«Қызым жезөкше екен»: алматылық жесір әйел жалғыз қызының тағдырына алаңдайтынын айтады

0
1 534

«Жұмыс істеймін деп мені алдап келіпті»


«Қызым жезөкше екен»: алматылық жесір әйел жалғыз қызының тағдырына алаңдайтынын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыз баласының тәрбиесі өте нәзік, абайламасаң ілініп тұрған жіп үзіліп кетердей болады екен. «Қызым үйде – қылығы түзде» дегенді де енді түсініп отырмын. Күні бүгінге дейін менің қызымнан асқан тәрбиелі, менің қызымнан асқан иманды адам жоқтай көрінетін», - дейді ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Азиза есімді оқырманымыз.


Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр.


«Тағдырдың сынына түсіп, жесірліктің дәмін ерте татсам да, балаларыма әкелерінің орнын басуға барынша тырыстым. Айлығымды алғанда ең әуелі солардың жоғын түгендеймін. Ең дәмді, ең таңсық асты да сатып әкеп, солардың аузына тостым. «Әкеміз болғанда бүйтер едік» деп өкінгендерін көргім келмеді.


Осы мақсатпен мен не істемедім? Ауруханалардың бірінде мейірбикемін. Екі күн істеп, үш күн демалам. Үш күннің екі күнінде жекеменшік ине егу бөлмелерінде істеймін. Қалған бір күнінде байлардың үйін жинап беріп, нәпақа табамын. Шынымды айтсам, жеке өміріме уақыт жоқ. Қырыққа енді келдім, артымнан жүгірген, ықылас-ниетін білдірген азаматтар аз емес. Ешбіріне мойын бұрып қарамадым. «Бойжетіп келе жатқан қызым бар, көңілдестермен әмпей-жәмпей боп жүрсем оған не тәрбие беремін» деп бәріне сылтауым дайын тұратын. Сөйткенде не ұттым десейші...


Биыл қызым университеттің екінші курсына өтті. Мектеп кезінде өте қатал болдым. Дискотека, отырыс сияқты іс-шараларға жібермейтінмін. «Саған әлі ерте, қазіргі заман қиын» деп құтылатынмын. Соным бекер болды ма, қызды да анда-санда еркіне жіберіп, еркелетіп отыру керек екен.


Студент болғалы тым еркінсіп кетті. «Мама, мен енді оқушы емеспін» деп өзіне ұнаған киімдерді ғана киетін болған. Талабы көбейді, «маған мынандай косметика керек» деп ақшаны жиі сұрайды. «Баяғы сарыауыз балапан емеспін, қыздармен қыдыруға шығамыз» деп арасында кешкі отырыстарға баратын болды. Оның әр талабын орындай беретін менде қайдан ақша болсын, «сенің бүкіл шығыныңды жауып беретін шамам жоқ, кішкене жағдайға қара» деп қызыма ақыл айтқам. «Онда мен де жұмыс істеймін, өз керегімді өзім тауып отырамын» деп қоймады. Университеттің жанында лаваш-центр бар екен, соған жұмысшы боп кіретінін айтты.


Сол кезден бастап қызымды сирек көре бастадым. Азанда ерте тұрып сабаққа кетеді, одан түн ортасында, бәріміз ұйқыға жатқанда бір-ақ келеді. Көбіне мен түнгі ауысымда боп қалам. Телефонмен сөйлесетін жағдайға жеттік. «Бәрі дұрыс па, жағдайың жақсы ма» деп сұраймын. «Бәрі керемет» деп қысқа қайырады. Ақымақ басым соған сеніп жүре беріппін.


Бір күні үйді жинамақ боп пысықтығым ұстап, айналаны түгел тінтіп шықтым. Шкафтағы киім-кешектерді жинап, кимейтіндерін бөлек алып қояйын деп қызымның полкасын ақтарғам. Сөйтсем су жаңа айфонның қорабын тауып алдым. Оның арзан тұрмайтынын білем, сонда қызым мұны қайдан алып жүр? Кешкісін қызымның келуін ұйықтамай күттім де, отырғызып әңгімеге тарттым.

«Несиеге алдым, группалас қыз-жігіттердің бәрінде айфон бар, мен-ақ сол сүмірейіп, мектеп кезіндегі телефонмен жүрмін. Шығарып, сөйлесуге ұялам. Амал жоқ, алдым, өзім айлығымнан төлеп құтылам, уайымдамаңыз» деп құтылды. Расында да телефоны ескіріп жүрген, қарсы уәж айта алмадым.

Арада біраз уақыт өткен. Жұмыстан келе жатсам қызым су жаңа бір джиптен түсті. Ол мені байқамай, тез-тез басып үйге кіріп бара жатқан, артынан айқайлап тоқтаттым. «Мынау кім, студентке ұқсамайды, әжептеуір үлкен жігіт қой, сен оны қайдан танисың?» деп сұрақтың астына алдым.

«Ой, мама, жұмыстағы бастығымыз ғой, жаңа көшеден көріп қалып, үйге дейін әкеп тастады» деп тағы да сытылып кетті. Екі-үш күннен кейін тағы бір көлікпен егделеу кісі әкеп тастады. «Такси ғой, кім екенін танымаймын, шақыртып едім, осы көлік келді, не болды сізге бәрінен күдіктеніп» деп өкпелеп, менімен сөйлеспей қойды.


Жақында қызым ауырып, қайта-қайта қалшылдап, ыстығы түспей қойды, дәрі берсем кішкене өз-өзіне келеді де, біраз уақыттан соң қайтадан сандырақтай бастады. Болмағасын жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апардым. Ауруханаға кірген кезде есінен танып, дәрігерлер дереу жан сақтау бөліміне жатқызып қойды. Әлден уақытта бір дәрігер шығып «қызыңыз аборт жасатқан, содан жатырына инфекция түсіп, ауруы асқынып кеткен. Енді тек күшті-күшті антибиотиктер салып, иммунитетін көтеру керек» деп төбемен жай түсірді. Естігенде есеңгіреп қалдым. Осы уаққа дейін қызымның жан-дүниесіне үңілмегеніме, онымен сырласпағаныма, құпиясын білмегеніме қатты қапаландым.


Қолымда қызымның телефоны, отыра қалып ішін ақтардым. Сөйтсем мен сорлы осыларды асыраймын деп жүріп талай нәрседен хабарсыз қалған екем. Ибалы, инабатты деген қызым танысу сайттарының біразына тіркеліп, интим-қызмет көрсететін кәнігі жезөкшеге айналып үлгеріпті. Тұрақты клиенттері бар екен. «Зай, завтра будь готова» деген хабарлама келгенде бармағымды тістеп, кірерге тесік таппай қалдым. «Бастығым» деп жүргендердің бәрі мұны пайдаланып жүрген жігіттер боп шықты ғой.


Қызыммен сөйлеспек түгілі бетіне қарағым жоқ. Қатты көңілім қалды. Түсік жасатқанын да, басқасын да білмей, қара басып қалдым. Енді оған ұзақ уақыт емделу керек. Балалы болуы да, болмауы да екіталай. Өмірін сорлатып алды. Не жетпегенін, неден кем болғанын түсіне алмадым, әлде менің аналық мейірімім, әкенің қатал тәрбиесі жетіспеді ме екен?...»