«Немерелі болса да бөтен еркекке көз сүзіп қояр емес»
иллюстрациялық урет ашық дереккөзден алынды
«Көрші ақысы - Тәңір ақысы» деген бар. Әкем марқұм «қайда тұрсаң да көршіңмен тату бол» деп айтатын, сол өсиетке адалдық танытып, көшіп-қонған жердегі көршілермен жүз шайысып көрмеппіз. Өз үйім болды, енді айналаммен емен-жарқын араласамын, көршілермен гәп ойнаймын деп жүргенде жолым болмай қалды. Көздей көршім ардан безген біреу екен», - дейді Нұрбала есімді түркістандық әйел.
Былтырдан бері бес бөлмелі үй салып жатқан оқырманымыз қайынағасы мен көрші әйелдің жасырын кездесіп жүргенін айтады. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне Нұрбаланың өзі айтып берді.
«Пәтерден пәтерге көшіп жүріп, әзер дегенде қала сыртынан жер алдық. Ата-енем жәрдем беріп, несие алып үй тұрғызуды бастадық. Қолыңда қыруар қаржың болмаған соң шіреніп тұрып ұста шақыру қайда? Күйеуім ағасына қолқа салды. Ауылда әжептеуір ұста еді, інісіне көмегім болсын деп келе қалды.
Қайынағам келе сала көрші әйелмен шүйіркелесіп кетті. Басында оған назар аудармадым. Айнала шаң-тозаң, топырақ, құрылыс заттары... Кешке дейін шаруаға қолғабыс етіп, екі мезгіл ыстық тамағын істеп, көрші келіншекпен танысуға мұрша болмады.
Бірақ бір күні қайынағама қайта-қайта әлдекімнің телефон шала беретінін аңғардым. «Жақсы, қазір» дейді де көрші үйге зыта жөнеледі. Жарты сағаттай әлгінің үйінде бөгеліп, бір уақта келеді. Бір күні шыдай алмадым. «Көрші әйелдің күйеуі бар ма?» деп сұрадым. Қайынағам бәрін бес саусақтай біліп алған екен. «Күйеуі алысқа камазбен тауар тасиды екен. Айына бір-ақ апта үйінде болатын көрінеді. Өзі бұрын бірінші күйеуден бір қыз туған екен, онысы тұрмыстан бір баласымен қайтып келіп, немересін шешесіне тастап кетіпті. Үйінде құдығы жоқ екен, соны қазуға көмектес деп шақырып жүр. Қолым тигенде барып, үйінің арт жағынан құдық қазып жатырмын» деп жайып салды.
Бірақ ол құдықтың қазылуы ұзаққа созылды. Көрші әйелдің өтініші күннен күнге көбейе берді. Телефонына тыным жоқ. Шырылдағаннан «Көрші подружкаңыз ба?» деп әзілдейтін жағдайға жеттік. Жас дейін десең, немерелі адам. Күйеуі бар. Жас қыздардай бөтен еркекке жабыса бергені несі?..
Бір күні қайынағам «көрші әйелді қонаққа шақырайық» деп қиылып тұр. Нервім шықты. Айрап-жайрап отырғанда қайдағы қонақ? Мына кісіде де ми жоқ екен дедім.
Бір күні әбден шаршап, ертерек жатып қалғанбыз. Түн жарымында оянып кетсем үйден біреудің күбірлеген даусы естіледі. Әлі бітпеген үй ғой, дауыс жаңғырып шығып жатыр. Ақырын тыңдасам қайынағам, көрші әйелмен махаббат сезімін білдіріп, өліп-талып барады. «Қызым үйде дейсің бе? Енді қайттік? Сыртқа шыға аласың ба?» деп қояр емес.
Болған жағдайды күйеуіме айтып едім, «Кайдағыны айтпа, менің ағамның ақылы бар. Бала-шағасы, жеңгем тұрғанда біреуге қарайды деймісің?» деп өзіме жекіп тастады. Таңертең жұмысқа кетіп, кеш бата бір-ақ келеді, күндіз болатын жағдайды қайдан білсін.
Үйіміздің әрлеу жұмыстары бітіп, кішігірім дастархан жайып, туыстара ас бердік. Ауылдан абысыным, ата-енем келген. Қайтарда қайынағам көрші келіншекті қимай, қалып қойды. «Бітіретін бірер шаруа бар, онша-мұнша жұмыстар қалып кетті» деп сылтауратты. Бір күні «Созақтамын дейсің бе?» деп айқайлап сөйлесіп жатыр екен. «Көршіміздің ауылы Созақ жақ па?» деп сұрадым. «Жоқ, ол қайынжұрты екен, қайынжұрт жақта жүр» десін, түк болмағандай. Бұл жауапты естігенде тіптен қаным қарайды. Әйелдің сұм тірлігін қарамайсың ба, қайынжұртында жүрсе де көңілдесінің көңілін білгісі келіп, өліп барады.
Тағы бір күні үстел басында тамақтанып отырғанымызда қайынағам: «Көрші подружка мені бүгін мақтады. «Моншаға түссең аппақ екенсің ғой» деп марқайтып қойды» деп ыржалаң-ыржалаң етеді. Масқара-ай, келініне мына сөзді қалай ұялмай айтып отыр, дым ұқпадым. Еркекте ес жоқ деген рас екен. Ертеңіне тағы да телефонмен сөйлесіп тұрғанын көріп қалдым. «Үйде келін бар, болмайды» деп жатыр. Демек, бұл арсыздар біз жоқта біздің үйде ойнастық жасап жүрген сияқты.
Естігенімді күйеуіме айттым, бірақ сол күйі сендіре алмай-ақ қойдым. «Ауылына қайтар» десем, «ағама кет деп қалай айтам» деп бет моншағы үзіліп отыр. Бәрінен де ауылда ата-ененің бабын жасап, үлкен үйдің отымен кіріп, күлімен шығып отырған абысынымды аяп кеттім. Қайынағамның ауылға қайтатын ойы жоқ, дайын тамақ, таза төсек, көрші көңілдестен кім айырылғысы келеді, масыл боп жатыр үйде.
Оны көрген сайын жүйкем жұқарып, көрші келіншекті атарға оғым болмай жүр. Мына жағдайды қалай тоқтатарымды білмеймін. Не істеген дұрыс?»