​«Күйеуім «төркініне» кетіп қала береді: алматылық келіншек шаршағанын айтты

0
2 600

"Бұндай да еркектер бар екен-ау..."


​«Күйеуім «төркініне» кетіп қала береді: алматылық келіншек шаршағанын айтты

Қит еткенге төркініне жүгіре жөнелетін әйелдер болады. Ол назын, ренішін осылай ұқтырғысы келеді. Бұл әйелдің табиғатына жарасады. Бірақ еркекке жарасымсыз қылық. Десек те, «төркініне» кетіп қала беретін еркектер де бар екен.

Алматылық Айгүл есімді келіншек бұндай да еркектер болатынын айтқанда, таңданысымызды жасыра алмадық.



Ол күйеуінің ұнамсыз осы бір қылығынан шаршағанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дегенді естіп өстік қой. Сондықтан да барынша шыдап келем. Бірақ шыдамның да шегі бар.

Әпкелерім айтқандай, бастысы жігіт жуас болса және арақтан аулақ болса, үй болып кету оңай деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Отбасы болу, екі адамның бірге өмір сүруі өте қиын екен.

Оң жақта ұзағырақ отырдым. Жасым 33-ке келгенде ғана жан-жағыма қарап, ойлана бастадым. Бұл уақытта тек ажырасқан, баласына алимент төлейтін және әйелі қайтыс болған ер-азаматтардан ұсыныс түсті. Айналамдағы таныс-білістер де тек осындай категориядағылармен таныстырды. Білем, үйленбеген, жағдайы жақсы, өзіне сенімді 33 жастағы жігіт 33-тегі емес, 23-тегі қызға үйленеді. Мені қайтсін?! Ал 40 жасқа дейін дені сау адам бойдақ жүрмейді. Рас, 40-тан асқандардың бала тудыруға не денсаулығы жарамайды, не сөзі мен ақыл-есі дұрыс емес.

Уақытымның, базарымның өтіп кеткенін кеш ұқтым. Сонда да «Мен үйленбеген жігітке тұрмысқа шығам» деп мақсат қойдым. Оның баспанасы, жұмысы болмаса да көнем дедім. Бастысы, арақ ішпейтін, ұрмақ түгілі ұрыса алмайтын жуас болуы қажет деген талабым да болды.

Тілегіме қарай құдай дәл сондай жігітті жолықтырды. Мектептен кейін оқымаған, әр түрлі қара жұмысты істеп күн көріп жүрген жігіт екен. Ішімдіктен алыс, темекі де шекпейді. Жеңгем «Тұрақты бір жұмысқа кіріп алса болды, жап-жақсы жігіт. Темір торға қамалмаған, қыз зорламаған. Бұдан артық саған не керек?!» десе, әпкем «Биыл тұрмысқа шықпасаң, сені ешкім аламйды» деді. Анам да «Діңкілдеп тұрса, қол көтерсе, достарымен түнімен қыдырып жүрсе қайтер едің? Бұл жуас қой, үйінен шықпайтын күйеу болады» деп, әпкем мен жеңгемді қостады.

Олардың айтқаны дұрыс-ақ. Бірақ күйеудің тым жуас болғанының да минус жақтары болатынын кейін түсіндім. Жұмысы тоқтап қалып, қаншама ай жұмыссыз жатты. Менің айтуыммен әрең біреуге хабарласып жұмыс сұрады. «Өзіміз хабарласамыз» десе, соны айлап күтіп жата береді.

«Өзің хабарлассайшы», «Тұрақты жұмыс табылғанша, уақытша жұмыстарды істей берсейші», «Жүк тасушы болсаң да, көлік жусаң да күнделікті наныңды тапсай» деп айтып түртпесем, қимылдамайды. Бәрінен де менің түрткілегенімді дұрыс түсінбей, ренжіп тоң-теріс боп жүретіні қынжылтады.

Үйленгенімізге екі жыл болды. Оның тындырған түгі жоқ. Мен жұмыс тауып берем, ал ол бір айға жетпей шығып қалады.

Тым болмаса арамызда бала да жоқ. Бала да өмірге еңбекпен келеді, оған да көңіл күй керек. Күйеуім ренжіп, теріс қарап жатып қалса, бала қайдан болсын?!

Оның үстіне күйеуім бір күн үйде болса, апталап анасының үйінде жатады. Иә, мен қаттырақ сөйлеп қойсам, үйден шығып кетіп қалады. Ауылдағы анасының үйіне барып, сонда жүреді. Ал қай ана баласын үйінен қуады дейсіз. Қоңырау шалып, «Не істеп жатырсың?» десем, «Жұмыстан хабар күтіп жатырмын» дейді. «Қаладағы пәтерде жатып та хабар күтсең болмай ма?» деп айта алмаймын. Өйткені ол менің сөзімді көтере алмай кетіп қалғанын білем. Өзім «қуып жібергенімді» түсінем.

Сонда мен оған сөйлемеуім керек пе? Кемшілігін айтпауық қажет пе? «Орныңнан тұр, жұмыс ізде» деп мен айтпасам, кім айтады оған?!

Мен оған жаман бол деп жатқан жоқпын ғой. Жұмыс істесе екен деймін. Мейлі, көп ақша таппай-ақ қойсын, әйтеуір жұмыс істесе жұртпен араласады, өзін солармен салыстырып алға ұмтылады. Ал үйде құр жата береді. Үйден шықпаған соң одан бетер тұйық, ынжық, жалқау боп бара жатыр.

Онымен ашық отырып сөйлескім келеді. Ал ол мен көп сөйлеп қойсам, ауылға шешесіне кетіп қалады. Енем де жуас адам ғой, ол маған ләм-мим деген емес.

Кейде күйеуімінң үндемей үйден кетіп қалғанына ашуым келгенде, «Сен ашуыңды солай шығарасың ба? Одан да сен де маған ұрыссайшы. Менің де кемшіліктерімді айт, түзеймін, жөндеймін» деймін. Ал ол тағы да үндемейді. Үндемегені жаман.

Жуастығынан шығар жұмысқа да тұра алмай жүр. Кейде өзіме «Неге, кімге ренжимін, құдайдан жуас күйеуді сұраған өзім емеспін бе?» деймін. Сөйтем де өзім қоңырау шалып, ауылынан шақырып алам. Кешірім сұраймын, қайта татуласам. Бірақ көп ұзамай оның үйде жұмыссыз жатқаны жүйкеме тиеді де, тағы ұрысамын. Мен одан көп нәрсе талап етіп жатқан жоқпын ғой, тек тұрақты жұмысқа тұрса, таңертең кетіп, кешке келсе болды.

Ол жақында тағы да анасының үйіне кетіп қалды. Бұл жолы өзі келмесе, мен қоңырау соғып шақырмаймын деп шештім. Шаршадым. Мүмкін ол да менен шаршаған шығар...»


Айгүл әңгімесінің соңында ажырасқысы келетінін де айтып қалды. Бірақ күйеуінің жұмыссыздығы мен анасының үйіне кетіп қала беретінін себеп ету «битке өкпелеп тонын отқа жаққанмен» бірдей емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?



Тағы да оқыңыз:


«Күйеуім бала-шағасына ақша қимайды»: түркістандық келіншек ренішін айтты

«Бай күйеуіммен төркініме барудан қысыламын»: алматылық әйел қиындықтарын айтты