«Қайынәпкем бәрімізге қарыз»: кредит төлеуден шаршаған жас келін мәселесін айтты

0
4 173

​«Неге мен оның кредитін төлеуім керек?»


«Қайынәпкем бәрімізге қарыз»: кредит төлеуден шаршаған жас келін мәселесін айтты

Бүгінгі заманда кредит алып беруге, баспана аларда кепіл болуға өтініш жасағандарға «Жоқ» деп айтудан қорықпау керек. Өйткені не жағдай болатынын ешкім болжай алмайды. Кредит алдырған адам ауырып немесе жұмыссыз қалса, оны кім төлейді? Ал егер ол қайтыс боп кетсе ше?

Ал кейбіреулердің шынымен төлеуге шамасы келмейді. Сонда да қарыз ала береді. Мысалы, Дариғаның сөзіне қарағанда қайын әпкесі сондай адам.

«Мен қайынәпкемнің осылай манипулация жасайтынын ойламаппын. Ол Алматыдағы 9-қабаттан өзін және үш баласын лақтырған әйел туралы жаңалықты естігелі қорқытуды бастады» дейді алматылық жас келіншек Дариға. Қайын әпкесінің өліміне себепші боп қалам ба деп қорқып отырған жас келіншек амалсыз оның кредитін өзі төлей ме?

Дариға бұрын өз атынан туған әпке-жеңгелеріне кредит алып берген екен. Бәрі уақытылы төлегендіктен, қайын әпкесіне де сенген.



Бұл туралы кеңірек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Тұрмысқа шыққаныма бір жыл болды. Қайын әпкелерімді, қайын ағаларымды, жалпы аттаған босағамдағы адамдарды әлі толық танып үлгермедім.

Біз қалада пәтер жалдап тұрамыз. Ата-енем ауылда. Бір қайынәпкем Таразда, біреуі Алматыда, ал үшіншісі Шымкентте тұрады. Бәрінің түтіні бөлек, бала-шағалы.

Тараз бен Алматыда тұратын қайын әпкелерім көп сөйлемейді, жақын жерде болса да үйге келе бермейді. Оларды тек той-жиындарда көрем. Ал үшінші қайын әпкем кез келген адаммен тез тіл табысып кетеді. Мен келін боп түскенде де жанымнан шықпай, әңгімесін айтып, шайымды әкеп жүрген сол еді.

Беташардан соң түн ортасына дейін тынбадым, келім-кетімнің шайы, ыдыс жуу дегендей, жас келіннің тірлігі бітпейді ғой. Сол кезде де үшінші қайын әпкем Римма «Сені көріп өзімнің келін боп түскен шағым есіме түсіп кетті. Шаршаған шығарсың, қалған ыдысты өзім жуа саламын. Ұйықтап ал» деп, жанашырлық танытқанда жылағым келген. Шаршап, оның үстіне бөтен үйде «бекер тұрмысқа шықтым-ау» деп жүрген кезім ғой. Мұндайда келін жылы сөзге зәру болады.

Қайын әпкем маған осылай жанашырлығымен жақын боп кетті. Басқа қалада тұрса да жиі қоңырау шалып, жағдайымызды сұрап тұрған да жалғыз адам сол еді. Алғашқы адам боп бізді үйіне қонақ етіп шақырған да Римма әпке.

Шымкентте жаңа мөлтекауданда тұрады екен. Кең, үш бөлмелі пәтері бар. Жиһаздары да, ыдыстары да соңғы үлгіде, қымбат.

Қайын әпкем дастархан басында ипотекаға алып, жалға беріп қойған бір бөлмелі пәтері де бар екенін айтып қалды. Жақында үлкен ұлын үйлендіргенде де қымбат мейрамханада тойын жасап, шашылған еді. Тұрмысы жақсы екенін сол кезде де байқағанмын. Күйеуі астына қымбат көлік мініп алған. Жағдайлары жақсы. Бірақ сұрасам, қайын әпкем ауруханалардың бірінде санитар боп жұмыс істейді екен. Жездеміз жолаушы тасып, яғни жүргізуші боп нәпәқасын тауып жүрген қарапайым адам. Алайда тұрып жатқан үйлері мен жүріс-тұрыстарына қарап ешкім оларды қарапайым жұмысшы деп ойламас.

Туысқандары көмектескен шығар, әлде осы уақытқа дейін табыстарын жинаған шығар деп топшылап қоя салдым.

Келесі айда әлгі қайын әпкем Римма қоңырау шалып, шұғыл түрде қарызға 150 мың теңге сұрады. Бір күн бұрын мен де, күйеуім де жалақымызды алғанбыз, әлі жұмсап та үлгермеген едік. Бір аптаның ішінде қайта салып жіберем деген соң, күйеуіме айтпастан бердім. Қайтадан орнына қойып қоям деп жүргенімде бір емес, екі апта зырлап өте шықты. Ал қайын әпкем хабарсыз. Өзім қоңырау шалдым.

Ол кеше салып жібермек болғанын, бірақ қызы ауруханаға түсіп қалып, жұмсап қойғанын айтып жыларман болды. Сосын «Дариға, алтыным, бір жерден қомақты ақша күтіп отыр едім. 400 мың теңге кредит алып берші. Бәрін қосып салып жіберем» деді. «Не үшін қажет ақша?» деп сұрапаппын да. Каспий қосымшасын ашып, сол жерден өтініш жіберіп, 15 минутта кредит алып, салып жібердім.

Шынымды айтсам, мен оған сендім. Жағдайлары бар ғой, қайтарады деп ойладым. Сөйтсем, қайын әпкемнің қарызы көп екен. Бұны күйеуімнен естідім.

Кешке күйеуіме болған жағдайды атып бердім. Ол «Неге менен бір ауыз сұрамадың? Әпкем қайтармайды, оның басында үш кредиті бар. Екі үйі ипотекаға алынған, жездемнің көлігі де кредитте. Ойланбастан бәрін кредитке алып тастаған соң, ай сайын төлей алмай әркімнен қарыз сұрайды. Қайнысын, қайын сіңлісін, ағаларымды, тіпті анамды да кредитке кіргізіп тастаған ғой. Менің де атымнан кредит алған. Оның жағдайын түсінгендіктен ай сайын өзім төлеп жатырмын» деді.

Күйеуім әпкесіне алып берген кредитті әлі екі жыл төлейді екен. «Басыңда кредитін бар екенін неге айтпағансың?» деп мен ашуландым. «Ай сайын тапқанымыздың бәрін енді кредитке төлейміз, қалай күн көретінімізді неге ойламадың?» деп ол маған айқайлады. Не керек, сол күні күйеуім екеуміз әбден ұрыстық, керістік.

«Неге біреудің кредитін төлеуім керек?» деп екі ай төлемей қойғанмын. Банктен қоңырау шалып, қарызымды есіме салып мазамды қашырды. Ал қайын әпкем тоғыз айдан бері «Өзің төлей берші, кейін бәрін қосып қайтарамын» деп алдап келе жатыр.

Жалақымызды қолға ұстамағалы, ет жемегелі тоғыз айдай болып қалды. Пәтерақымызды әрең төлеп жүрміз. Жұмыс істеуге де, ештеңеге зауқым жоқ. Тапқаныңды біреудің ішіп-жеген кредитіне төлеуден асқан ақымақтық жоқ шығар?!

Ашуым келіп кеше қайын әпкеме қоңырау шалғанмын. Ал ол «Қазір қайтара алмаймын. Қоңырау шалып мазамды ала бермеңдерші. Бір күні менің жүйкемді тоздырып өлтіресіңдер сендер. Терезеден өзімді лақтырып өле салғым кеп жүр. Өлсем балаларыма сен қарайсың ба?» деп, өзіме айқайлап берді. Одан бетер ашуым келді, бірақ ары қарай сөйлей алмадым.

Қорықтым. Өйткені бір кредиттің өзіне жынданып кете жаздап жүрмін. Ал оның басында кредиті де, қарызы да көп. Адам шамасына қарап кредит алу керек қой. Өзінің де, өзгелердің де жүйкесін тоздырғанша кредит алмаған дұрыс.

Тұрмысқа шыққаннан соң күйеуден бауырларының қандай адамдар екенін сұрап біліп алу керек екен. Жо-жоқ, дұрысы, кредит алып бер дегендерге «жоқ» деп айтып үйренген жөн. Қайын әпкемнің соңғы сөзіне әлі ашуым басылмай отыр...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім сүндеттелмеген»: мұсылмандыққа бет бұрған келіншек не істерін білмей жүр


«Атам мен енем ұялмайды»: алматылық келіншек түнімен ұйықтай алмай шығатынын айтып шағымданды