«Біз өлсек қара шаңырақ иесіз қалады-ау»: жалғыз келінінен мейірім іздеген ана өкпе-ренішін білдірді

0
1 502

​«Сізге қызметшім шай береді деп кетіп қалды»


«Біз өлсек қара шаңырақ иесіз қалады-ау»: жалғыз келінінен мейірім іздеген ана өкпе-ренішін білдірді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алғаны жақсы болмаса, ұл – уайым. Барғаны жақсы болмаса, қыз – уайым». Құдайға шүкір, қыздарым жерге қаратпады, барған жерін көгертіп отыр. Ал маған келген келін жақсы болмады. Жалғыз ұлымызды бізге қарсы қойып, қалаға әкетіп қалды», - дейді Бүбайша апа.


Үш қыз, бір ұл тауып, бүгінде зейнеткер боп отырған кейуана келініне деген ренішін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жалғыз ұл болған соң қиын екен. Қанша қызың болса да, қазақта ұлдың орны ерекше ғой. Ол да бекер емес, қыздар қияға қонып кеткенде, ұяда отыратын ұл керек.


Үш қыздан соң, көптен күткен ұлымыз да дүниеге келіп, бізді қуантты. Оның орны ерекше болды, елден ерек етіп өсіруге тырыстық. Жалғыз ұл болсада көзінше еркелетпеуге тырысып, артынан тілеуін тілеп жүретінбіз. Оқыттық, жетілдірдік. Шет елге білімін жетілдіруге жібердік. Сөйткен ұлымыз жаман болған жоқ. Оқуды үздік аяқтап, жұмысқа орналасты. Жұмысы жақсы, халықаралық қатынаста жұмыс жасайды. Іссапарға жиі шығады. Онысына әкесі екеуміз түсіністікпен қарадық. Жас қой, өссін, өнсін, ел көрсін деп аяғын тұсауламадық. Бізге оның қайда жүрсе де амандығынан басқа ештеңесі керек болмады.


Отызға келгенше отау құруды ойламай, салт боп жүрген ұлымыз бір күні келін әкелем деп сүйіншілетті. Жалғызымыздың қуанышына жүрегіміз жарыла жаздады. Қызбен шет елде танысқан екен, сол жақта оқыған өзіміздің қазағымыз екен. «Осы қызға үйленем» дегесін құда-құдағидың алдынан өтіп, екі жастың басын қостық.


Келінім шет елде оқығанмен, әке-шешесі қазақи салт-дәстүрдің барлығын біледі екен. Тойымыз кәдімгі қазақтың тойындай боп, дүркіреп өтті. Кит кигізіп, құйрық-бауыр асадық. Адам аяғы азайып, жиналып, өз-өзімізге келе бастағанда ұлым жұмыстарымен алысқа кетпекші болды. Содан түскеніне бір апта болмаған келінім «мен де кетемін, күйеуімнің қасында боламын» деді. Ұялғаннан бетін қақпайық деп жібердік.


Содан үйде шалым екеуміз тағы жалғыз қалдық. Қыздар тұрмыста, келген күнде де оларға бір күннен артық қалыңдар деп айта алмаймыз. Бала-, ата-енесі бар дегендей. Күндер, айлар өте берді. Ұлым айына екі рет іссапарға кетеді, ол кетерде міндетті түрде үйде ұрыс шығады да, келінім соңынан ілесіп кетеді. «Мен ары кетсе бір аптаға барам ғой, үйде бол» деген баламның сөзін тыңдамайды. «Мен сенің үйіңді қарауылдап қалатын адам емеспін, жаныңда жүрем» деп тулайды да, ақыры дегеніне көндіреді.


Мейлі ғой басында жас, енді үйленді дедік, бірақ арада екі жыл өтсе де келін әдетін өзгертпеді. Үйде қалғысы келмейді, ұлыма іссапар кезінде, жұмысынан өзіне арналған ақша бөледі. Келінім барамын деп отырып алған соң, ол амал жоқ барған жерлерінде қосымша шығынданып, үй жалдап, келіншегінің жағдайын жасайды.


Басында келінімнің оғаш мінезіне сабыр сақтап, үндемедім. «Аяғы ауырласа өзі-ақ сабасын түсер, баласымен әуре боп кетеді ғой, әлі ыстық-суығы басылмаған шығар» деп күттім. Бірақ менің күткенім бола қоймады. Жүкті келінім шіліңгір шілдеде көлікпен Астанаға жолға шығам деп қиғылық салды.

«Қызым-ау, өзіңді ойламасаң да іштегі баланы ойласаңшы, көлікпен сағаттап қақайып отыру оңай деймісің» деп түсіндірмекші болып ем,«Апа, қазір 21 ғасыр ғой, кім үйде отырады дейсіз, мені үйге қамап қою үшін алдыңыздар ма? Тірліктен қиналсаңыз қызметші жалдап беремін, әке-шешем мені құл болсын деп туған жоқ. Сонша білім алғанымда неге үйде отыруым керек? Ондай болса ауылдың көнбіс қызын-ақ алмадыңыздар ма, Құдайдың берген бір өмірін адам құсап сүрейік те» демесі бар ма?!


Келіннен мұндай сөзді күтпегем, аузым ашылып қалды. О, тоба, осындай да болады екен ғой, сонда үйде істеп жатқан тірлігі жоқ, жылап жатқан баласы жоқ, беймаза күйеуі жоқ неге қиналып жүр екен деп ойлап қоямын. Бір оқуды бәрімізде оқыдық емес пе? Онда да міндетсінуді білмейтін едік. Оған қарап сөйлей алмай қалдым. «Мен күйеуім жоқ кезде бұл үйде бір минут та қалмаймын» деген келінім ақыры күйеуінің соңынан еріп кетті. Қартайғанда алған қатынының сөзінен шыға алмай, бізге қарай-қарай балам кетті.


Сол кеткеннен келінім үйге келмеді. «Менде угроза екен, қаладағы мықты дәрігерлерге көрініп тұрмасам болмайды. Ауылда жақсы маман жоқ» деп баламыздың басын айналдырып, қалаға көшіп кетті. Кеткенде де баламыз келіп, мән-жайды түсіндіріп, келіншегінің киім-кешегін жинап әкетті. «Уайымдамаңыздар, апта сайын келіп тұрам, ақша салып тұрам» деп бізді жұбатып қояды. Бізге оның ақшасы керек пе еді? Бір ауыз жылы сөзі мен келіннің жылы қабағынан басқа нәрсе сұраппыз ба?


Бір күні шыдай алмай арттарынан бардым. Қайда, қалай тұрып жатқанын көрейін деп үйден зілдей қылып құрт-майымды, айран-сүтімді құйып алғам. Келін жерік қой, жесін деген аппақ ниетпен артынып-тартынып әрең жеттім. Барсам балам жұмысында екен, пәтерден аттағаным сол, "апа, сіз айтпай келдіңіз ба, мен шығып бара жатыр едім, қазір сізге қызметшім шай береді, жайғаса беріңіз" деп босағадан амандасты да, шырттай боп киініп кетіп қалды.

Есі дұрыс адам келген қонақтың жағдайын сұрап, 5-10 минут аялдаса болады ғой. Келінімнің мені сонша жақтырмайтыны несі екен? Түсіне алмадым. Алыс жолдан аузым құрғап, әрең жеткем. Бір-екі кесе шай ішейін десем қызметшісі орыс екен. Ала көзімен бір қарап, бір кесе шайды әрең ұсынды. Келген ізіммен ауылға қайтып кеттім.


Қазақ шаңыраққа ие болып қалады деп ұл туса қуанушы еді. Қара шаңырақтың біз өлген күні есігі ашылмай, сол күйі қалатын сияқты. Тәрбиенің қай жерінде қателестік екен. Келінімнің бізге деген ықылас-мейірін қалай оятуға болады?»