«Қарапайым қызметкер маған алып Алатаудай боп көрінді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Тоқал» деген сөзді бала күнімізден есітіп өстік қой. Бірақ маған сол сөз ұнамайтын. Жылап отырған, күйеуі сатып кеткен бәйбіше, көздері жәутеңдеген балалар елестейтін. «Өлсем де тоқал болмаймын» деуші едім. Бірақ неден қашсаң, соған тап боласың деген, ойламаған жерден «құда баланың» тоқалы болдым», - дейді Маржантас есімді әйел.
Басынан өткен жағдайды оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Мойныма құрық салынбаған асаудың бірі едім. «Тоқал» деген қыл арқанды өз мойныма өзім, өз еркіммен салдым. Оның басты себебі – бала. Перзент сүйіп, артымда ұрпақ қалдыру арманым болды.
Жұрттың қыздары сияқты мектепті бітіре сала тұрмысқа шығып, 5-6 баланы патырлататын жағдайым болды. Бірақ сол кездегі көзқарасым, таным-түсінінім бойынша оқуымды аяқтап, дипломымның рахатын көріп, қызметтік мансаппен біраз жерге дейін көтеріліп алған соң да үлгеремін деп ойладым.
Сөйтіп жүргенде жасым 38-ге келді. Өзім қатарлы қыздардың алды балаларына сүндет той жасап, мойындарына «Алтын алқа», «күміс алқа» тағып жатқанда ойланып қалушы едім. Қызығу ма, қызғаныш па, түсініксіз бір сезім көзіме жас үйіретін. Дер шағымда талай жігіт, жігіт болғанда да ішіндегі сұлтандары сөз салатын. Мен соларға еш ыңғай білдірмедім. Уақыттың зымырап тез өтетінін, табиғаттың өз заңы барын, берімнің қызылы кетіп қалатынын ойламаған ақыман екенімді кеш түсіндім.
Бір күні қарашаңырақта тұратын жеңгем үйіме қыдырып келді. «Еркеқыз, көңіліңе келмесін, мен саған ақыл айту үшін арнайы келдім, апам жіберді. Жасың жер ортасына қарай ауып барады. Енді кешіксең бала сүйе алмай қаласың. Уақытша болса да біреуді айналдырып, тоқал болып тиіп ал» десін.
«Ойбай, жеңге, не айтып отырсыз? Уақытша, тоқал?! Мен өлсем де тоқал болмаймын» деп ыршып түстім. «Көп сөзді қой да, біреудің етегінен ұста! Апам да сені уайымдап өлетін болды. Бір бала көтеріп, аман-есен туып алсаң болды. Саған байдың түкке қажеті жоқ. Балаң – олжаң. Кейін ол қалаған жағына кете берсін. Осыны жақсылап ойла!» деп сөзін жалғады ол.
Ойланып қалдым, негізі жеңгемнің де сөзінің жаны бар. «Мені тоқалдыққа ала салатын жігіт дайын тұр ма?» деп біраз ойландым. Сөйтіп «кәрі қыз» атанған шағымда күйеу іздеуге шықтым. Мен басқаратын бөлімдегі біраз жігітті елестетіп көрдім, ішінде самайын ақ қырау шалғандары да бар. Бірақ мені тоқалдыққа алатын олардың ыңғай келмейтін сияқты көрінді. Сөйтіп отырғанда басқа бөлімде істейтін лыпылдақ кіріп келді. Ағасы біздің ауылдың қызын алған, содан мені «Құдаша» деп атайтын.
«Сен үнемі мені «құдаша, құдаша» деп айтасың да, құдашаға бір кесе шай әперуді білмейсің, құда бала! Бұның жарамады» деп өзім тиістім. Негізі ол менің ойымдағы жігіт емес-тұғын, білмеймін сол кіріп келгенде ішімдігі «шайтаным» түртіп кетті әйтеуір. Менің айтқаным лыпылдаққа қатты тиіп кетсе керек, «Оппа, құдаша, оңдырмай ұстадың! Сені бастық қой деп шайға шақыруға ыңғайсызданып жүр едім, бір ауыз сөзіңе құлдық, бүгін кешке шай ішейік» деп ол лыпылдап кетті.
Кешкісін мені көлігіммен кафеге бардық. Құда бала алдымда құлдыраңдап, жүгіріп жүріп жай таңдап, мені отырғызып, тапсырыс беруге кірісіп кетті. Ойланып қалдым. Мінезі жеңілдеу еді. Бір шай әперіп құрығына іліндерсе ертең жұмыстағыларға мақтанып, «Құдашамды риза қылдым» деп бөсіп отырса қайтемін деп көп ойландым. Бірақ жеңгемнің «енді кешіксең кеш қаласың» дегені қамшы болды. Құда балаға өзім ыңғай білдіріп, тірлікті бастап кеттім.
«Құда бала, келіншегің қызғаншақ емес пе?» деп сұрадым. «Ой, ол қой аузынан шөп алмайтын момынның момыны. Қызғану дегенді білмейді» деп ақталды лыпылдағым. «Онда мені бүггін үйге дейін шығарып сал. Бірақ ертең шығарып салғаныңды жұмыстағы жігіттерге айтып, мақтанып қоймасаң болды. Артымнан сөз ілеспегенін қалаймын» дедім. «Құда бала» қутыңдап, сөзімнің төркінін түсіне қойды. «Болды, балықпын, тас кереңмін» деп жайнап кетті.
Не керек, сол күні «құда бала» үйімні қонағы боп, қонып қалды. Кейін де аптасына бір-екі мәрте кездесіп жүрдік. Мен оның мінезіне де, табысына да қарамадым. «Бір бала туып алсам болды» деген оймен кездесіп жүрдім. Бірақ уақыт өте бұрынғыдай емес, өмірге құштарлығым артып, қарапайым, қол астымдағы қызметкер мен үшін алып Алатараудай азамат боп көрінді. «Мен сені сүйем» деген сөз айтқаныма өзім сенбей қалғанымды жасырмаймын.
Біздің жасырын кездесуімізді жұрттан жасыру мүмкін болмай қалды. Елдің аузына іліндік. Хикаямыз «құда баланың» келіншегіне де жетсе керек, бір күні ол мені жұмысқа іздеп келіпті. Күтпеген жерден кабинетіме кіріп келгенде айтарға сөз таппай, қысылып қалдым. «Шашымды жұлып, ит-масқарамды шығаратын шығар» деп ойлағам. Бірақ ол шынымен де көреген келіншек екен.
«Күйеуімнің таңдағаны қандай жан екен, соны көруге келдім. Түсің жылы екен. Жап-жассың, неге мұндай жолды таңдадың? Тоқал болуды ойлағанша неге бәйбіше боп отыруды ойламадың?» деп сұрады. «Сұрағыңыз орынды, мен тоқал болуды қаламаймын, тек бір бала туып алсам, сол жетеді. Ол үшін Құдайдан да, сізден де кешірім сұраймын. Күйеуіңізді рұқсатсыз пайдаландым. Қазір аяғым ауыр, енді сіздің күйеуіңіз маған керек емес, ештеңе талап етпеймін» дедім.
«Қарағым, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр бар ғой. Аяғың ауыр болса, арманың бала болса, оған да жетіпсің, құтты болсын! Енді сол бала «жетім, әкесіз» атанбас үшін енді бір шешім қабылдауымыз керек. Күйеуіме тоқал болып тиесің. Күйеуім екеумізге де жетеді, қайтеміз, басқа амалымыз жоқ. Мен бәйбіше, сен тоқалсың, жөніңді біліп жүрсең болды» деді. Мен байғұс сонда да қоймаймын ғой, «Маған тоқал деген сөз ұнамайды, болмай-ақ қойыншы» деп бетіне қарап едім, «Саған ұнасын, ұнамасын, күйеуімнің тоқалы болдың. Ол сөзді ойлап тапқан мен емеспін. Келесі апта үйіңе барып, ата-анаңның алдынан өтеміз» деп шығып кетті.
Осылайша мен «құда баламның» тоқалы боп шыға келдім. Қазір екі қыз, бір ұлым бар. Бәйбішемен апалы-сіңлідей сыйласып, сіңісіп кеттік. Той-жиынды қатар жүріп атқарамыз. Екі әйелден туғандар тату-тәтті, бауырмал боп өсіп келеді. Бұл үшін бәйбішеге алғыс айтқым келеді».