​«Масыл әкеден шаршадым»: алматылық бойжеткен бақытсыздығына әкесін кінәлап отыр

0
3 381

««Сен кететін қызсың, бай табылса асырағаныңды міндет қылмай кет!» деді маған...»


​«Масыл әкеден шаршадым»: алматылық бойжеткен бақытсыздығына әкесін кінәлап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әкем ертерек өліп немесе басқа жаққа кетіп қалса екен. Менің бұл тілегімді дұрыс түсінбей, әртүрлі әңгіме айтатындар шығарына сенімдімін. Бірақ басқа шара жоқ, арамтамақ, алқаш әкенің барынан жоғы жақсы», - дейді Зарина есімді бойжеткен.


Алматы қаласында тұратын оқырманымыз туған әкесінен не үшін жерініп отырғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Біреуге әке арман, біреуге шеше арман, ал мен бар әкемнен құтылудың амалын таппай отырмын. Себебі оның пайдасынан зияны көп боп тұр.


Есімді білгелі күліп тамақ ішкен күніміз жоқ. Үйде күнде ұрыс, күнде төбелес, ит өмірмен уақытымыз өтіп жатыр. Мамамнан «бұрын қандай еді» деп сұрасам, шаң жуытпайды. «Үйленген кезде тәп-тәуір адам еді. Кейін бастады, бәріне жұмыстың болмауы себеп қой. Қолы бос боп өзі сияқты алқаштарға еріп, адамдықтан кетті» деп қорғаштап шыға келеді.


Үйіміз қора сияқты. Алматыда тұрам деп айтуға ауыз бармайды, қаланың шетінде, үш бөлмелі мыжырайған жер үйде тұрамыз. Фундаменті жерге кіріп, тегістеліп кеткен, тепкішек деген жоқ. Іші сыз, қыста суық. Сондайды көріп отырса да қыңқ демейтінін айтпайсыз ба? Қимылдап, елдің әкелері сияқты вокзалдан ұн түсірсе де, арбамен жүк тасыса да тиын табуға денсаулығы жарайды ғой. Бірақ ол ондай майда-шүйде тірлікпен айналысуды намыс көреді.


Үйдің бар ауыртпашылығы мамам екеуміздің мойнымызда. Екі інімнің киімі, үйдің тамағы, онша-мұнша шығындар мен коммуналдық төлемдерге менің алатын 70 мыңым мен анамның базардан сатушы боп табатын 60 мыңы қайдан жетсін? Таңнан кешке дейін жұмыс істеп, табанымыздан тік тұрып, кешке тышқан құсап тырбаңдап жейтін нан-панымызды көтеріп, арқаланып үйге келсек диванда шалқасынан түсіп, аузы арақ сасып әкем жатады. Қолында пульт, жанында темекінің күлсалғышы. Үйдің іші көк түтін. Күйесің бе, күймейсің бе? Ең құрығанда шай ішкен жерін жинап, үйіліп тұрған қоқысты шығара салса мейлі ғой. Өмір сүргені, ауа жұтқаны міндет...


Ұл бала әкеге қарап өседі деген рас па, екі інімнің біреуі тура әкем боп келе жатыр. Мамама қарап «бүгін қандай тамақ, неғып дұрыстап істемегенсің» деп әкіреңдейді. Бір күні бөлмеге қамап алып әбден ұрыстым, ұрдым, ақырында ызам келіп жылап алдым. Сомадай жігіт боп қалды, мамама жаны ашымайды.


Қыстың күні болатын, мамамның екі бүйрегі бірден ауырып, ауруханаға жатып қалған. Жұмыстан кеш шығып, ауруханаға жете алмай, апарам деген заттарымды көтеріп үйге әкелгем. Анамның жақсы көретін халуасын, шаймен ішсін деп шербет, тағы басқа тәттілер алғам. Азанда тұрсам әкем ашып, екі баласымен соғып отыр. «Қайтеміз, шайға ішетін басқа ештеңе таппадық» деп көздері бақырайып отыр. Қалтамдағы соңғы екі мыңға сатып алғам ғой. Ана жерде бомба боп жарылдым ғой.


«Ей, әке, сомадай боп біздің тапқан тамақты қалай ғана тамағыңнан өткізіп, ұрлап жеп отырсың?! Одан да осы шайға қақалып өлгенің жақсы еді. Арамтамақ, он төрт жылдан бері мойнымызға мініп алдың ғой. Сендей әкемнің барынан жоғы жақсы еді...» деп келе жатқаным сол еді бетіме жұдырықпен бір-ақ ұрды. Көзімнің оты шықты, есеңгіреп қалдым.

«Сен кететін қызсың, бай табылса асырағаныңды міндет қылмай кет!» деп дірілдеп, ашудан қалшылдап, жатын бөлмесіндегі арағына асығып шығып кетті.


Менің де ертерек күйеуге тиіп, мына ит өмірден құтылғым келеді. Бірақ күйеуге қалай шығам? Мына үйді «менің үйім» деп қалай көрсетем? Айналасы қоршалмаған, әр жерден жинап келген темір-терсек, сетка, керек емес заттар аулада үйіліп тұр. Үйдің ішіндегі жиһаздар да, перде де, көрпе-төсек те ескі. Дені дұрыс ыдыс-аяғымыз жоқ, әкем өлесі мас боп келгенде қолына түскеннің бәрін лақтырып, сындырып тастаған. Барлық жігіт қызды үйіне дейін шығарып салады ғой. Ондайда дені дұрыс жігіттің менен қашып кетері анық. Алдынан арсалаңдап алқаш әкем шықса, масқараның көкесі сонда болады...


Мамам «жүріп қалдың ғой, дұрыс жігіт болса күйеуге шық, бізге қарайлама. Онша-мұнша нәрсеге кредит ала саламыз» деп отыр. Кредит алса екі есе уайым, екі есе қиын қой. Әкеден қайран жоқ, мамам тағы шырылдап қалайын деп тұр.


Құдай өзі кешірсін, бірақ кейде әкем өліп қалса жағдайымыз жақсарып кетердей көрінеді. Себебі арақ ішілген үйде қайдан береке болсын. Оның үстіне сомадай боп екі адамның тамағын жейді. Тамақ та, киім де, әрі-беріден кейін ішетін арағы мен темекісіне ақша шығындамайтын едік. Екі бала да одан үлгі алмай, басқаша боп өсер ме еді.


Бала боп әкеме еркелемеппін, анам да жарқырап киінген жоқ, қолымыз жетер емес ондай жағдайға. Бақытсызбыз, бақытты болатын кезіміз туар ма екен?.."