әрине. Ол кезде тым жас болдым. Оңтүстіктің жазылмаған «заңы», ойдан шығарылған «салты» бойынша мені көрші ауылдың жігіттері басып алып қашып кетті. Артымнан аға-жеңгем, әпке-жезделерім «қуып» келген. «Үлкендерді ұятқа қалдырма, есік аттап қойдың» деп басу айтып, мен сүймеген жігітке қалдырып кетті. Бірақ онымен бақытты бола алмадым. Күйеуімнің түрінің өзі жиіркенішті еді, әр қылығы, тіпті сөйлеген сөзі ұнамайтын. Ақыры кетіп тындым.


Төркінге келген соң тыныш жүре алмадым. «Пәленшенің қызы тәп-тәуір күйеуін менсінбей, келіп қалыпты» деген сөз желдей есті де, киім-кешегімді жинап, астанаға тайып тұрдым.


Астанада дайын тұрған үй, жұмыс жоқ. Не бітірген оқуым жоқ, күнкөрістің қамымен қаладағы дәмханалардың біріне ыдыс жуушы болып кірдім. Сол жерде басқарушы болып істейтін өзіммен қатар жігіт мені ұнатып қалды. Қалада анасы екеуі пәтер жалдап тұрады екен. Үйленуге ұсыныс білдіріп, ақыры бас қостық. Обалы не керек, күйеуім екеуміз тәп-тәуір тіл табыстық. Бірақ енем мені қабылдай қоймады. «Есік көрген әйелді келін еттің» деп баласының құлағын бұрап, ақыры екеумізді ажыратып тынды. Жүкті болмай, салт кезде құтылғаныма қуандым. Анадай енеге төзудің өзі ақырет еді. Баласын менен қызғанып, түн ішінде бөлмесіне әкетіп қалатын.


Менің ажырасып кеткенімді естіген анам «Киімдеріңді жина да, ауылға кел. Екі қолға бір күрек осы жақтан да табылады» деп шақырып алған. Екі айдай ауылда жатып қалдым. Осы кезде туған жеңгем төркін жағындағы бір жігітпен таныстырамын деп қоймады. Тракторшы екен. «Табысы жаман емес, шеке майың шылқып өмір сүресің» деп қыр соңымнан қалмаған соң, құда баламен таныстым.


Сөйтсем жеңгем менен құтылғанша асық болған екен ғой. Ешкімге керек емес екенмін. Қырық өтірігін айтып, көлденең көк аттыға беріп жібере салыпты. «Табысы керемет» деп таныстырған інісі ішімдікке әуес адам екен. Тракторы бір күн жүрсе, бір апта бұзылып жатады. Тауып келген табысын бір апта ішіп-жеп, берекемізді кетірді. Сонысына қарамай «Талай еркекті көрген қатынсың. Сені алғаныма қуан» деп сөзімен түйреп, жұдырығын жұмсап, күн көрсетпеді. Ақыры шыдамадым. Төркініме де, басқаға да хабарымды айтпай, киімдерімді жинап, астанаға кетіп қалдым.


Алдын келгенде бір-екі қызбен танысып қалғам, қонақүйде жұмыс істеп жатыр екен. Мені жандарына шақырды. Сөйтіп жүргенде қонақүйде тұратын қалталы бір азаматпен көңіл жарастырып қалдық. Табысым жаман емес, десе де арқа сүйер бір азаматтың болғанын қалайды екенсің.


Осылайша Жанболаттың етегінен ұстадым. Екеуміз алты ай бірге тұрдық. Бәрі жап-жақсы келе жатқан. Аяғымның ауырлағанын естігенде киім-кешегін жинады да, біржолата кетіп қалды. «Бірінші некеден үш балам бар, солар жетеді. Тағы бір проблема керек емес» деді ол.


Пәлен жылдан бері алғаш рет аяғым ауырлаған соң іштегі баланы алдырып тастауға обалсындым. Құдайдан қорықтым. Не де болса тәуекел етіп, босануға бел будым. Декреттік демалысқа дейі жұмыс істеп жүрдім. Бірақ кейін табыссыз қалдым да, бұрынғы көрген қиындығым еселене түсті. Жаңа туылған нәрестем қолда, жейтін тамақ, жатар орын жоқ, ауылға баратын бет жоқ, әбден қиналдым. Қиындығымды бірге істеген қызға айтып, сырыммен бөлісіп ем, «Мен сені ағамның досымен таныстырайыншы. Қырыққа келсе де үйленбеген, бойдақ. Көп сөйлемейтін, жуас жігіт. Мүмкін жарасып кетерсіңдер» деді.


Мәмет деген жігіт екен. Ол мені бір көргеннен ұнатты да, үйленуге ұсыныс білдірді. Қызыммен далада қалмайтыныма қуанып, ойланбастан келісімімді бердім.


Бірақ қырыққа келгенше бойдақ жүруінің себебі бар екен. Төсекке қабілетсіз болып шықты. Төрт ай бірге тұрдық. Түнімен өзінің еркектік міндетін орындай алмағанына күйініп, аһілеп-уһілеп шығатын. Бір күні базарға кетсем, өз-өзіне қол жұмсап, асылып қайтыс болыпты.


Отыз жасқа келмей жатып осыншама қиынды бастан кешірген менің маңдайымның соры бес елі екен. Күйеуім қайтыс болған соң қайынжұртым бір апта да сыйғызбады. Жеті күндік асы өтер-өтпес қызыммен далаға қуып шықты. «Бәленің бәрі сенен келді. Баламыздың басын жалмадың. Полицияға арыз жазбай тұрғанда көзіңді құрт» деп қорқытты.


Қазір «Аналар үйін» паналап отырмын. Бір жылға дейін тұруға рұқсат берді. Төркініме сыймаймын. Сөзімді сөйлейтін анам да бақилық болған. Ендігі өмірім бұлыңғыр. Енді мен үшін күйеуге тиюдің мәні қалмағандай. Бар арманым, қызымды жақсы адам етіп тәрбиелесем, өзім көрген қиындықты көрсетпесем деймін. Тек ол үшін шын жанашыр, бағыт-бағдар беретін жан керек сияқты. Жалғыз өзім тығырықтан шығатын жол таба алар емеспін».