​«Күйеуім балам сияқты»: Күйзеліп жүрген келіншек күйеуінің қасына жатқысы келмейтінін айтты

0
6 524

«Әйел ерге, ер жерге қарамасын» деген сөз бекер айтылмаған-ау.


​«Күйеуім балам сияқты»: Күйзеліп жүрген келіншек күйеуінің қасына жатқысы келмейтінін айтты

«Мен оған тұрмысқа шыққанда мұншалықты басылып кетеді деп ойламадым. Қазір ол менің балам сияқты. Бәрін мен айтамын, ол бас шұлғи береді. Өздігінен ештеңе жасамайды» деп мұңын шаққан келіншек өзінің қай өңірден екендігін атамауды сұрады. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ол күйеуімен бір шаңырақ астында тұрғысы келмейтінін де жасырған жоқ.


- Бәрінің де «неге тұрмысқа шықтың оған?» дейтінінде шүбәм жоқ. Иә, мен оған қаламасам да тұрмысқа шықтым. Өзімнен екі жас үлкен әрі көрікті жігіт болған соң бақытты болып кетерміз деп ойладым. Алғаш танысқанда-ақ баладай аңғал екенін де білгенмін. Ұнаттым, бірақ сүйдім дей алмаймын. Жасым 26-ға келгенде мен үшін тұрмысқа шығып кету – басты мақсат болып тұрған.

Шықтым тұрмысқа. Үйінің үлкені болған соң киім-кешек, көрпе-төсегімізді арқалап пәтер жалдап шығып кеттік. Жұмыс істеп өз жағдайымызды жасамасақ, ата-енемнің қолына қарап отырып қалатын болдық ауылда. Бал айымыз тез бітті, менің аяғым ауырларды. Одан кейін жеріктік, босану, бала күтімі дегендермен отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығын қатар көріп кете бардық.

Тұңғыш қызымның соңынан тағы екі ұл ерді. Арасында жұмыс істеп, декретке шығып жүріп әйтеуір күнелттік. Сол пәтерден пәтерге көшу, жетпейтін ақша жүйкемді әбден жұқартты. Біраз үндемей күйеуімнен бір бастама күтемін. Бірақ ол үндемейді. Тамақ ішіп тойса мәз боп балаларымен ойнайды, мені құшқанына мәз. Сол баяғы жұмысы, артық табыс табайын демейтіні, әрекет жасамайтыны менің ашуымды келтіретін.

Үшіншім екі жасқа толғанда жұмысқа шықпақ болдым. Бірақ мектепке баратын қызымды апарып әкелетін адам, екі кішкентайымды балабақшаға беретін ақша артылмайды тапқанымыздан. Үйде отыра берейін десем осы күйімізде қанша отыратынымызды бір құдай білсін. «Әрекетке берекет» деген, бірдеңе істейін-ау деген күйеуімнің ойында жоқ.


Бір күні шыдамым таусылды, одан ашық сұрадым. «Қайрат, не ойың бар? Біз қашан пәтерден шығып өз үйімізде тұрамыз?» дедім. Ол не дегенін білесіз бе? «Білмеймін» деп күмілджіді. «Шынымен білмейсің бе?» десем, «білмеймін ғой енді» деп қарап отыр. «Ау, жер алайын, үй салайын деген ойың жоқ па? Арманың жоқ па ешқандай?» десем «менің арманым сендермен өмір бойы бірге болу» дейді. Өмір бойы бірге боламыз ғой, бірақ бір баспана керек шығар алдымен? Ол сұраққа менің тірегім, азаматым жауап бере алмады. Бірінші рет көңілім сол жерде қалды.


Содан кейін өзім әрекет жасауым керек екенін түсіндім. Бұрынғы жұмысыма қосымша, екінші жұмыс тауып соны істедім. Бір баспана алсам деген арман мені отқа да, суға да түсірді. Демалыс және мереке күндері гүл мен торт сатуға да шығып, тиындап ақша жинадым. Күйеуім тек отбасымдағы көмекшім болды. Менің қолым тимейтін болған соң балаға да қарады, үй де жинады, тамақ та істеп, кір жуды. Менің басқа амалым жоқ еді. Осылайша қалай «еркек» боп кеткенімді білмей қалдым.

Үйге келемін, ас-шайым дайын тұрады. Шаршап ештеңеге қарауға шамам келмей құлаймын. Таңертең шай ішсем іштім, ішпесем ұйықтап жатқан балаларымды бір иіскеп жұмысқа кетемін. Кейде балаларым мені үш күндеп көрмей қалатын сәттері болады. Мен келгенде ұйықтап жататын. Оған да үйрендік.


Қатты шаршағанда «мен сияқты сен жұмыс істеп ақша тапшы, мен отырайын үйде» деймін күйеуіме. Ол күмілжіп «мен сен сияқты істей алмаймын ғой, мен-ақ қарай берейінші балаларға» дейді. Түңіліп кететінмін сондайда. Бірақ оған да үйренеді екенсің.


Арманымдағы үйді алдық, көшіп жайғастық. Үй алсам, бала-шағама қарап отырамын деп ойлайтынмын. Қайдағы? Анау керек, мынау керек, әлі қаражат жұмсайтын жер молынан. Ал күйеуім балаларыммен бірге бала болып қуанып жүр. Еркек болып намыстанып, ақша тауып маған әмірін жүргізсе деймін ғой басқалар секілді. Жоқ, «жұмысыңа бармайсың ба?» деп отыратыны жынымды келтіретін болыпты осы күні.


Ең жаманы, жақында оның қасында жатып мені құшақтағанда тура бір балам құшақтағандай әсер алып тұла бойым зырқ ете түсті. Өз сезімімнен өзім шошым кеттім. Содан бері оны жаныма жуытқым келмейтін болыппын.


«Әйел ерге, ер жерге қарамасын» деген сөз бекер айтылмаған-ау. Менің орныма үй шаруасын істеп, тек бала-шағасына қарап отырған күйеуіме еркек деп емес бала деп қарай бастаған секілдімін. Бұл да сол орнымыздың ауысып кеткенінен, жүйкеме соның әсерінен салмақ түскен болса керек. Білмеймін енді, не істерімді... Бөлек жатқым кеп тұрады...


Осылай деп сырын ақтарған келіншек әрі қарай не істерін білмей жүргенін айтады.

«Отбасымды бұзығым келмейді, ол өте жақсы әке. Сонда проблема менде ме? Мұндайда кімге, қандай маманға жүгінуге болады?» деп көмек сұрайды ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ақшамды енем ұстайды»: Шымкенттік келін отбасындағы айнымайтын қағиданы айтып берді


«Ұл туып бер» деп өлтіріп тынды»: түркістандық бойжеткен әпкесінің қазасына жездесін кінәлайды