​«Күйеуімді бір баласымен қабылдаған едім...»: қызылордалық әйел тығырыққа тірелгенін айтады

0
9 654

«Туған шешесі тыныштық берер емес»


​«Күйеуімді бір баласымен қабылдаған едім...»: қызылордалық әйел тығырыққа тірелгенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тағдырдың жазуымен күйеуімді бір баласымен қабылдаған адаммын. Себебі біз бесікте жатқанда атастырылған едік. Ол аяғын шалыс басып, біреуді жүкті етіп қойған. Сонысына қарамай тұрмысқа шығып, баласын бауырыма басқанмын. Енді туған анасы тыныштық берер емес», - дейді Қарлығаш есімді әйел.


Қызылорда қаласында тұратын оқырманымыз отбасылық мәселесін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жансерік екеуміздің әке-шешелеріміз мектепте бірге оқыған достар. Бір ауылда тұрып, айнымас дос болуға серттесіп, соңынан бесікте жатқан біздерді атастырған екен. Біз бұл жаңалықты есейгенде естідік. Бала күнімізден мерекелерді бірге қарсы алып, туған күндерде міндетті түрде құттықтап барып, туысымыздан артық араластық. Бірақ Жансерік екеуміздің әңгімеміз онша жараспайтын. Ол басқа сыныпта оқыды, мен басқасында... Кездесе қалсақ сабағымыз, сыныптастарымыз жайлы бір-екі ауыз сөз айтып, сонымен тарқасушы едік.


Бірақ мектеп бітіріп, қалаға оқуға барғанда ата-аналарымыз кездесіп, шай үстінде «Енді сендер ақыл тоқтататын жасқа жеттіңдер. Қалада бір-біріңе бас-көз болып, жиі кездесіп, қыдырып тұрыңдар» деп ескертті. Жігітім маған көп келмейтін. Аптасына екі рет келіп, жағдайымды сұрап, бір сағаттай әңгімелесіп қайтып кететін. Басқа уақытта тек телефонмен хат жазып қоятын. Мен оның бұл әрекетін ұяңдыққа балап, «менен ұялатын шығар» деп ойлағам. Сөйтсем ол басқа біреуді ұнатып қалған екен.


«Ата-анамызға үйленгіміз келмейтінін айтайықшы, менің жүрегім басқа қызды қалайды» дегенде аузыма сөз түспей қалған. Екінші курсты аяқтағанша «менің атастырылып қойған жігітім бар» деп сөз салғандардың біреуіне көзімді салмай жүргеніме ашындым. Бір жағынан Жансерікті қызғанып, ішім алай-дүлей болды. Бірақ білдірмей, «болды, сенің қалағаның болсын» деп келістім.


Жансеріктің бұл шешіміне ата-аналарымыз қатты ренжіді. «Мына балаңа не тәрбие бергенсің, ел-жұртқа масқара болдық, атастырылып қойғанын бүкіл ауыл біледі» деп әкем тулады. «Кішкене уақыт беріңдер, баланы өзім жөнге салам» деп Жансеріктің әкесі кешірім сұрап келді. Бірақ менің ата-анам «енді сендермен құда бола алмаймыз, сертті өздерің бұздыңдар» деп кері қайтарды.


Қош, сонымен Жансерік сүйген қызымен кездесіп жүріп, қыздың аяғы ауырлап қалыпты. «Үйленейік» деп ұсыныс білдірсе, жүретін қызы «менің ауылда тұрғым келмейді» деп бас тартқан. Бірақ іштегі баланы алдырып тастауға кеш, амал жоқ туып, кіп-кішкентай нәрестені Жансеріктің анасының қолына ұстатып, Алматыға кете барған. Мұны естігенде менің әкем «Сауап болған, сертті бұзғаны үшін Құдай жазаларын берді» деп мысқылдап алды. Бірақ мен іштей Жансерікті де, еш кінәсі жоқ баланы да қатты аядым.


Шындығын айтқанда Жансерік кешірім сұрап, алдыма келсе бәрін ұмытуға дайын едім. Себебі ойша тағдырымды тек сол жігітпен байланыстырып қойғам. Басқасын көзге ілмедім. Бірақ күткен Жансерігім екі жылдан кейін бір-ақ батылдық танытып, алдыма келді. «Қателік жасаппын, енді сол үшін қатты өкінемін» деп үйленуге ұсыныс білдірді. Ал мен көп ұзатпай келісімімді бердім. Басында ата-анам тулап, қарсы болған. Бірақ кейін бәрін кешіріп, ақ батасын берді.


Үйленгенімізге 11 жыл болды. Алланың берген үш перзентін тәрбиелеп отырмыз. Үлкеніміз биыл 13-ке толды. Өз балаларымнан артық жақсы көрем. Өзі тәрбиелі, елгезек, бауырларына қамқор боп өсіп келеді. Жансерік те мені сыйлап, құрметтеп тұрады. «Сендей жарды берген Құдайға шүкір, саған рахмет» деп айтып отырады. Бір сөзбен айтқанда, бақыттымын...


Дегенмен, үнемі бақытты боп жүру де мүмкін емес-ау. Жақында Әлихан баламыздың туған анасы пайда болды. Он үш жылдан кейін ақылы кіріп, баласын іздей бастапты. «Бір көрсетші» деп Жансерікке жалынған екен, «Оны бағып-қаққан Қарлығаш, бәрін сол шешеді» депті.


Туып тастап кеткен әйелмен жолықтым. Алматыда жүріп, біреуге тұрмысқа шыққан екен, екі қыз туған соң ажырасып кетіпті. «Бір жасқа толғанында баламды іздеп келіп едім, Жансерік қуып жіберді. Бес жасқа толғанда тағы келгем, онда да көрісуімізге қарсы болды. Енді бала ержетті ғой, айтсақ түсінетін шығар. Туған анасы екенімді біліп өскенін қалаймын» деп отыр. Кезінде жас болғанын, келте ойлап, оңбай ұрынғанын айтып жылап қалды. Көңілшек адаммын ғой, әйелге жаным ашып, еріп сала бердім.


Бірақ баламыз қазір өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Мінезі «ойнап» тұр, мына жағдайды естісе қандай күйге түсетінін кім білсін? «Өзім хабарын беремін, әзірге мазалама» деп кетіп қалдым. Мұндай жағдайда не істеу керек, Әлихан балама бәрін жасырмай айтқанымыз дұрыс па?»