«Құда болып жалдамалы "әртістер" келген»: түркістандық келіншек "жеңгесінің" сыбайластары да жазасыз қалмаса дейді

0
11 389

«Аты-жөні де басқа, өзінің 4 баласы бар екен... "Аға-жеңгесі" болғандар "әртістер" болып шықты»


«Құда болып жалдамалы

ЕСКЕРТУ: Редакцияның рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады!


Қазір бойдақ жігіттердің көбі «дұрыс қыз жоқ» деген уәж айтады. Алданып, кейін өкініп қалудан қорқады. Оған себеп те жоқ емес. Ел ішінде жігіттерді сан соқтырып кететін қыздар туралы ел арасында жиі айтылып та жүр. Солардың бірі жақында Түркістан облысы, Ордабасы ауданында тұратын Ғ. есімді жігітті алдап, тонап кетіпкен.


Оқиғаның бастан-аяқ қалай болғанын Ғ.-ның туған қарындасы, өзін Айзат деп таныстырған келіншек ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Менің ағамның жасы 42-де, осы уақытқа дейін үйленбеген. Жұмыс істеймін деп осыдан үш жыл бұрын Кореяға кеткен. Сол жақта жүріп соңғы бір жыл бойы «Фейсбук» арқылы Жадыра есімді қызбен танысып, сөйлесіп жүріпті.


Елге келе сала алдымен сол қызбен кездескен. Екеуі «Бекжан» базарының маңында жолыққан. Қыз ағама бірден ұнаған-ау, үйге келе сала «мен үйленетін болдым» деп әңгімені төтесінен қойып қалды. Оған біз де, ата-анам да қуанып кеттік. «Өзі тапты, өзі ұнатыпты, бұдан асқан бақыт бар ма?» деп жүрегіміз жарыла жаздады. Бес ағайындымыз ғой, бәріміз үйлі-жайлы болып кеткенбіз. Ата-анамыз осы ағамды қатты уайымдайтын. «Ойбай-ау, үйленетін болсаң қуана келісеміз ғой, кім ол, барайық, ата-анасымен танысайық, үй-жайын көрейік, құда түсіп, сырғасын салып алайық» деп әбігерге түсті де қалды. Бірақ ағам оған үзілді-кесілді қарсы болды. «Қайсысың көріп-біліп үйленіп едіңдер? Қалай үйленемін, оны өзім шешемін. Мен оны алып қашамын» деді. Мейлі дедік. Айтқанының бәріне көндік.


Ағам Кореядан әжептеуір ақша тауып келген. Ол жақтан маған банк арқылы салып жіберетін, мен өзімнің атыма депозит ашып, соған жинап тұрдым. Елге келген соң шоттағы ақшаны доллармен шешіп алып, өзіне ұстаттым. Ағам оны «тойдың керек-жарағына жұмсаймын» деді. Сонымен не керек, біз қызға сырға салып, кездесіп, танысып алатын болып шештік.


Бірақ, арада біраз күн өткенде қыз «Менің анамның денсаулығы нашар, қазір қатты ауырып жатыр, сол себепті үйге келе алмайды. Бес ағам бар, солар әйелдерімен келеді, кішігірім дастархан жайып, сол жерден шығарып салсын» депті. Оған да көндік. Алдын-ала бәрін ойластырып қойыпты ғой, біз оны қайдан білейік, ағам деп бір еркекпен сөйлестірді, әкесімін деп тағы біреу телефон соғып, «Жастар жағы барып, қызды шығарып салады» деді. «Әке-шешем қартайған кісілер, жиі ауырып қалады. «Жолың болсын, көзіміздің тірісінде сені тұрмысқа берейік, жолың ашық, кете бер» деп батасын берді» деп миымызды айналдырып қойды ғой. Сөйтсек, бұл әңгіменің бәрі әлгі қыздың қырық өтірігінің бірі екен.


Біздер шабылып, қыз жақтан келетін кісілердің бәріне киіт алып, қызға сырға таңдап, кафе жалдап, әбден шабылдық. Белгіленген күні біздің үйден аға-жеңгелерім, бәріміз бардық. Қыздың ағалары жарты жолдан кері қайтыпты. «Мамам нашарлап жатыр екен, олар үйге кетті» деп қыз жылап қалды. Екі жеңгесіне күмістен комплект тағып, киіт кигізіп, «қыздың қалың малы» деп қолдарына 400 мың теңге, «каспи голдына» 600 мың теңге аудардық. Қызды ұзатып алып кеттік.




Бір чемодан киімімен келді. Ертеңіне дүркіретіп беташар өткіздік. Бәріміз ризамыз, ағамның қуанышында шек жоқ. Беташардан соң төсек-орны келді. Оны жағдайға қарай «құрбысымын» деген қыз әкелді, «Жеңгелерім анама қарап, келе алмай отыр» деп құтылды. Екі жақты келісім бойынша, «қуғыншы-хабаршы» бармайтын, келмейтін болып келісілген. Солай, қаннен қаперсіз жүре бердік.


Менің жүрегім бірдеңені сезген екен ғой, «Есік ашу» салты бар ғой, тым болмаса өздерің барып қайтсаңдаршы» деп ағама айттым. Жеңгем үзілді-кесілді қарсы болды, «ағаларым анамды алып Ташкентке кетті, солар келгенн соң өздері шақырады» деп айтты. Бірақ өзі «жеңгелеріме барып келемін» деп күнара бір жаққа кетіп жүрді.


Қойшы, сонымен не керек, арада бір айдай уақыт өткенде біз той істедік. Бүкіл жекжатты жинап, тойханада дүркіретіп тойладық. Ағам мен жеңгем Түлкібасқа барып, «лав стори» түсіріп, керемет дайындалды. Той күні қыз жақтан оншақты адам келді. Әке-шешесі жоқ. Оған да мән бермеппіз ғой, ағамның бақыты үшін бәрін елемей жүргенбіз. Негізі мен бәрін сездім, «мына қыздың жүріс-тұрысы ұнамайды, бұл қайда барып жүр, екі адам келсе дұрыстап күте алмайды» деп үйдегілерге талай мәрте айттым. Бірақ олар мені тыйып тастап отырды.


Бір күні анамның алтындары жоғалды. Тойда әкеме таққан үлкен жүзік, анамның алқасы, комплектісі қолды болды. Дереу кінәлі адамды іздеп, абыр-сабыр болдық. Мен алдын жеңгемнен күдіктеніп жүргем ғой, «Сенің әйелің алды, басқа бөтен ешкім жоқ» деп шықтым. Ағам бұлқан-талқан болды. «Көзіңмен көрмей жатып жала жаппа, оның ұры болуы мүмкін емес. Менің де төрт миллионға жуық ақшам жоқ, таппай отырмын. Оның бәрін үйге ұры түсіп, алып кеткен. Менің Кореядан көп ақшамен келгенімді білетін біреу тонап кетткен» деп шынын айтып қойды. Сөйтсек біраздан бері іштен тынып жүрген екен ғой. Дәл сол күні жеңгеміз «Төркініме барып келемін» деп кетіп қалған. Оның өзі күдік тудырмай ма?


Біз дереу учаскелік инспекторды шақырып, ағам арыз түсірді. Олар бізден «күдіктенетін адамдарың бар ма?» деп сұрады. Мен шыдамай жеңгемнің тірліктерін айтып бердім. Олар көп ұзатпай Жадыра жеңгемді ұстап, тергеу үшін екі тәулікке қамауға алыпты.


«Бақсам, бақа екен» демекші, бізге Жадыра болып танысқан қыздың шын мәнінде аты басқа, К. екен. Бізбен аға-жеңгесі болып танысқан, сөйлескен, кафеде бір дастарханда отырған адамдардың бәрі жалдамалы «әртістер» болып шықты. Оның бәрін өзі мойындап, полицейлерге айтып берген. Біздің қыз деп жүрген жеңгеміз төрт баланың анасы болып шықты. Бұрын ажырасқан әйел екен. «Өзбекстаннан көшіп кеген оралманбыз» деп сендірген еді, қып-қызыл өтірік екен, Арыс ауданына барар жолдағы ауылдардың бірінде тұрады екен.


Қазір оны өзінің туған анасы, ағалары он миллион теңге кепіл ақша тігіп, қамаудан босатып алған. Болған оқиғаны естіген туған бауырлары өздері тұратын үйді банкке кепілге қойып, ірі көлемде несие алыпты деп естідім.


Қысқасы, қазір тергеу ісі жүріп жатыр, ұсталған кезде кінәсін мойындап қойған әйел енді «Мені қинады, солай айтуға мәжбүрледі» деп, адвокат жалдап, ақталудың амалын жасап жатыр.


Ал біз өз тарапымыздан тек жеңгесымақ қана емес, жанында жүрген сыбайластары да жазасын алсын деп талап етіп отырмыз. Себебі олар болмаса мұның арам пиғылы жүзеге аспас еді ғой. Алдағы уақытта сот отырысы болады, сіздер келіп, іс барысын жазып отырсаңыздар дұрыс болар еді».


Айзат әңгімесін осылай деп аяқтады. Біз аталған істі жүргізіп отырған Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаевқа телефон соқтық. Ол кісі тергеуде тұрған істі әзірге жариялай алмайтынын айтты.


«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген рас. Қазір кімнің кім екенін, ниет-пиғылы қандай екенін білу қиын. Сондықтан біреумен танысарда, онымен бас қосарда абайлаңыздар дегіміз келеді. Ал аталған оқиғаның ақ-қарасын алдағы уақытта сот анықтап береді деп сенеміз.


Суреттер: сұхбат берушінің рұқсатымен жеке мұрағатынан алынды