​«Құдам мені қорлады»: қызылордалық жалғызілікті әйел жан сырымен бөлісті

0
3 071

«Ол да құдағиым сияқты, ауырмай-сырқамай өмірден өтті»


​«Құдам мені қорлады»: қызылордалық жалғызілікті әйел жан сырымен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Араға екі жыл салып құдамның үйіне әрең бардым. Онда да әдеттегідей әрдеңені бір сылтауратып, үйде қалғым келген. Бірақ «өлімнен ұят күшті» болды. Жек көретін адамымның жаназасына ел-жұрттың көзі мен сөзінен ұялғанымнан барып, күйеу балама көңіл айттым», - дейді Нұржамал есімді (аты өз өтініші бойынша өзгертілді) әйел.


Жастайынан екі қызымен жесір қалып, қиындықты көп көрген оқырманымыз құдасының қазасынан кейін өзін мазалаған құпияны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Отыз екі жасымда екі қызыммен жесір қалдым. Қазір ойлап қарасам, 32 жас деген тым ерте екен ғой, ал ол кезде маған өмірдің бар қызығы күйеуіммен бірге кеткендей көрінетін. Өз өміріме мықтап түйін қойып, екі қызымды жетілдіру үшін сезімімді тұсаулап тастадым. «Әлі жассың, кейін өкінесің» деп ақыл айтқан бауырларымды да тыңдамадым. «Басымда баспанам бар, одан басқа не керек» деп жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттім.


Екінші мәрте тұрмысқа шықпағанымның бір жақсысы қайын жұртымнан қол үзбедім. Күйеуімнің бауырлары екі қызымды өсіруге кәдімгідей жәрдемдесті. «Медициналық академияға түсем» деген кіші қыздың бетін қақпай, «оқуының ақысын өзіміз төлейміз» деп бар шығынды мойындарына алды. Ал үлкен қызым ешкімге салмағын салмай, грантпен оқып, мектепке мұғалім боп орналасты.


Мен қазір балабақшада тәрбиеші боп істеймін. Зейнетке шығуыма екі жылдай уақыт бар. Екі қызымды да ұзатып, немере сүйген әжемін. Бір қарағанда менде бәрі жақсы сияқты көрінеді, «Бақыттысыз, екі қызыңыз да жақсы жерге барды, құдаларыңыз да жақсы адамдар боп шықты» деп ел қызыға қарайды. Бірақ менің ішімде «ит өліп» жатқанын олар қайдан білсін?..


Екі қызым есейе келе «мама, біз тұрмысқа шықпаймыз, сізді жалғыз тастап кете алмаймыз» деген әңгімені жиі айтатын. Әсіресе үлкен қызымның мен дегенде шығарға жаны бөлек. «Олай демеңдер, елдің ішінде отырмын, ағайын-туған бар, өз уақыттарыңмен тұрмысқа шығыңдар» деп ақылымды айтып, екеуін әрең көндіріп, ұзаттым. Онда да кіші қызым бірінші боп тұрмысқа шықты. «Әпкемнен бұрын кете алмаймын» деп жігітінің бетін қайтарып жүрген екен. Әпкесі оны есітіп қойып, өз рұқсатын берді.


Солай біз құда-құдағимен кездесіп, той күнін белгіледік. Бейтаныс адаммен алғаш кездескен кездегі әсер оның шынайы бет-бейнесін бірден аңғартады ғой. Құдаларыммен танысқан кезде құдағиымның ақжарқын мінезіне сүйсініп, ал құдамның біртүрлі пейілмен тесіле қарап, сөйлеуге ерініп отырғанынан кішкене секемденіп қайтқанмын. Көңілім алдамапты...


Қызым барған жерінде сыйлы келін болды. Құдағиым оны өз қызындай қабылдап, білмегенін үйретіп, екеуі бір шаңырақта екі жыл тату-тәтті өмір сүрді. Қызыммен сөйлескен сайын енесін мақтағанына шүкірімді айтып отырғанда біз күтпеген оқиға орын алды. Бесіктегі баласын енесіне қалдырып, күйеуі екеуі отырысқа кеткенде құдағиымның қан қысымы көтеріліп, бесіктің жанында жатқан күйі ана дүниеге аттанып кете барған. Бұл уақытта құдамыз басқа бөлмеде ұйықтап жатқан екен. Көмекке шақырып үлгермеді ме, әлде шақырса да құдамыз естімеді ме, әйтеуір тосыннан келген ажал алтындай құдағиымды алып кетті.


Өсіп-өнген әулет еді, жаназаға жиналған халықта есеп болмады. Небәрі алты айлық баласымен қызымның шақшадай басы шарадай боп, айналдырған екі аптада азып-тозып кетті. Қаралы үй болғасын келімді-кетімді кісі көп, бәріне шай беріп, уақтылы ас-суын әзірлеп отыру да оңай емес. «Мамау, сілем қатып жүр. Балама қарауға шамам жоқ, ол да қайта-қайта ауырып қалып жатыр, енемнің орны қатты білініп жатыр...» деп жылай берді. Ақырында күйеу балам екеуі келіп, «Мамамыздың қырық күндік асы өткенше біздің үйге келіп, немереңізге қарап беріңізші, бізге сіздің көмегіңіз ауадай қажет» деп қиылды. Еңбек демалысына шыққан кезім еді, қызым үшін келісіп, құдамның үйіне уақытша көшіп бардым.


Бала бағу да оңай шаруа емес, енді тіс жарып, қайта-қайта іші өтіп жатқан немереммен күні бойы алысып, кешке сілем қатып ұйықтаймын. Келген-кеткен кісілерге де көріне бермеймін, бір бөлмеден шықпаймын. «Мынау кім, құдағиы жоқ үйде неғып жүр» деген әңгімеден де қуыстандым, шыны керек. Бірақ мен барғалы қызымның жаны кіріп қалды, алаңсыз тірлігін істеп, сырттағы шаруаларын да тындырып жүрді.


«Құдай қаласа екі күннен соң қырық күндік асты өткізіп алсақ, сізді үйіңізге апарып саламыз» деп қызым қуантып қойды. Жұмысқа шығатын күнім де жақындап қалған, «сіз барда базарлап қайтайық» деп күйеу балам екеуі сыртқа шығып кеткен. Үйде немерем екеуміз ғана, ми қайнатар ыстықтан шаршап, салқын бөлмеде ұйықтап кетіппін. Бір уақытта біреудің ыстық демінен тұншығып оянып кеттім. Үстіме құдам шығып алыпты. Шошып кеттім. «Ұятсыз, оңбаған, мынауыңыз не?! Құдағидың әруағынан ұялмайсыз ба? Массыз ба, түсіңіз» деп айқайладым. Бірақ менің айқайымнан қорқатын құда жоқ. «Тірі адам тіршілігін жасайды, құдағи. Өзіңді тәтті шайда көргеннен ұнатып қалған едім. Құдай екеумізді бекерге жалғыз қалдырған жоқ. Екі жарты едік, енді бір бүтінге айналамыз» деп тұншықтыра сүйіп, зорлады.


Сондай жиіркенішті көрініс еді бұл. Жиырма жылға жуық уақыт күйеуіме адалдығымды сақтап, сезімін білдіргендердің ешбіріне қайырылмай келген мені басқа емес, өз құдамның басынғаны жаныма қатты батты. «Қазір қызым келсін, бұл үйде бір минутқа да қалдырмаймын, алып кетемін, мынау тірлігіңді балаңа айтып, масқараңды шығарам» деп айқайладым, жыладым. Бірақ одан тайсалып, именетін адам көрмедім. «Алып кете бер, өзің секілді қорғансыз бір әйел етпексің бе? Ал менің балама қатын табылады» деп кекесінмен күлді де, жұмысына кетіп қалды. «Құдай атсын!» деп қарғап, соңынан жылап қалдым. Сол күні ол үйіне келмеді, «шұғыл шаруамен басқа қалаға кеттім» депті.


Құда жоқ кезде көп ойландым. Қызыма болған жағдайды айтсам, үлкен жанжал шығып, күйеу балам екеуінің арасы суып кетуі мүмкін. Сосын өмір бойы күйеу балам менің алдымда өзін айыпты сезініп, бетіме қарай алмай кетсе ше? Жоқ, одан да бұл жағдайды ешкімге айтпай, үйлерінен кетіп қала салайын деп шештім. Ертеңіне «ауырып тұрмын, енді маған риза болыңдар» деп екеуіне ескертіп, үйіме кетіп қалдым. «Кеше ғана жақсы отыр едіңіз ғой...» деп күйеу балам мен қызым аң-таң боп қала берді.


Содан кейін екі жылға дейін ол үйге аяқ баспадым. Қызым екіншісін босанғанда да бармадым. «менің үйіме кел, өзім күтіп-бағамын» деп шақырып алдым. Демалыс сайын келіп-кетіп тұрды. «Жүрсеңізші, келсеңізші» деп күйеу балам үйіне шақырып қоймайтын. «Сендерді көріп тұрмын ғой, барғанда не істеймін» деп сылтаурататынмын.


Күні кеше «Мамау, атамыздан айырылып қалдық» деп қызым жылап хабарласқанда екі жыл бұрынғы оқиға көз алдыма келе қалды. Түк те жаным ашыған жоқ. Мені басынғаны, жалғыздығымды бетіме басып, әлімжеттік жасағаны, ар-намысымды таптап, артынан «не істей аласың, білгеніңді қыл» дегендей кекесінмен күлген түрі есіме түсіп, «Құдай әділетті ғой» деп күбірледім. Сөйтіп ағайын-туысыммен жиналып, рухына Құран бағыштап қайттық...»