«Күнәмнің жазасын қыздарым тартып жатыр»: жезқазғандық әйел ұя бұзғанына өкінеді

0
3 838

«Өмір – бумеранг деген рас екен, бұған көзім анық жетті» дейді ол.


«Күнәмнің жазасын қыздарым тартып жатыр»: жезқазғандық әйел ұя бұзғанына өкінеді
Қасиетті Құранның Исра сүресінің 7-аятында: «Жақсылық жасасаңдар, өздерің үшін жасадыңдар. Ал жамандық жасасаңдар, ол да өздеріңе» делінген. Адам баласы өзгеге зияны тиген тамшыдай қате ісінің де қайтарымын бұл өмірде көрмей кетпейді. Бұл дәлелденген ақиқат. Бірақ біреуге жасаған жамандығының алдына келгенін ұғатындар аз. Оларға жезқазғандық Еңлік есімді әйел өз өмірін сабақ еткісі келеді.


Боямасыз өмірін ол ERNUR.KZ тілшісіне егжей-тегжейлі айтып берді:

«Маған ата-анам «Жамандық жасама, өзіңе қайтып келеді» дегенді айтқан емес. Айналамдағы құрбыларым да, достарым да қате іске бара жатқанымды біліп тұрса да қайтарған жоқ. Сондықтан да мен осы күнге дейін «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет. Неліктен ондай қадамға барғанымды түсінбей, кінәлау дұрыс емес» деп өзімді ақтап келген едім. Бірақ болып жатқан оқиғаларға зерделеп қарасам, бәрі де менің жазам екенін анық білем. Бірақ қыздарымның не кінәсі бар деп, өмірге нала болам кейде...

Мен бала күнімнен Нұрболға ғашық болдым. Ол менен екі сынып жоғары оқитын еді. Ағамның жан досы, үйге жиі келетін. Ол мені қарындасындай көрді, ал менің сезімім басқа.

Мектеп бітіргеннен кейін ол Алматыға оқуға кетті. Сол жылғы жазғы демалыс мен үшін қызықсыз өтті. Сағындым. Ағамның досына сезімімнің алабөтен екенін білетін жақын құрбым «Болды одан айырылдың. Алматының бір сұлуы оны арбап алады» деп, жанымды одан сайын ауырта түсті.

Қалайда оған жақынырақ болуды ойлаумен күндерім өтіп жатты. Бір күні көрші ауылдағы мектептегі менімен жасты бір қыздың колледжге құжаттарын дайындап жүргенін естіп қалдым. Сол күннен бастап «9-сыныптан соң ауылда оқымаймын. Колледжге түсіріңдер» деп, қиғылық салдым.

Үйдің кенжесі болмасам да еркесі едім. Әкем бір-екі сиырын сатып, қалаға ертіп келді. Бірақ Алматы ауыл емес, үлкен қала екен. Нұрболды күнде көруге мүмкіндік жоқ, сонда да жатақханасына жиі іздеп бардым. Бір күні ол «Қаланың о басынан бұ шетіне келіп-кете беру оңай емес қой. Қалаға оқуға келдің бе, әлде қыдырып жүруге ме? Бұл саған ауыл емес қой, кешке көшеге шыға бермесейші» деп ағалық ақылын айтты. Тағы бірде «Жайша жүрсің бе мұнда? Әлде жатақханада таныстарың тұра ма?» деді. Ал бірде киноға екі билет сатып алып барғанмын. Ол кешке вагондарға жүк артушы боп жұмыс істеп жатқанын айтып кетіп қалды. Ол менің көңілімді ұқпады да, түсінгісі де келмеген секілді. Кішкентай қызға балайды мені.

Фото: www.babycentre.co.uk

Ашуландым, бірақ ол институтты бітіргенше әдемі қызға айналам, сол кезде өзі-ақ ғашық болады деп, бетімнен қайтпадым. Сондай-ақ күндіз сабағынан бас алмаса, ал кешке жұмыс істесе, қызбен қыдыруға уақыты да болмай жүрген шығар деп ойладым. Мен оның диплом алғанша ешкімге үйленбейтініне сенімді болдым. Білімқұмар, еңбекқор жігіттер институтты бітіргеннен соң ғана қыз іздейді.

Мен осылай ойладым. Алайда мен қателесіппін. Нұрболдың үшінші курста ауылға қызын ертіп барып, үйленгенін естігенде есім шықты. Сол күннен бастап менің өмірімнен сән кеткендей болды. Кім үшін, не үшін қалаға келдім? Ешнәрсеге зауқым соқпай жүріп, әйтеуір колледжді бітіріп шықтым. Бірақ үмітім Нұрболда болғандықтан мен қалада қалуды жоспарлап, жоғары оқу орнына түстім. Ал бұл уақытта Нұрболдың келіншегі екіқабат боп үлгерді. Оларды сыртынан көрген сайын мазам қашты. Шындап келгенде ол менің білегімнен де ұстамаған, сөз айтпаған. Ал мен сезімі алданғандай сезіндім. Ақымақтық қой менікі. Бала кезден ғашық боп жүрген жігіттің басқаға үйленгені опасыздық жасағандай түйілді. Ызам келді.

Ғашықтық адамды ақымақ етеді екен. Махаббат туралы кітап оқысам да, кинотеатрға барып фильм көрсем де, ондағы жаман кейіпкерлердің әрекеттерін қайталап көруді ойлайтын болдым. Кейбір тұстарын Нұрболдың отбасын бұзуға қолданғым келетін.

Жас жұбайлардың арасына сызат түсіру үшін алдымен олармен жақын болуым керек екенін түсіндім. Кинолардан көргенім ғой. Нұрбол мені өз қарындасындай көретінін білем. Ауылдасы ретінде жатақханасына барып жүріп, келіншегімен танысып алдым. Есімі Назгүл екен. Ол Нұрболдың группаласы, екеуі бірге оқиды. Обалы не керек, ашық мінезді, ақкөңіл жан. Менің ішімде нендей ой жатқанын аңғармады да, бар сырын айтады.

Адамдарды татуластырудан, оларды ұрыстыру ең оңай нәрсе ғой. Нұрбол мен Назгүл шүйіркелесіп отырғанда маған есі кетіп ғашық боп жүрген жігіттің біріне әдейі қоңырау соқтырамын. Ол Назгүлге телефон шалады. Күнде кездесіп жүргендей тәтті сөздер айтады. Мұндайда ерлі-зайыптының міндетті түрде ұрысатыны белгілі емес пе?! Олар керісіп жатқанда кетіп қалам да біраздан соң бөтен нөмірмен Нұрболға басқа нөмірден смс-хабарламалар жолдаймын. «Кешегі сәтті ұмыта алмаймын. Мен сондай кешті тағы да асыға күтемін» деген сарындағы смс-терді әдейі түнде де жіберемін.

Ол кезде бүгінгідей нөмірлер телефонға тіркелмейтін, сондықтан да кім екенімді ешкім таба алмайды. Отандасқанына 6-7 жыл болғандар қоңырау мен смс-хабарламалар үшін аса ұрыса қоймас. Ал Нұрбол мен Назгүл сияқты жас отбасылардың ажырасуына, бір-бірінен көңілі сууына мұндай болмашы нәрселер де себеп бола алатынын мелодрамалардан көргенмін.

Фото: avatars.mds.yandex.net

Әйеліне ыстық махаббатқа толы хаттар келгенде қандай еркек өзін ұстап тұра алсын? Ал ер-азаматына бөгде қыз-келіншек қоңырау шалса, еркек «Сені танымаймын. Енді гәрі қоңырау шалма» десе де, әйел байғұста күдік пайда болатыны белгілі. Әйел де, еркек те бәріне көз жұма қарағанымен, опасыздықты кешіре алмайтынын мен жақсы білуші едім.

Екі жылда мен дегеніме жеттім. Назгүл Нұрболдан кетіп қалды. Осы аралықта мен Нұрболдың қасынан табылуға тырыстым. Мұңын айтады, өзінің Назгүлге ешқандай опасыздық жасамағанын, оны қатты жақсы көретінін айтады. «Ажырас, басқаға үйлен. Қыз көп» деп азғырамын. Бірақ оның есіл-дерті Назгүл мен баласында.

Олар қайтадан татуласпады, дегенмен Нұрбол да басқаға үйленбей жүріп алды. Кейін араққа салынып, жұмысынан қуылып, ауылына кетті. Адам танымастай өзгерген Нұрболды көргенде оның қайтадан түзу жолға түспейтініне анық көзім жеткен еді. Сондықтан да мен өзімді жақсы көретін бір жігітке тұрмысқа шығып кеттім.

Құдайдың жазасы ма екен, мен тек қыз балаларды өмірге әкелдім. Ұл туам деп, жүктіліктен сақтанбадым. Араларына бір жылдан салып, төрт қызға өмір сыйладым. Әрине мен ұл, қыз деп бөліп отырған жоқпын. Тек қыз баланың бақытсыздығы ана үшін өте ауыр тиеді екен.

Қыздарым бойжеткенше мен ешнәрседен қиындық көрмедім. Өзімді бақытты сезінуші едім. Бірақ Алла мені жазалау үшін қыздарымның есейгенін күткен екен ғой.

Үлкен екі қызым да жақсы жерге келін болды. Алайда екі қызым да бір жылға жетпей қайтып келді. Екі қызымның да ажырасуына себеп болған жағдайды естігенде ескі оқиға есіме түсті. Мен Назгүлден Нұрболды қалай ажыратып жіберсем, менің қыздарым мен күйеу баламның арасына да өзге келіншек дәл солай түскен. Қыздарымның кінәсіз екенін білемін. Бірақ жастар бір-бірін сатқындық жасады деп кінә тағып отыр. Өкініштісі, тұрмысқа барып келген екі қызымның да бір-бірден балалары бар. Олардың ертеңіне алаңдаймын.

Бұл бақытсыздық аз болғандай, енді жоғары сыныпта оқитын қызым, бұрынғы мен сияқты өзін сүймейтін жігіттің соңынан жүгіріп жүр. Ең сорақысы, кәмелеттік жасқа толмаған қызым ақымақтықпен өзінен үлкен, студент жігіттің туған күніне өзінің пәктігін сыйлапты. Бұны өзі айтқанда аспан айналып жерге түскендей болды. Не деп ақыл айтарымды да, қызыма қалай ұрсарымды да білмей қиналдым.

Бәрінен де қыздарым жаман жолға түсіп кетпесе екен деп тілеймін. Олар жұмыста кідірсе де, кешіксе де қатты уайымдаймын. Адам үшін өзінің емес, перзенттерінің бақытсыздығы мен қателігінен ауыр нәрсе жоқ екен.

Қыздарымның жылағанын көргенде жүрегім қарс айырылады. Назгүл де менің қыздарым сияқты кезінде талай күнді, түнді жылаумен өткізгенін енді ғана ойлап, үлкен күнә жасағанымды түсініп жатырмын.

Өкінемін. Ұя бұзғаныма, екі жасты айырғаным үшін құдайдан кешірім сұрап жылаймын да. Күндерім «Жаратушы маған күнәм үшін тағы да қандай жаза тағайындады екен» деп, қорқынышпен күндерім өтіп жатыр. Егер сол қателікті жасамағанымда қазір қыздарымның өмірі басқаша болар ма еді?..»

Өзіңіз ғана емес, бүкіл ұрпағыңыз бақытты болсын десеңіз, ешкімді жылатпауға тырысқан жөн-ақ.



Ұқсас оқиғалар:

«Абысынымның ішкиімін ұрлап кидім»: жамбылдық келіншек қалай балалы болғанын айтты

«Келініме деген кек пен реніш РАКқа шалдықтырды»: шымкенттік әйел өкінішін айтты