«Олар бір-бірімен араласпайды. Маған қиын болып жүр...»
иллюстрациялық сурет ғаламтордан алынды
«Осы күнге дейін мен өзімді өсіп-өнген, текті әулеттің қызымын. Әке-шешем оқыған, көкірегң ояу жандар деп ойлаушы едім. Сөйтсем олардың ішкі пиғылы, ниеті басқа болған екен. Оларға балалардың бақыты емес, ақша маңыздырақ сияқты», - дейді Гүлшат.
Шымкенттік жас келіншек төркінім үшін ұяламын деп отыр. Оның себебін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Әкем аудандық әкімшіліктің сәулет бөлімінде жұмыс істейді. Анам мектепте мұғалім. Обалы не керек, мені, екі інімді ешкімнен кем қылмай өсірді. Жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Мен де анамның еңбегінің арқасында сабақты өте жақсы бағамен бітіріп, өз күшіммен универсиетке түстім. Биыл бітіргелі отырмын.
Университетте оқып жүргенде Мирас есімді жігітпен танысқанмын. Үш жылдан бері біргеміз. Екеуміз бір-бірімізді шын сүйеміз. Жақында шаңырақ көтердік. Бірақ соған дейін біраз кедергіні жоюымызға тура келді. Әлде де құдалардың арасындағы өкпе-реніш тарқаған жоқ. Сол біздің көңілімізге кірбің ұялатады.
Бәрін басынан бастап айтайын. Ерте көктемде Мирастың ата-анасы менің әке-шешемді «тәтті шайға» шақырды. Қаладағы ең мықты деген мейрамханалардың біріне әдемілеп дастархан жайған. Менің әкем мен анам «Алғашқы қуанышымыз ғой, Балқия жеңгемізді, Мәлік қайынағамызды, төркін жағымнан Данияр інімді, Әлима келінді, сосын сыныптастарымыздан Фарида мен Сапарды, Қалдыкүл әпкеңді, апаңды ертіп аламыз» деді. Мен қатты ыңғайсыздандым. «Мама, мынау кішігірім құдалық болып кетті ғой. Тәтті шайға ары кетсе 4-5 адам барушы еді» деп тұспалдап едім. Тыңдаған жоқ. «Жалғыз қызымыздың тәтті шайына бара жатырмыз. Күтсін, құда болғысы келсе шыдасын» деп табандап тұрып алды.
Обалы не керек, біз жақтан барған кісілердің бәрін Мирастың ата-анасы, туыстары жақсылап күтіп алды. Қойды бүтіндей пісіріпті, әрқайсысына киіт алыпты. Дастарханда құстың етінен басқаның бәрі бар. «Құда болсақ деп келіп отырмыз. Баяғының жолымен алдарыңыздан өтіп, Гүлшат қыздарыңызды айттырып келдік» деп үлкендер жағы рұқсат сұрады. Апам ақ батасын беріп, үлкен ас желінген соң біздер кетіп қалғанбыз. Кейін жеңгемнен естігенім, Мирастың ата-анасы «Бізге көрпе-төсек керек емес. Сондықтан қоржын әкелмейміз. Қалыңмалдың ақшасы мына конвертте, риза болыңыздар» деп ұстатыпты.
Үйге келген соң бәрі берген қалыңмалды ашып, санапты. Тұп-тура миллион шыққан. Сөйтсе нағашы ағам мен Қалдыкүл әпкем «Құдаларыңның жағдайы жақсы екен. Әйелі де, өзі де үлкен кәсіпкер екен. Қызыңа қоржын әкелмеймін дегені несі? Салт-дәстүрді сыйламағаны ма? Берген қалыңмалы да аз ғой. Қазір миллионға түк те келмейді. Қоссын, айтыңдар!» деп өзара ақылдасыпты. Тәтті шайдан ішкен адамдарда қайбір ес болсын? Нағашы ағам дереу құданың нөмірін сұрап, Мирастың әкесіне «Құда, берген қалыңмалың аз екен. Қызымызды менсінбегенің бе? Әлде бізді соған тең көріп отырсың ба?» деп сұрақтың астына алған ғой.
Мирастың әкесі де мінезді адам. Қарап тұрмай «Бір қора адам болып келіп, іштіңдер, жедіңдер. Мейлі, оған ештеңе демеймін. Енді қыздарыңды саудалап, берген ілтипатымызды сынап тұрсыңдар ма? Бізге сіздерден ешқандай дүние керек емес, тек кәдесін жасадық. Мұндайларың бар дастархан басында бәрін ашып айтпадыңдар ма? Енді келіп артымыздан сөз еткендерің қалай? Берген сый-сияпатымызды азсынсаңдар, онда ертең қайтара салыңдар. Сіздердей адамдармен жекжат болғымыз келмейді» деп тұтқаны тастай салыпты.
Бірақ Мирас айтқанынан қайтпай тұрып алыпты. Әкесін көндіріп, 500 мың теңге тағы бергізді. Ал менің ата-анам соны ұялмай алды. Мына жақта мен ұяттан өртеніп кете жаздадым. Екі жақтың той-жиыны өтті. Үлкен тойда Мирастың әкесі мен менің әкем ішімдікке свылқия тойып алып, тойда төбелесе жаздады. Той істеген адамның жайы белгілі ғой, бәріне бірдей көңіл бөле алмайсың. Ата-енем жаңа құдалар жаққа "ішіп-жеңіздер, алыңыздар" деп бір-ақ мәрте барыпты. Той аяқталар шақта папам құдасына келіп "Бізді менсінбегеніңді тойда да білдіріп тұрсың ба? Бір келіп, хабар алуға жарамадың. Туыстардан ұят болды" деп ренішін білдірген. Атам да қарап тұрмай сөз қайтарған. Бір қарасақ екеуі бір-бірінің жағасынан ұстап, төбелесуге дайын тұр. Үлкендер жағы араға түсіп, екеуін әрең ажыратып алды.
Содан бері екі жақ бір-бірімен араласпайды. Қайын атамның да маған деген көзқарасы басқаша, ұнатпайтынын сеземін. Кейінгі балаларына «Көргенді жердің қызын алыңдар, текті, өзімізбен терезесі тең адамның қызымен сөйлесіңдер» деп екі күннің бірінде сөз етіп отырады. Енем де әр тірлігімнен мін тауып,соңғы кезде сөзімен «шымшып» алатынды шығарды. Отырған жерінде «Менің Мирасыма тиіп, жолың болып кетті. Мирастайыма небір қыздар ғашық еді» деп жүйкеме тиіп жүр.
Ата-анама «Құдаларыңызды тамаққа шақырып, қонақ етіңіздер» десем, «Қыз алып отырған адам бірінші шақырсын» деп ерегісіп отыр. Бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатынын білмеймін. Бүйте берсе Мирас екеуміздің қарым-қатынасымыз нашарлай ма деп қорқамын. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Ақыл-кеңес беріңіздерші».