«Қызым "үйді сатып үлесімді бер" дейді»: тараздық ана мәселесін айтты

0
3 270

Ол бала тәрбиесінде қандай қателік жіберді? Қайталамау үшін оқыңыз.


«Қызым

«Не ексең – соны орасың» деген аталы сөзді барлық адам біледі. Бірақ еккенін оратын кезді алдын ала ойлап, әрекетін бақылайтындар аз. Олар қателігі басына таяқ боп тигенде ғана ойланады.

Тараздық Пернекүл есімді ана да соңғы күндері көп ойланыпты. Оның айтуынша, қазіргі мәселесінің түйіні бала тәрбиесінде жіберген қателігінде жатыр. Өкініштісі, қателікті тапқанымен, оны түзеудің жолын таппай отырғанын айтқан ана қартайғанда далада қаламын ба деп қорқады.


"Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Тұрмысқа ерте емес, кеш те емес жұрт қатарлы уақытылы шықтым. Жалпы мен бір ұл, бір қыз – екі перзентім болса жетеді дейтінмін. Одан артықты қаламадым. Бірақ адамның дегені бола бермейді екен.

Тұңғышым қыз болды. Одан кейінгісі, яғни екінші жүктілікті жоспарларда дәрігердің арнайы кеңесін алдым. Жұрттың аузында жүрген білікті маман ұл тууым үшін ғылыми әдістемеге жүгініп, овуляциялық күнтізбені қолыма ұстатты. Дәрігердің нұсқауымен екі ай ағзамның күйін зерттедім. Соған сәйкес дәрігерім жоспар құрып берді.

Жоспармен, бәрін есептеп жүкті болдым. Қаншама әйелдің осы маман арқылы ұлды болғанын естіп, өзімді де, күйеуімді де «ұл туамын» деп сендіріп қойған едім. Тіпті десеңіз, УДЗ маманы да жүктілігімнің төртінші айында «Ұл бала» деп нақтылады.

Қырсыққанда асыға күткеніміз кешікті. Иә, тоғыз айдан асып, оныншы ай аунаса да толғатпадым. Балам ішімде өліп қалмады ма екен деп, қаншама түнді ұйқысыз өткіздім. Ақыры толғақ өзі келмегендіктен, оны дәрі-дәрмектің күшімен шақырмақ болдым.

Дәрі де көмектеспей, бекерге жаным қиналды. Соңында дәрігерлер операция жолымен құрсағымдағы нәрестені алуға кірісті. Наркозда жатып, «Көздері әдемі екен. Сұлу қыз... қыз» деген акушердің сөзін естідім. Талықсып ұйықтап кетіппін. Оянған соң өзіме келуім қиындау болды.

Медбике құндақтаулы нәрестені алып келгенде ең бірінші оның жынысын тексердім. Өйткені наркозда жатқанымда естігенім құлағымда жаңғырып тұрған еді. Қыз екенін көргенде көңіл күйім түсіп кетті. Балалығым ба, әлде ақымақтық па қызыма қарағым келмеді. Шырылдап жылап жатқан соң амал жоқ бауырыма басып емізем. Бірақ мен басқа біреудің баласын емізіп жатқандай күй кештім. Бөтен сияқты көрінді.

Менің салқындығымды бәрі наркоздан кейінгі қалыпты жағдайға балап жатты. Бірақ мен сол күйі екінші қызымды жан жүрегіммен қабылдай алмадым. Оның жылаған дауысы неткен жағымсыз еді десеңізші. Тым болмаса түрі, не мінезі бірімізге ұқсаса жақын тартар ма едім кім білсін?!

Айналамдағылар әрдайым менің бұл қарым-қатынасымның бұрыстығын айтса да аналық мейірімім оянбады. Кішкентай қыздың жүрегіне ауыр тиетінін білсем де мен тұңғышымды ерек, ал оны бөлек көретінмін.

Ол кезде сол бір әрекеттерімнің қайтарымын көретінімді ұқпадым. Балаға кішкентайында қалай қарым-қатынас жасасаң, ол есейгенде дәл сондай «жауап» қайтаратынын да енді ғана түсініп отырмын.

Мен оған қатал әрі суық болдым. Менің осы салқындығым, мейір-махаббаттан жұрдай етіп өсіргенім оның тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймады. Менен өзіне қажетті мейірімді ала алмаса, ақысын өзінен екі жас үлкен әпкесінен алатын болды.

Әлі есімде, үлкен қызым бірде тұмау боп қатты ауырды. Тамағы ісіп, температурасы көтеріліп әбігерге салды. Мөлдірді үй маңындағы дәріханаға жұмсап едім, бармады. Амал жоқ дәріханаға барып келуіме тура келді. Қырсыққанда күнде ашық тұратын дәріханаға жабық екен. Үш аялдамалық жердегі дәріханаға бардым.

Дала аяз, сол күні жел ұйытқып тұрған. Жаурап жеттім, үй де суық, түсінбедім. Сөйтсем екінші қызым барлық бөлменің терезелерін ашып тастапты. Үлкен қызым қалш-қалш етіп жаурап жатыр. Ал Мөлдір қалың киініп алып, оның бетіне қарап жанында жайбарақат отыр.

Бұл көрініс мені шошытты, ашуландырды. Ұрыстым, беті бүлк етпеді. Ұрдым, көзінен жас шықпады.

Фото: истории.рф/wp-content

Небәрі 12 жастағы қаршадай қыздың қылығы мен бұл ісі маған ауыр тиді. Адам соншалықты қатыгез бола ма? Туған бауырына жаны ашымағаны былай тұрсын, оның қиналғанын көріп жаны рахат тауып отырғаны қорқынышты еді.

Мүмкін ол маған осылай өз іс-әрекетімді ұқтырғысы келген болар, бірақ мен қателігімді түсінбедім. Арада қаншама жыл өтсе де мен екінші қызымды құшақтап, басынан сипаған емеспін.

Оның мейірімсіз боп өскеніне өзімнің кінәм бар, мойындаймын. Дегенмен уақыт озған сайын қызыммен бірге оның қатігездігі де өседі деп еш ойламаппын.

Жасым 45-ке келгенде аяғым ауырлады. Жоспарымда жоқ еді. Бір таңқаларлығы, жоспарсыз жүктілігім мені қуантты. Үш айдан соң УДЗ дәрігері «ұл» дегенде, күйеуімнің де, менің де қуанышымызда шек болмады. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Қыздар бойжетіп, тұрмысқа шықты. Ұл есейді. «Адамның мінезі қандай болса – тағдыры да сондай болады» деп бекерге айтылмаса керек. Үлкенім барған жеріне судай сіңді. Ол отбасылық мәселесін мүлде айтқан емес. Ал екінші қызымның келін боп түскен күннен бастап-ақ мәселесі таусылмады. Бірде енесімен ұрысса, тағы бірде күйеуінің қол көтергенін айтып шағымданады. Мен қызымның мінезін жақсы білем ғой, сондықтан «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең де – өзіңнен» деп, отбасына араласпадым, араша түспедім.

Ұрысып, керісіп жүргенде қызым екі балалы болып үлгерді. Балалы болды, енді мінезі жұмсаратын шығар деп үміттендім. Жоқ, қызым өзгермеді. Бәрін мінезінен тапты. Күйеуі ұрып мұрнын сындырса да ол онымен салғаласуын, жағаласуын қоймады. Ырың-жырыңмен өмірі өтіп жатқан қызыма күнде бақыт тілеумен болдым.

Түнімен дұға жасап, қызымның некесінің сақталуын тілеп жалбарынып шыққан күндерім көбейді. Осы кезде ғана менде аналық сезім оянғандай еді, әлде ол бұрын да менде болған, тек аңғармағанмын.

Қай ата-ана үшін де ең үлкен қорқыныш – перзентінің бақытсыздығы, некесінің бұзылуы ғой. Қызымның өмірі мені алаңдата бастады.

Бір күні менің қорыққаным болды. Қызым екі баласымен қайтып келді. «Ұнатпасаңыздар да, қаламасаңыздар да мен сіздермен бірге тұрам. Өйткені мен бұл үйге бөтен емеспін» деп, бір баласын менің қолыма, екіншісін әкесіне ұстатқанда, екеуміз аузымызға сөз түспей абдырадық та қалдық.

Бұл уақытта оның балалары 5-6 жасқа кеп қалған болатын. «Ата», «апа» деген тілдері тәтті. Бір-бірімізге тез үйренісіп кеттік. Бірақ қызымыздың суық мінезіне төзу қиындау болды. Бұрын байқамаған екенмін, ол бізді бөтен адамдай көреді. Жаны ашымайды. Тек өз қарабасын ойлайды.

Әсіресе жақында айтқан сөзі төбемнен жай түсіргендей болды. «Мен өз үйімнің болғанын қалаймын. Ол үшін мынау үйді сатамыз. Ақшасын төртке бөлеміз. Өз үлесімді аламын да ипотекаға баспана алам» деді қызым. Біз ше, қайда барамыз? Бұл оны ойландырып жатқан жоқ.

Бастапқыда әзілдеп айтып жатқан шығар деп ойлағанбыз. Қызым үй құжатын сұрағанда, әкесі ашуланды. «Ата-анаңды далада қалдырмақпысың? Ертең інің үйленсе қайда тұрады? Қара шаңырақ ұлдыкі» деп ұрысты. Қызым ойынан қайтпады. «Папа, заң бойынша бұл үйде менің де үлесім бар. Үйді сатып үлесімді беріңдер. Мен баспана алуым керек. Көнбесеңдер, заңға жүгінем. Күйеуімнің атында ешнәрсе жоқ алайын десем, ал сіздерде бар» деп айқайлады.

Қызымның кәдімгідей бұл іске кіріскенін байқадық. Райынан қайтпайтыны да анық. Бағалаушы мамандарды ертіп келіп, үйдің бағасын да шығарып қойды. Енді өз үлесін талап етіп, тыныштық бермей отыр.

Қызымның әрекеті, сөздері уайымға салды. Қан қысымым көтеріліп кете береді, орнымнан тұра алмай қалдым. Әкесі де зейнеткер жасында, аурушаң, дәрі-дәрмектің күшімен жүр.

Ешқандай ата-ана өз баласын өзекке теппейді. Бірақ ата-анасын ойламайтын балалар бар екен. Бұрын басқа біреу айтса сенбеуші едім, енді көзім анық жетіп отыр.

Ойлап отырсам, бұрын қызым кішкентай кезде онымен қарым-қатынасымды көргендер «Неге сонша қатігезсің?» дейтін, ал қазір бұл сөзді күнде қызыма өзім айтып жүрмін. Бар қателік өзімде, қызымды мейірімсіз еткен – өзім. Кез келген әрекеттің қайтарымын адам көрмей көрге кірмейді деген рас екен.

Оның мейірімі енді ата-анасына оянбайды. Ол өзгермейді. Бірақ жағдайды өзгертуге болатынына сенгім келеді. Әкесі екеуміз зейнетақымызға ұлымызды оқытып жатырмыз. Артық ақшамыз жоқ. Бірақ қалайда қыздың талап еткен ақшасын тауып беруіміз керек. Үйінің алғашқы жарнасын құйып, баспаналы боп, бөлек кеткені бізге де жақсы. Әйтпесе ертең ұл үйленсе бұл қыз келінге де тыныштық бермес...»

Пернекүл апаның оқиғасы барлық ата-анаға үлкен сабақ боларлық екен. Ұйқысы қашқан анаға қандай кеңес бересіздер?


Ұқсас оқиғалар:


«Бұрынғы күйеуім келе береді»: Екінші рет тұрмысқа шыққан келіншек уайымын жасырмады


«Бізге бала керек емес»: Алматылық некелі жұп балалы болуды қаламайтынын айттыы