​«Күйеу баласы өз үйінен өзін қуып шықты»: қызылордалық әйел құрбысының қиын жағдайда қалғанын айтты

0
6 427

«Оның орнында болсам қызымды да аямас едім»


​«Күйеу баласы өз үйінен өзін қуып шықты»: қызылордалық әйел құрбысының қиын жағдайда қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды



«Баламды өзге біреудің қолына телміртпеймін, өгейлікті көрмей өссін» деп жесір қалса да, ажырасса да екінші рет тұрмыс құрмай, баласының бақытын өз бақытын биік қоятын аналар бар. Менің құрбым Ақбөпе сондай адам еді», - деп бастады ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Толқын есімді оқырман.


Айтуынша, мектеп кезінен жақын араласатын құрбысы қазір өз үйінен айырылып, пәтер жағалап жүр екен. Оны мұндай күйге жалғыз қызы жеткізіпті.


«Біз, әйелдер отағасы мен балалардың қамын ойлап, бар өмірімізді соларға арнаймыз ғой. Меніңше, Құдай әйелді о бастан солай жаратып қойған. Отбасы бақыты үшін өзін құрбан етіп отырған шарасыз әйелдер көп қазір. Десе де қас-қағым өмірде алдымен өзіңді ойлау керек екен. Мен мұны кішкентайдан бірге өскен құрбымның тағдырына қарап айтып отырмын.


Ақбөпе кооперативтік училищеде оқып жүріп бір жігіттен жүкті боп қалып еді. Екеуі күшті махаббат еді, жігіт те мұны құлай сүйетіндей көрінетін. Бірақ Ақбөпенің аяғы ауырлағасын ізім-қайым жоқ боп кетті. Ел ішінде әңгіме жатсын ба, баласының біреуді «бүлдіріп» қойғанын білген шешесі ұлын нағашыларына жіберіп, мәселені өзінше шешпек болыпты.


Аяғы ауырлап қалған досым елдің өсегіне қалса да іштегі баланы аман-есен босанамын деп шешті. Сөйтіп өмірге Ажар деген қыз келді. Ақбөпенің анасы өте жақсы кісі болатын, қызына «немеремді өзім бағам, өсірем, сен жібі түзу біреу кездессе, күйеуге ти» деп қанша айтты. Бірақ бірбеткей құрбым өзін айттырып келген жігіттерге қарамай, қызын мәпелеп өсірді. Сауда істеп, табыс тауып, қаладан үш бөлмелі пәтер алды.


Ажар қыз мектепті бітірген соң анасының қолдауымен медициналық академияда білім алды. Қазір ол үлкен бір емханада бас дәрігердің орынбасары боп отыр. Ғылыми дәрежесі, атағы бар дәрігер. Өкінішке қарай, сол Ажардың күйеуден жолы болмады. Бос сөзге құмар, әр жұмыстың басын шалатын біреу екен, қазір әйелінің тапқанын ішіп-жеп, бос кезде қыдырып жүр.


Бір жолы Ақбөпе «Менің де күйеуден жолым болмап еді, қызыма да дені дұрыс күйеу бұйырмады» деп айтып қалды. Сөйтсе Ажар қызы тұрмысқа шыққан соң пәтерден пәтерге көшіп жүріп, екі баласымен әбден қиналыпты. Сосын анасы қызын, күйеу баласын, немерелерін өзімен бірге тұруға шақырған. «Күйеу балам мені жақтырмай ма, қит етсе қызыма ұрысып, үйдің берекесін ала береді» деп қалған.


Арада біраз уақыт өткенде Ақбөпені базарда кездестіріп қалдым. Дереу бір асханаға кіріп, тамақтанып, әңгімелестік. «Мен қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын, үйді қызыма қалдырғам» деп әңгімесін бастады.


«Ажарды білесің ғой, өте жуас, көнбіс қыз ғой. Күйеуі не айтса да мақұлдап, соның әміріне құлдық ұрып жүре берді. Күйеу балам кейде қызғанып менің көзімше ұратын. Ондайға шыдап отырам ба, екеуінің арасына түсіп, күйеу балама ащы тілім тиетін. Ажарыма «осы арамтамақты, балаларыңды асыраймын деп-ақ қартаятын болдың. Ажырасып кетші мынадан, құлағың тыныш болады» деп қанша айттым. Қайтейін, қызымның екі күннің бірінде жылап отырғанын көру маған да оңай емес.


Күндердің күнінде Ажар менімен ашық әңгімелесті. «Мама, ұрысымызға сіз араласа берген соң ушығып, жағдайымыз қиындап кете береді. Жеке тұрып көреміз-ау, сіз әлі жассыз ғой, менің бір баламмен бөлек тұрсаңыз қалай?» деп күмілжіді. Мен не дейін, күтпеген әңгіме болғасын «онда мына пәтерде сендер қалыңдар, мен кетейін» деппін. Кейін арада бірнеше күн өткен соң қызымның айтқанын ой елегінен өткізіп, оған ренжідім. «Сонда менен анау жаман байың артық болды ма? Сендерді бақытсыз етіп отырған менмін бе? Барым да, нарым да сен едің ғой» деп жыладым. Ақырында екеуінің ажырасуын өтіндім.


Сөйтсем қызымның ажырасатын ойы жоқ. «Сен сияқты өмір бойы қу тіземді құшақтап өмір сүретін жайым жоқ. Ұрса да, соқса да байы бар деген атақ керек. Ит те болса балаларымның әкесі, одан өлгенше ажыраспаймын» деп аузымды жауып тастады. Сол әңгімеден кейін пәтерді қызыма тастадым да, өзім бөлек кетіп қалдым.


Анасын сыйлаған қыз болса, «мама, мынау пәтер сіздікі ғой, біз кетейік» дер еді, Ажарымның санасын улап тастаған ба, үн-түнсіз жібере салды. Қайтейін, бары сол шығар. Қазір бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрам. «Енді көрмеймін» деп қызыма ренжіп едім, қайдан, біраз уақыттан кейін іштегі өкпе-реніш сейіліп салды. Қазір анда-санда келіп, аз-маз ақша қыстырып кетеді. Арасында немерелерім келеді. «Апа, біздің үйге жүріңізші, сізді сағындық» деп қоймағасын арасында үйіме барып тұрам. Ондайда дөңке мінезді күйеу баланың қабағы бір ашылмайды» деп ағынан жарылды.


Мына әңгімеден кейін ашуым келді. Ақбөпенің орнында болсам әлгі күйеу баланы артына ит салып тұрып қуып шығар едім. Қызын да аямас едім. Қайта бұл жуастық қылып, өз пәтеріне паналатып, мәрттік қылыпты. Бірақ өзінің тентіреп жүргені жаныма батты. «Жас күнімде қызымды жәутеңдетпейін деп сөз салғандардың бетін бекер қайтарыппын. Қайта біреуге тиіп, тағы 2-3 перзентті тапқанымда, қазір жалғызыма жалтақтап отырмас едім» деп көзінің жасын бір сығып алды құрбым...»