​«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты

0
3 226

«Ол мені, мен оны жек көрдік...»


​«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ене мен келін арасындағы кикілжің, түсініспеу отбасындағы басты мәселенің бірі деуге болады. Тұрмыстық түйткілдің осынау бір себебінен ажырасып кетіп жатқандарды да көп естиміз. Бірақ түркістандық келін енемен тіл табыса алмаудың жөнсіздігін айтып, өз басынан өткенін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген еді.

«Енеммен өле-өлгенше түсінісе алмадым. «Алдыңа келеді, сен де ұл өсіріп отырсың» дейтін қатты ренжігенде. Сондайда мені қарғап отыратындай көрінетін. Сөйтсем, білген екен екен ғой. Қазір ішімнен «енеммен неге тату болмадым?» деп өкінемін. Себебі, екі жыл бұрын қайтыс болды. Әсіресе, ауруханада қасында жатқан әйелден мен туралы айтқанын естігенде жылап жібердім», - деген ол кім болса енемен тату тұрғаннан жаман болмайтынын айтады.


- Біздің түсініспеушілігіміз мен табалдырық аттаған сәттен-ақ басталды. Екі ай өтер-өтпесте дүкенге немесе күйеуіммен отырыстарға барайын десем, жібермейтін. «Жас келінге желкілдеп не бар? Ұят болады. Әлі-ақ барып үлгересің» деп қарсы болатын. Күйеуімді жалғыз жіберіп ол келгенше жылап жататынмын.

Кейін жүкті болдым да, токсикозым тым ауыр өтті. Үйдің тамағын жегім келмейді. Көшеден сатып әкеп берген күйеуім мен үшін ұрыс еститін. «Жеті бала тусақ та жерікпін деп айтпаппыз, не болды көшеден тамақ тасып?!» деп ұрысқанда ол маған кейде тығып әкеп беретін немесе енем үйде жоқ кезде ғана жеуші едім. Осылайша енем менің көзіме сол кезден бастап жау көріне бастады.


Тұңғышымды босанғанда айтқан сөздері, дұрыс шықпай қалған тамағымды сынауы, жылаған баламды жұбата алмауым, не керек бәрін-бәрін сөз етіп, ұрысып-сынап отыратын енемді мен жек көрдім. Бірақ ол үйден кете алмайтыным анық еді. Күйеуімді қатты жақсы көрдім және мен жылағанда тек ол ғана қолдау көрсетіп, анасы екенін, оны түзей алмайтынын айтып жұбататын.


Сөйтіп жүріп дүниеге 4 ұл әкелдім. Үлкен екеуім әскерге барып келген жылы енем төсек тартып жатып қалды. Қанша жек көрсем де күйеуімнің анасы, балаларымның әжесі ғой. Барынша күтімін жасауға тырыстым. Болмаған соң ауруханаға жатқыздық. Ерден ерте жесір қалған кісі ғой, жанашыр қызы да жоқ. Үш ұлын өзі жеткізген кісі. Жатырынан қатерлі дерке шалдыққан екен, дәрігер емдеу уақыты өтіп кеткенін айтты. Бірақ өмірінің соңына дейін аурханада жатты.


Дәрігер «үміт жоқ, алып кетіңдер» деген күні түнде өзі де сезді ме, аурумен арпалысып шаршады ма, үзіліп кетіпті. Ертеңіне мәйітін шығарғанша заттарын ауруханадан алып кетуім керек болып палатасына кірдім. Қасында жатқан әйел «өле-өлгенше сені айтып кетті» дегенге «мұнда да мені жамандады ма?» деген ойдың келгені рас. Құдай өзі кешірсін, пендеміз ғой, алдымен жаман ойлайтын.


«Келінім алтын, келгеннен қызметін жасап, бір сөзіме қарсы келген емес. Қанша ұрыссам да жылап алып жүре беретін. Қызымдай болып кетті қолымдағысы. Ана үлкен екеуі бәрібір бөтен боп тұрады. Ауырсам да, бір жаққа кетсем де іздейтін ұл емес, келін екен ғой. Үйге барып сол келініме бәрін тапсырып кетсем арманым болмас еді. Ол сияқты менің жағдайымды ешкім жасай алмайды» деп отырды кешеге дейін. Сен бе едің сол келіні?! Жазған-ай, жете алмады-ау шаңырағына...», - дегенде енемнің нымшасын ұстап тұрып жылап жібердім...

Кейіннен жеті күндік, қырық күндік асын өткізгенде де аса бір сезіне қоймап едім. Адам аяғы тараған соң күйеуім жұмысқа, балалар өз ісімен кеткенде үйде жалғызсырайын. Енемнің бөлмесіне кіріп заттарын жинастырып отырып сандығының түбіне салып сақтағандарын шығардым.


Мен келін боп түскенде жапқан орамалымды үкісімен сақтапты. Дәу де болса немере келініне жапқысы келсе керек. Тойда түскен күйеуім екеуміздің суретімізді салып қойыпты сандығына. Сыйға әперген алтын-күмістің бәрін реттеп жинаған ғой. Бәрін ақтарып отырып егіліп жыладым. Неге жек көрдім? Неге сонша илікпедім енемнің алдында? Қанша рет басқа келіндерге, жолдас келіншектерге жамандадым ғой оны?! Неғып олай істедім?!


Қазір соның барлығына өкінемін. Екі абысыным расында бөтен. Енем қайтқан соң келулері де сиреді. Ақылдасатын, «ананы өйт, мынаны бүйт» дейтін де адамның бары жақсы екен. «Енеңнің орнына енді сен барасың» деп құдалықта, басқа той-жиынға шақырады. Сондайда ішім ашып кетеді. Мүмкін, мен онымен тату болғанда, сырымыз ашық болған да тағы біраз жасар ма еді?! Сезбеді емес, менің қабағымнан өзін жаратпайтынымды өмір бойы сезінді ғой.

Ертең әні-міне дегенше келін түсіргелі отырмын. «Келінім де мені жек көрсе қайтпекпін?» деген ой келген сайын денем түршігеді. Енеммен тату болмағаныма өкінемін, - дейді ол.