​«Біздің баланы тайға, өз балаларыңды атқа мінгіздің»: ағайындылардың тойы өкпе-ренішпен аяқталған

0
10 490

«Құдамның түрі төбелеске келгендей түтігіп кетті»


​«Біздің баланы  тайға, өз балаларыңды атқа мінгіздің»: ағайындылардың тойы өкпе-ренішпен аяқталған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Баяғыда той ағайын арасын жақындатын маңызды шара еді. Туған-туыс тойдың себебімен бас қосып, бір-біріне қол жәрдемін беріп, мейірім оянатын. Қазір керісінше, бақталастық туғызатын, өкпе-ренішке ұласатын жағымсыз дүниеге айналып бара жатқан сияқты», - дейді Нұрмахан есімді түркістандық азамат.


Нұрекең таяуда екі баласын сүндетке отырғызып, ауылында үлкен той өткізіпті. Бірақ соның соңы үлкен дауға айналып кеткен көрінеді. Отбасында болған оқиғаны Нұрмахан ERNUR. KZ тілшісіне айтып берді.


«Ауылдағы қарашаңырақта анам мен ағам, отбасымен тұрады. Таяула сол кісілер «Баламызды сүндеттейін деп жатырмыз, екі баланы ауылға жібер, бірге отырғызайық» деп хабарласты. Негізі өзім де биыл «жатқызамын» деп жүргенмін. Қаладан тәп-тәуір хирург те тауып қойғанмын. Бірақ анамның сөзінен аттап кете алмадым. Не керек, ағамның ұлы, менің екі балам, үшеуі ауылда «кестірді».


Ертеңіне көпті жинап құдайы өткіздік. Сол жерде анам бізбен ақылдаспай, ойласпай той белгілеп жіберді. Негізі бұл жиынға өзі іштей дайындалып жүрсе керек, «Қыркүйектің төртіне ауылдың тойханасына той белгілеп келдім. Көзімнің ағы мен қарасындай болған екі ұлымның балалары да сүндет тойын бір тойлайды» деп көпшілікке жариялап қойды. О баста біздің жоспарымызда той істеу деген жоқ еді. «Апа, неге асықтыңыз, келесі жылы өзіміз бірдеңе етер едік қой. Ағам тойын өткізе берсін» деп едім, тыйып тастады. «Қалада бір айлыққа қалт-құлт етіп жүрген адам қалай той берсін? Құдайға шүкір, әкелеріңнен қалған мал бар. Бір жылқыны соямыз, біреуін сатып тойдың дастарханын қаражаттаймыз, ары қарайғысын Құдай жеткізер, уайымдамаңдар» деп тоқтатты. Үлкен кісі «көзімнің тірісінде қуаныштарыңды көрейін» деп сөзін аяқтаған соң ләм-мим дей алмай қалдық.


«Нұрмахан, мен вахтаға кетіп барамын. Тойдың шаруасын өзің реттей бер» деп ағам басқа қалаға кетіп қалған. Бар шаруа өзіме қалды. Тойдың басы тізім жазудап басталмай ма? Жеңгеме «сіздер жақтан келетін қонақтардың тізімін, рет-ретімен жазып беріңіз» деп тапсырдым. Ол көп ұзатқан жоқ, дереу әкеліп, қолыма ұстата қойды. Бәленің бәрін әйелім бүлдірді. «Мен жақтан келетін кісілердің тізімін мамам әкеліп береді. Жалпы үш стол қалдырсаң, сол жетеді» деді. «Тізім жасау қиын ба, ертерек алдыра берші» деп едім, ақыры өзінің дегенін істеді ғой.


Той күні бәріміз киініп, тойханаға барып алдық. Асаба келген қонақпен амандасып, арнауын айтып, сән-салтанатымен балалар мінетін атты тойхана төріне алдыртты. Тойдан алдын атқа тапсырыс бергенде аты бар жігіт «Бір үлкендеу, бір кішілеу ат бар» деген. Ойымда дым жоқ, екі баламды бір атқа, ағамның ұлын екіншісіне мінгізем деп ойлағам. Той үстінде әлгі екі ат кірді де, менің екі балам кішілеу атқа сыймайтынын көріп, екеуін үлкен атқа отырғыздым. Ағамның ұлы кішілеу сұр атқа мінді. Сөйтсем мұның бәрін ағам мен жеңгем көңілдеріне тоқып тұрыпты.


Сонымен не керек, той басталып, ағайындар сөз сөйледі. Артынша асаба жүгіріп келіп, «Құдалардың тізімі қайда? Сөз сөйлейтіндердің тізімін беріңіздер» деп тұр. Шығар кезде қолымда еді, жеңгем берген қағаз абыр-сабырда үйде қалып кетіпті. Жүгіріп барып, әкеле салатын жер емес, ойбайладым да қалдым. Сол сәтте менің әйелім өзінің төркін жағының тізімін әкеліп, асабаның қолына ұстатып кеткен ғой.


Асабада не кінә бар, жеңгем екеуміз қолмен тізім жазып жатқанда асаба әйелім қолына ұстатқан тізімді тізе жөнелді. Шегінерге жол жоқ, сөзге алдымен кіші ұлдың қайын жұрты шықты да кетті. Ағам мен жеңгем түнеріп, жеңгемнің әкесінің бізді атарға оғы болмай, төрде көгеріп-сазарып отырып қалды.


Екінші кезекте жеңгемнің төркініне сөз берілді. Асаба мақтау сөздердің небірін жаудырып, әспеттеп шақырса да үлкен құда төбелесуге келгендей түнерді, оның айналасындағы біраз құда орындарында отырып қалды. Ақырында микрофонды қолыма алып, менен бір ағаттық кеткенін айтып, құдамды өзім қолтықтап шығардым.


«Екеуіңе той ортақ, дегенмен жөніңді біл, құда. Сен қанша тырыссаң да, тырбансаң ба ағаңның жолы үлкен, жөні де бөлек, біз бұл әулеттің есігін бірінші ашқанбыз» деп елдің көзінше абыройымды айрандай төге салды. Кешірілмес қателік жасағанымды түсіндім. Сөз сөйлеген құдалар ашуы тарқамағанын білдіріп, билемей қойды. Бұдан кейін қалай көңілім көтерілсін, көпшілікке өтірік күліп жүріп, аман-есен шығарып салдық.


Дау-жанжалдың «көкесі» ертеңіне басталды ғой. Иығымыздан жүк түскендей, үлкен іс тындырғандай болып таңғы шайымызды ішіп отырғанбыз. Ағам ойындағысын лақ еткізіп төге салды.


«Нұрмахан, сенің соншалықты іштар екеніңді білмеппін. Білгенімде жұмыстан сұрансам да тойдың дайындығына өзім жүгірер едім. Менің баламның жасы үлкен, бойы да ұзын. Оны сен мәстек атқа отырғызып қойыпсың. Содан не ұттың? Қала берді қайынжұртымның алдында позорымды шығарып, келіннің төркінінен кейін сөз беріп тұрсың. Атамның ашуын білесің, мінезі жаман, абырой болғанда тойханадан шығып кетпеді. Быт-шытымызды шығарар еді» деп бірталай нәрсе айтып тастады. Жеңгем де өзінше күңкілдеп жүр.


«Тойға түскен табысқа қора салып алайық, анау ескірді» деді ағам. Сол кезде менің әйелім шарт кетті. Менің төркінім әкелген ақшаны өзімізге беріңіздер, ертең оны өзіміз қайтарамыз» деді жұлып алғандай. «Сенің төркінің келсе, біздің дастарханымыздан ішіп-жеп кетті ғой. Осы тойға сендер не қосып едіңдер» деп жеңгем шапылдады. Ойда-қырда ішкен шайымыздың берекесі кетті, анамның қан қысымы көтеріліп, жанымыз шыға жаздады.


Анам кішкене тәуір болғанда «Ақша алмаймыз, рахмет, керектеріңізге жарата беріңіздер» дедім де, отбасымды алып, қалаға кетіп қалдым. Бұлай той істегеннен, істемей-ақ қойған дұрыс еді...»