"Бәріміз қашып кетсек болады ғой осылардан?» деп ойлаушы едім"...
«Әкесіз жетім – жарты жетім, шешесіз жетім – тұл жетім»...
Қазір тірі жетімдердің көбейгенін ешкім жоққа шығармаса керек. Әкесі тірі бола тұра жетімнің күнін кешкендер аз емес.
Сондай тағдырдың теперішін жастай көрген жандардың бірі Болат (есімі өзгертілді) редакцияға хабарласып, өмірін өксіткен жандарға өкпесі қара қазандай екенін білдірді.
- Екі жас үйленген соң оларды тек түзу жолға салып отырғаннан басқа ешкім олардың ішкі тірлігіне араласпаса ғой?! Біз, інім мен қарындасым үшеуіміз нағашы әжемнің, ағаларымның кесірінен жетім қалғанбыз. Солар біздің көрген барлық қорлығымызға кінәлі!, - деген оның дауысы қатқыл шықты.
Болаттың айтуынша, анасы мен әкесі ажырасқан кезде оның жасы 7-де болған. Ал екі бауырының бірі бес, екіншісі төрт жаста болған екен.
- Үйге нағашы әжем келіп кеткен сайын ұрыс-керіс болатыны есімде қалыпты. Ол кісі келмеген күні анам мен әкем ұрыспайтын, қайта көңілді жүретін. Бала болсам да бәрін білетінмін, көретінмін. Сол кезде сездім бе, ата-анам ұрысып қалған сайын ішімнен олардың ажырасып кетпеуін тілейтінмін. Екі бауырымды құшақтап, олардың ұрысынан қашып ұйықтап қалатын күндеріміз көп болған.
Сондай бір күні нағашы әжем мен анамның ағалары әкемді далада ұрып тастады да, бізді көлікке салып әкетіп қалды. Не болғанын түсінбеген күйі жылап кете бардық. Анам алдыңғы орындықта жылап отырды. Сол кезде әжемнің «осы сұмырайға тиме дедім саған!» дегені жүрегіме оқтай қадалды. Менің әкемді айтты сұмырай деп...
Оншақты күн нағашымыздың үйінде жүрген соң әкем мен оның ағасы келіп бізді алып кетті. Бірақ содан кейін қайтадан тыныш өмір сүре алмадық. Нағашыларымыздан қорқатынымыз сонша, солар үйге келмесе екен деп тілеуші едік. Олардың әкелген тәттісін де жегім келмейтін. Сөйтіп жүргенде нағашы әжем тағы келді де, үйде тағы ұрыс болды. Сөздерінен естігенім, «ол сені асырай алмайды, пәтер жалдатып қойып үйін неге ағасына береді, оған қор ету үшін туған жоқпын сені, бала-шағаңмен алып кетемін» деп айғайлап ұрысты анама.
Әйтеуір ұрыстың ұзақ болғаны есімде, бір кезде үлкен көлік әкеп нағашыларым бар заттарымызды тией бастады. Әкемнің басы салбырап үй алдында отырғаны, анамның жылап үйге кіріп кеткені, бізді киіндіргені есімде мәңгі қалып қойды. «Енді кетсең бармаймын!» деді әкем. Ал мен жетектеген нағашымның қолынан шығып әкеме қарай жүгірдім. Жолдан анам ұстап алды да, құшақтап көтеріп көлікке әкеп отырғызды...
Сол бойы біз әкемізді көрмедік. Талай рет жыласам да анам «алысқа көшіп кетіпті» деп құтылатын. Бірақ өзі оңашада жылағанын талай көрдім, - дейді өткенін өкінішпен еске алған азамат.
Айтуынша, содан кейін әкесін көрмеген олардың нағашыдан көрген қорлығы да көп болыпты.
- Әкемізден ажыратып алып кеткенде бізді басымыздан сипай қойған ешкім болған жоқ. Көп өтпей әжеміз қайтыс болды да, нағашы жеңгеміз бізді жақтырмауды бастады. Әжеміз тірі кездің өзінде «жалмаңдап, әкесіне тартқан» деп үнемі бізді ұрысып отыратын. Қашып кеткім келді, бірақ анам мен екі бауырымды қимадым. Оның үстіне әкемді қайдан іздеймін? Бір жағынан бізді іздемеген әкеме де өкпелі едім іштей. «Неге келіп ұрлап кетпейді? Бәріміз қашып кетсек болады ғой осылардан?» деп ойлаушы едім.
Әжем қайтыс болған соң анам да жұмысқа шықты. Мен қасында көмектесетінмін. Базарда ақша тауып, өзімізді асырадық. Жеңгесімен жиі ұрысып қала берген соң пәтер жалдап шығып кеттік. Содан кейін ғана өміріміз жеңілдей бастады. Мен ол кезде 13-ке келгенмін. Анамның екі ағасы бұрынғыдай келе бермейді, көмек сұрап барса өз балаларының барын айтып шығарып салады. Бір күні анамның: «Осылай боларын білгенде ажыраспас едім, сендер кінәлісіңдер! Балаларымның көз жасы ұрсын сендерді!», - деп жылағанын көрдім.
Бір күні анам үйге келе салысымен үшеумізді құшақтап отырып әбден жылады. «Мені кешіріңдерші! Мен кінәлімін...» деп отырып әкеміздің қайтыс болғанын айтты. Інім мен қарындасымның есінде қалмаса керек, ал күнде қиялымда әкеммен кездесіп жүрген маған ауыр тиді. Әлі де іздеймін, табамын деп жүргенімде әкем ішкілікке салынып, соңынан далада жатып қайтыс болып кетіпті.
Өзіңіз ойлаңызшы, кім кінәлі? Егер әкемнің сол кезде жолы болмай жүрсе, жұмысы болмаса ажырастырып жіберген сол екі нағашым неге жұмысқа орналастырмады? Қос-қос үйінің бірін неге уақытша бере тұрмады? Демеп жіберсе, біздің отбасымыз күл-талқан болмас еді ғой?! Әкем де тірі болар ма еді?!
Қазір анам бауырларымен араласпайды, өмір бойы базарда жұмыс істеп келген соң денсаулығы да нашар. Ал біз амалдап күн көріп келеміз. Әлі күнге пәтер жалдап тұрамыз. Мен оқымадым, анамның орнына сауда жасаймын. Екі бауырымды оқыттық, олжамыз сол ғана. Жасым 31-ге келсе де үйленгім келмейді. Үйленсем, әйелімнің бауырлары кемсітіп, түгім жоқтығын бетіме басатын сияқты. Оның үстіне үйленуге де қомақты ақша керек. Ал мен қазір үй алуға ақша жинап жүрмін, - дейді Болат.
Болат нағашыларын әлі кешірмеген және әкесіз өскеніне соларды кінәлі санайды. Қазір әкесінің ағасының балаларын тауып, туыстық қарым-қатынас орнатыпты. Ең болмаса соған да шүкір деп отырған жайы бар көрінеді.