«Егер қарсы болмасаң мен екі жақта да өмір сүруге қарсы емеспін" деп отыр...
көрнекілік коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды
Кез келген ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды. Әсіресе қыздарының оң босағада отырып қалмай, теңін тапқанына қуанады. «Барған жеріңде балдай батып, судай сің!» деп тілейді. Бағы ашылып, сол әулетке сіңісіп кетсе нұр үстіне нұр. Ал керісінше болып шықса ше?
«Мен қазір келінмін бе, бойжеткен қызбын ба, кім екенімді ұға алмайтын күйдемін, - дейді Аяулым. – Сырымды ешкімге айта алмай, ішқұса болып жүрмін. Бәлкім, сіздерге айтсам жеңілдейтін шығармын. Менің басымдағы жағдай өзге қыздарға сабақ болар...»
- Бәрін басынан бастап айтар болсам, осыдан бір ай бұрын мен бір жігітпен таныстым. Ауылдан қалаға келе жатқанда бір көлікке мінгенмін. Айдос есімді жүргізушімен таныстық, мінезі өте ашық, кез келген тақырыпта еркін әңгімелей алатын жігіт екен. Сөзіміз бірден жараса кетті. Қоштасарда телефон нөмірімді алып, кейін бір-екі мәрте хабарласты. Кездесуге шақырды. Бір қарағанда сымбатты, сыпайы жігіт болып көрінген соң, мен кездесуден бас тартпадым.
Сол кездесудің соңы мені алып-қашумен аяқталды. Қарсыласқаныма да, әлі оны жіті танымайтыныма да қараған жоқ. Біздің қазақта «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген сөз бар ғой, ата-анамның абыройын ойлап, сол босағаға келін болып қалдым. Беташар рәсімі өтті, хабаршылар кетті, қуғыншылар келді. Қысқасы, барлық жөн-жоралғылар жоғары деңгейде өтті. Ауыл молдасы некемізді қиып, екеуміз оңаша отауға кірдік.
Мұндай сәт әрбір қыз баласы үшін ерекше ғой, мен қалай болар екен деп қатты қобалжыдым. Соны сезген болуы керек, Айдос «Қазір келемін» деп шығып кеткен. Сол кеткеннен мол кетті. Неке түнін жалғыз өткіздім. Мен үшін бұл түн қызыққа емес, қасіретке толы болды. Осыншалықты қорланамын деп ойламаппын. Не болғанын түсіне алар емеспін. Жылай-жылай көзім гүп боп ісіп кеткен. Айдосқа телефон соқсам, көтермейді.
Ертеңіне мән-жайды үлкен абысынымнан сұрастырдым.
«Шынымды айтсам, сенен обал болды. Кеше айтқым келген, бірақ үйдегілерден ыңғайсыздандым. Негізі біздің Айдостың басқа әйелі бар. Үш жылдан бері сонымен көңіл жарастырып жүр. Ол келіншектің аты – Дана. Екеуі бірге істейді. Бұрын күйеуге шығып, ажырасып кеткен екен. Бір баласы бар. Айдос соған ғашық болып қалған ба, әлде дуалап алған ба, түсінбеймін. Бір күн үйде болса, үш күн сол жақта жүреді. Кеше де сол бәлеге кеткен шығар» деп шынын айтты.
Айдосты әке-шешесі, бауырлары ақыл айтып, оның жүрісін қойдыра алмапты. Боламаған соң анасы «Мені анам деп сыйласаң мына жүрісіңді тоқтат та, үйлен! Әйтпесе ақ сүтімді кешпеймін! Маған адал, есік көрмеген келін керек» деп шарт қойған. Ақыры мынау болған, «сендерге керегі адал келін болса, міне» деп мені әкелген де, өзі көңілдесіне кетіп тынған.
Келін болғаныма бір аптадан асты, күйеуімді әлі көрген жоқпын. Ата-енемнің үйінде не үшін, кім үшін жүргенімді ұға алар емеспін. Ештеңеге зауқым жоқ. Төркініме де бұл жағдайды айта алмай, ұяттан өртеніп жүрмін. Егер айтар болсам ағаларым күйеуімді, ата-енемді сотқа беріп, соңы ұрыс-төбелеспен аяқталғалы тұр. Обалы не керек, ата-енем жақсы, көргенді кісілер екен. Қайын атам күйеуімнің жұмысына барып, мән-жайды біліп келіпті.
«Айналайын, балам-ай, солай болып қалды. Сәл шыдашы, бәрі реттеледі» деп асты-үстіме түсіп, бәйек болып жүр. Қайтарамыз, бала адасып жүр деп жұбатумен әлек. Олардың сөзіне сеніп жүре берерімді де, төркініме кетіп қалудың да ретін таба алар емеспін.
Айдостың өзімен сөйлеспек болдым. Алдын телефон соққанымда көтермей жүрген. Кеше өзі хабарласты.
«Обалыңа қалдым-ау, кешірші» дейтін шығар деп күткенмін. Қайдағы?! «Егер қарсы болмасаң мен екі жақта да өмір сүруге қарсы емеспін. Сенің алдыңдағы жауапкершілікті де толық түсініп тұрмын. Бірақ Дананы (Айдостың көңілдесі) да сүйемін. Ендігісін өзің шеш. Келіспесең, өзің білесің» деп маған шарт қойды.
Айтыңыздаршы, осыншалықты қорланатындай менің не кінәм бар еді?! Бұдан кейін не деуге болады? Не істеген дұрыс? Басым қатып кетті. Бір-ақ нәрсені түсініп тұрмын, лажы болса бейтаныс, бір көрген адамға сенім білдіріп, тым аңғал болмау керек екен. Мұны мен өзім секілді қыздарға ескерту болсын деп айтып отырмын. Өмірде осындай да ардан безген адамдар бар екен...»
Осылай деген Аяулым не шешім қабылдарын өзі де білмей отырғанын айтады...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Інімді туған балалары ӘКЕ деуге намыстанады»: жетісайлық әйел жан сырымен бөлісті
«Коронавируспен ауырған соң тоқал аламын деп шықты»: шымкенттік келіншек көпшіліктен кеңес күтеді