«Жұмыссыз, бір әйелдің қолына кіріп алған. Әке боп балаларын іздеген емес»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Жазығым жалғызымды кісі қолына қаратпайын, бөтеннің бетіне жәутеңдетпейін дегенім бе еді? Қартайғанда көрген рахатым осы ма? Жалғызымнан қалған балаларды көре алмай шерменде болып отырмын», - деді редакцияға хабарласқан Шырынкүл есімді жамбылдық кейуана.
Оқырманымыздың сөзіне сенсек, қызынан туған жиендерін күйеу баласы көрсетпей жүр екен. Оған себеп болған оқиғаны Шырынкүл апа ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Марқұм күйеуім жас кезден кезден ішетін. Ол кезде заман солай еді ғой, отыра қалып араққа мойын созатын. Сол себепті мен оны ішкілікке салынып кетеді деп ойламадым. Бірақ үйленіп, қызды болсақ та қоймады. Сондай бір «тойдың» үстінде әйелі төркініне кетіп қалған досының үйіне қонып қалып, көмірдің иісіне екеуі де уланып өлді.
Жастай жалғыз қызымды құшақтап жесір қалдым. Аяулымым ол кезде небәрі үш жасар еді, әкесін танып та үлгермеді. Төркінімнен бауырларым келіп, «бізбен бірге жүр, бұл ауылда қалғаннан пайда жоқ» деп өздерімен алып кетті. Обалы не керек, осы күнге жеткенім әуелі Алланың, сосын аға-інілерімнің арқасы. Бәрі жабылып жүріп қаладан үй әперді. Мамандығым бойынша жұмысқа тұрып, қызымды тістелеп жүріп жеткіздім.
Жас кезімде көңілін білдіріп, «екі жарты – бір бүтін болайық» дегендер кездесті. Бірақ қызым менің жанымнан еркек көрсе кірпідей жиырылып, жылап қалатын. Соның көңіліне қарадым, өзім де басқа әйелдер секілді еркек құшағын аңсап тұрмағасын екінші мәрте тұрмысқа шығуды жылы жауып қоя салдым. Ендігі қызықты қызымнан көрейін деп ниет еттім.
Аяулымым үшінші курс оқып жүргенде Берікпен танысыпты. Ол да сол университетте білім алған екен. Бір жыл танысып, білісіп, екеуі шаңырақ көтерді. Беріктің ата-анасы ауылда, қарапайым, көпбалалы кісілер. Қаладан қыз тапқанына қуанды ма, әйтеуір үйлене сала құдағиым хабарласып, «Құдағи, айып болмаса бала мен келін сізбен бірге тұра берсінші. Пәтерге босқа ақша шығындағанша тапқандарын жинап, баспаналы болудың әрекетін жасасын. Сіз қарсы болмасаңыз баланы сізге бердік» деп қиылған. Қызымның көз алдымда жүретініне мен де қуанып, өзара келісімге келдік.
Берік алғашында әжептеуір табыс тауып, жап-жақсы жүрді. Аяулымның айы-күні жетіп, Айнара деген тәп-тәтті немере сыйлады. Артынша көп ұзамай Әли деген баланы өмірге әкелді. Осы кезде Берік жұмысынан босап қалды да, ақшадан тарыға бастады. Екеуі де жұмыссыз, менің айлығыма күн көрдік. Сонысына намыстанды ма, күйеу балам кейде үйге қонбай қалатын. Нанға ортақтаспайын деген ойы шығар. Оны қызым түсінбейді, келгесін ұрыс шығарып, үйден береке кетті. Қанша мәрте қызымды сабырға шақырып, бәрін ақылмен шешу керегін түсіндірсем де Беріктің ақша таппай босқа сенделгені, үйге қонбай қалатыны оның шамына тиетін.
Бір күні қызым бала-шағасына киім-кешек әкелемін деп базарға кеткен. Сол күні жолда көлік қағып кетіп, ауруханада есін жинамаған күйі қайтыс болды. Бұл жағдай қабырғамды қайыстырып, есімнен айыра жаздады. Жалғызымның жап-жас болып кете барғанына әлі де сене алар емеспін. Құлыншақтарының мамалаған даусын естісем жүрегім езіліп кетеді.
Қызымның қырық күндік асын біздің үйде өткіздік. Сүйегін Беріктің ауылына барып жерледік. Бірақ бұл жағдай күйеу балама дым да әсер етпеген сияқты. Қайғырып, жылап-еңіреп жүрген Берікті көре алмадым. Қырқы өтер-өтпес «Мама, мен балаларымды ауылға апарып тастаймын, сөйтіп жұмыс істеймін» деді. Немерелерім маған, мен оларға бауыр басып қалғам, «Балам, сабыр ет, ауылдағы құдағидың онсыз да немерелерден миы ашып отыр. Әбден баппен өскен екі баланың ауылда жағдайы болар деймісің, мұнда мен бармын. Күндіз бақшада болады, кешкісін өзім қараймын» деп айтып ем, айтқанынан қайтпай тұрып алды. Ақыры өз дегенін істеп, немерелерімді менен бөліп әкетті.
Басында екі бала үшін түкпірдегі ауылға барып жүрдім. «Құдағи, немере екеумізге де ортақ қой. Қызымнан қалған көздерімді қалаға, өз қолыма алайын. Жалғыздықтан жаным жабырқап жүр» деп қанша айттым. Қызым тірі кезде іздемеген немерелері енді керек болып қалыпты. «Біздің қанымыз, ешқайда бармайды» деп бет бақтырмай отыр. Оларға бала емес, жәрдемақы керек болғанын ішім сезеді. Екі немерем «апамма барам» деп жылап қалды.
Енді кеше Әли баламның туған күніне сыйлығымды, тәттілерімді алып барсам, құдағиым үйіне кіргізбей қойды. «Заңмен сөйлер болсам сіз бұл балаларға ешкім емессіз. Сіз келіп кеткен сайын екі немеремнің жүрегі ауырып, жылап қалады. Енді бұл үйге келер жолды ұмытыңыз» деп қайтарып жіберді. Жігерім құм болып, екі көзімнен жас тоқтамай жатыр. Күйеу балам бір әйелдің қолына кіріп алған дейді. Істеп жатқан жұмысы да жоқ. Балаларын іздемек түгілі, шешесімен де сөйлеспейді екен. Туған қарындасы айтып берді.
Қызымнан қалған екі тұяқты өз қолыма алудың қандай да бір жолдары бар ма? Әкесіне керек болмаған бала ауылдағы аға-жеңгелеріне сыяр деймісің. Мейлі, қолыма, қамқорлығыма алмаған күннің өзінде менің кездесуіме тыйым салғаны дұрыс па? Осы жағынан құқықтық кеңес беретін, көмектесетін, ақылын айтатын адам болса...»