9 сәуірдегі екінші сот отырысы өзін қыздың орнына кепілге алуды сұраған Мұса Әбдірайымовтың адвокатының өтінішін қараудан басталды.
Фото: Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
ERNUR.KZ. Алматыда наурыздың басында әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп жазады tengrinews.kz.
9 сәуірдегі екінші сот отырысы өзін қыздың орнына кепілге алуды сұраған Мұса Әбдірайымовтың адвокатының өтінішін қараудан басталды. Адвокат Әбдірайымовты жәбірленуші деп тануды және істі прокурорға тергеуге қайтаруды сұрады.
Сонымен қатар, Әбдірайымовтың өзі де өтініш жасап, өзін жәбірленуші ретінде танымауды өтінді. Оның айтуынша, ол қызды өз еркімен құтқарған және денсаулығына ешқандай зиян келмеген.
Осыдан кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті.
Айта кетейік, бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:
- Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
- Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) бойынша 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Еске салайық, 7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.
Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.
Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Әуежайда қызметкерді кепілге алған ер адам екі айға қамауға алынды. Алматы әуежайындағы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.