«Он мың долларға «отырғызып» кетті»: шымкенттік келіншек жан сырын жайып салды

0
3 388

«Үйленемін деп үйіме кіріп алды»


«Он мың долларға «отырғызып» кетті»: шымкенттік келіншек жан сырын  жайып салды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


Қыз баласының өмірдегі ең басты миссиясы – дүниеге ұрпақ әкелу, сүйікті жар болу. Қанша жерден жұмыс, мансап қуып жүрсең де, уақыт-сәті келгенде отбасылы болуды қалайсың, жар құшағын сезініп, бала сүйгің келетіні рас.


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан шымкенттік келіншек те кезінде мансап қуып, қызметке алданып жүріп қалған. Кейін оның өмірі күрт өзгеріп сала беріпті. Мән-жайды Динараның өзі айтып берді.


«Мектепті үздік бітірген қызбын. Сол кезден бастап мен өзіме өскенде заң саласының қызметкері боламын деп сөз бергем. Сол уәдемде тұрып, университетті ең жақсы бағамен аяқтап, өз күшіммен құқық қорғау саласына жұмысқа тұрдым. Ол жердің жұмысы өте қиын, қағазбастылық мойын бұрғызбайды. Жұмысқа таңертең кіргеннен кеш бата бір-ақ шығасың. Осылай уақыт өте берді, өзіммен қатар қыздардың бәрі тұрмысқа шығып, балалы болып алды. Сонда ғана мен жан-жаққа мойын бұрып, өзіме тең келетін жігітті қарастыра бастадым. Бірақ менімен жасы шамалас жігіттердің бәрі үйленіп кеткен. Көбісі тоқалым бол деп арбайды. Ондайдың маған керегі не?


Осылай күн артынан күн зулап өте берді. Бір күні қызмет бабымен астанаға баратын болдым. Жолда, пойызда бір жігітпен таныстым. Өте сымбатты, сыпайы, қымбат киім киген жігіт екен. «Есімім - Заман» деді. Жекеменшік компанияда істейтінін айтты. Осылайша екеуміз бір тәулік әңгіме-дүкен құрып бардық. Ол да бас қалаға жұмыс бабымен бара жатыр екен. Пойыздан түсерде сыпайы түрде телефон нөмірімді сұрады.


Көп ұзамай ол маған хабарласты, тіпті Шымкентке арнайы іздеп келіп, мені қымбат мейрамханаға шақырды. «Өмірімде өзіңдей жанды кездестірмеппін, бір көргеннен ұнап қалдың» деп гүлін сыйлап, әдемі сөздерін арнап, барын салды. Өзі Тараз жақтың жігіті екен, айтуынша. Әке-шешесінен ерте айырылғанын, үлкен ағасы мен әпкесі барын айтты. Олар үйленіп, үйлі-жайлы болып кетіпті. «Менің жұмысым интернетпен байланысты. Сондықтан қай қалада тұрамын, оны өзім шешемін. Сен үшін Шымкентке көшіп келуге дайынмын. Тек тұратын пәтер табуым керек» деді. Ол уәдесінде тұрып, осында көшіп келді. Екеуміз алты ай кездестік, сосын үйленуге ұсыныс жасады. Үйленуге ұсыныс жасаған сәттен бастап ол менің пәтеріме көшіп келді. Бұл кезде менің аяғым ауыр еді.


Заман шетелдік бір компанияда, сауда биржасында істейтін еді. Үнемі шотындағы ақшаларын бір жерге аударып, оны көбейтіп, «бүгінгі күн сәтті болды» деп алақанын ысқылап отыратын. Менімен кездескелі бері ешқашан ақшадан қысып көрмепті. Жиі қыдыратынбыз, сыйлықты да үйіп-төгіп беретін. Содан кейін мен оның жұмысына қызығушылық таныттым.


Заман маған «өзіңнің шотыңдағы ақшаны осы биржаға салсаң, екі есе етіп көбейтуге мүмкіндік бар» деп үгіттеді. Көлік аламын, пәтерімді кеңейтемін деп жинап жүрген 5 мың долларым бар еді, әкемнен тағы бес мың доллар сұрап алдым да, банк арқылы әлгі шотқа ақша салдым. Бірақ арада екі-үш күн өткенде мен салған ақша ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Әрине, мен бұған Заманды кінәладым. Ал ол менің жеке шотыма ашылған биржаның құпиясөзін білмейтінін айтып, ант-су ішті. Өзім талай жылдан бері құқық қорғау саласында істеп жүрсем де, осыншалықты оп-оңай алданып қаламын деп ойламаппын. Көп салғыласқан жоқпын, дереу ішкі істер департаментіне шағым түсірдім.


Заман қашып кетуге әрекет жасамады. Осы жағы мені әлі ойлантады. Егер ол ақшаны жымқырған болса, ізін суытып кетуі тиіс еді ғой. Бірақ ол жанымнан бір елі аттап шыққан жоқ. Сотта да «Мен Динараны сүйетін едім. Ол менің қор биржасында істейтініме қызығып, ақша салғысы келетінін айтты. Біз екеуміз бірге оның үйінде брокерлік шот аштық, оның «логині» мен «паролін» стикерге жазып, өзіне бергенмін. Содан соң бірге баннке барып, шотына ақша аудардық. Менде Динараның шотын пайдаланатын ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Егер бөтен біреу электронды почтасына кіріп, ақшаны өзге шотқа аударып жатса, ол оны білмеуі мүмкін емес» деп ақталды. Бірақ менің ақшаны биржаға салғанымды Заманнан басқа ешкім білмейтін еді.


Сот барысында мен сүйіп қалған жігіттің бұған дейін де алаяқтық бабымен алты жылға сотталып, жазасын өтеп келгенін естідім. Ақырында ол бар қылмысын мойындап, үш жылға қамалды.


Өткен күннен бір ғана белгі бар, ол – балам. Қазір екі жасқа толды. Заманның қылмысы әшкере болған соң мен қызметімнен өз еркіммен кеттім. Сол сәтте қатты күйзеліске ұшырадым. Елдің бәрі мені «ақымақ» деп мазақтайтындай, ата-анамның бетіне қарай алмай қиналдым. Бірақ жақындарым мені жан-жақты қолдады. Баламды да шеттетпей, бар жағдайымызды жасап берді.


Сөзімнің тоқ етері, кім көрінгенге сеніп, сезімнің жетегінде кетуден аулақ болғайсыздар. Мынадай заманда адамның ішінде не барын, қандай ойда жүргенін анықтап білу мүмкін емес. «Сүйдім, күйдім» деп опық жеп қалмаңыздар".