«Опасыз күйеумен ажырасқаныма айыпты боп қалдым»: екі баласынан тірідей айырылған ана мұң-зарын бөлісті

0
1 248

"Мынадай енеге бес жыл шыдаған саған ризамын" деді әкем...


«Опасыз күйеумен ажырасқаныма айыпты боп қалдым»: екі баласынан тірідей айырылған ана мұң-зарын бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Опасыз адаммен бір шаңырақ астында тұра алмадым. Көзіме шөп салғаны үшін ашуланып, төркініме кетіп қалып ем, бірақ содан кейін үйімнің есігі мен үшін мәңгіге жабылды. Тіпті балаларым да менен теріс айналды. Арсыз тірлікті мен жасағандай, өмірдің ауыр жазасын мен тарттым», - дейді Салтанат есімді әйел.


Он жылдан бері екі перзентін құшағына баса алмай жүрген ана ішіндегі мұң-зарын ERNUR.KZ тілшісіне баян етті.


«Сүйіп қосылған күйеуіммен бес жыл отастық. Бір ұл, бір қызды өмірге әкеліп, бірге тәп-тәуір өмір сүрдік. Күйеуім қалада істейтін, ал біздің үй қала іргесіндегі ауылдардың бірінде. Мен бала күтімімен демалысқа шығып, алаңсыз үй шаруасына беріліп кеткен әйел едім. Оның үстіне адуынды ене мен қытымыр қайынсіңлі бар, олардың да бабын екі баладан кем жасамайсың. Сөйтіп жүргенде өзіме көңіл бөлуді, күйеуіме еркелеуді ұмытып қалдым-ау деймін. Баяғы сұлулық жоқ болғасын күйеуімнің де менен көңілі суыған шығар.


Оның басқа біреумен жүретінін көрші үйде тұратын құрдас келіншек сүйіншілеп жеткізді. «Білесің бе, күйеуің жұмысындағы бір келіншекпен жүреді ғой. Кеше ЦОН-нан справка алайын деп барсам, екеуі обедке құшақтасып, сүйісіп шығып бара жатты» деп төбемнен суық су құйып жібергендей жеткізді. Не дерімді білмей, түрім бозарып, орнымнан тұра алмай қалдым. Нұрлан ол кезде үйде-тұғын. Оның үйде жүргенін байқаған құрдас келіншек есіктен ытып шықты да, қарасын батырды.


Бар ойым Нұрланнан мән-жайлы білу еді. Ол түскі асқа үйге кіргенде балаларды сыртқа шығарып жібердім де, сұрақтың астына алдым. «Манзураның көргені рас па, қашаннан бері мені алдап жүрсің» дегеніме күйеуім еш саспастан «иә, рас, мен ол қызды сүйемін, бірақ сенімен ажырасатын ниетім жоқ, балаларымды қимаймын» деп жауап берді.

Жаныма қатты батқаны – тым болмаса өзін кінәлі сезініп, кешірім сұрамағаны. «Кессең, кесіп ал!» дегендей бетіме бедірейе қарап, ары қарай асын ішіп отыра берді. Мұндай сөзден кейін әйелде қандай реакция болады? Әрине, мен ашумен киімдерімді жинап, балаларыма қарамастан үйден шығып кеттім.


Кетерімде енем аузына келгенін айтты. «Менің баламнан жақсы бай табам деп тұрсың ба? Төркініңнің түрі анау, бірі қотыр, бірі соқыр, сені жарылқап, сыйғызса мұрнымды кесіп берейін. Қайда барам деп отырсың, ертең-ақ сүмірейіп келесің. Балаларды өлсем де бермеймін, Құдайға шүкір, күшім бар, өзім асырап-бағам» деп лаулап жатқан «отқа» одан сайын май құйып, менің кетуіме бар жағдайды жасады. Ол кезде кішкентайым екі жасар еді, төркінім алыста, екі баламен ұзақ жолға шыдамасымды білгесін, екеуін үйде қалдырып кеттім. Бір күні келіп, әкетем деп ойлағам ғой. Кейін оның арман боп қаларын қайдан білейін...


Екі күннен кейін енем мен ағайын абысыным артымнан іздеп келді. «Әкетуге келген шығар» деп ойлағам. Сөйтсем олар мені үйге қайтару үшін емес, мені төркініме жамандап, масқаралау үшін келіпті. Шешем қайтыс болған, бар соққыны әкем қабылдады. «Қызың ондай, қызың мұндай...» деп екпіндей сөйлеген енемнің сөзіне ақырында шыдай алмай, екеуін үйден қуып шықты. Ақталуға сөз таппай әкемнің алдында көз жасым көл болып отырып қалдым. «Мынадай енеге бес жыл шыдаған саған ризамын» деді әкем, басқа ештеңе демеді.


Бір айдан соң заңды түрде ажырастық. Енемнің інісі аудандық сотта төраға боп істейтін, таныстарын араға салып жүріп екі баланы өз қарауларына қалдырды. «Сіздің тұрақты баспанаңыз жоқ, жұмысыңыз жоқ...» деп неше түрлі сылтауларды ойлап тапты. «Баламды қайтарыңдар» деп үйге барып айқай-шу шығарғанда есін біліп қалған үлкен ұлым «мен әжеммен қалам» деп енемнің сөзін сөйледі.


Содан бері он жыл өтті. Балаларымды осы жылдар ішінде үш-ақ рет көрдім. Маған салса мәңгі жандарында болар ем, енем мен күйеуім екі баламды маған қарсы қойғаны сондай, барсам тыжырынып, жақтырмайды. «Неге келдің, кет, біздің басқа мамамыз бар» деп ұлым бұртиып, аузымды ашқызбайды. Апарған тәттілерімді де, ойыншықтарымды да көзімше лақтырып, ит-масқарамды шығарады. Мен туралы не айтқандарын білмеймін, екі перзентімнен тірідей айырылып қалдым.


Екеуіне жақын болайын деп үш жыл бұрын сол ауданға көшіп барғам. Пәтер жалдап тұрам, жұмысым да бар. Кеше балаларымды аудан орталығынан көрдім. Сол сәттегі жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, жүрегім езіліп, жаным жаншылды. Қызым мені құдды танымайтын адамдай қасымнан өте шықты. Тұңғышым оқты жанарымен бір қарады да, қарындасын жетектеген күйі кете барды. «Құдайым-ай, мен бұларға не жаздым» деп көшеде ебіл-дебіл боп жыладым.


Мен кеткеннен кейін Нұрлан үйленбепті. Көңілдесі болған қыз күйеуімнен бір бала туып, онысы шетінеп кеткен. Содан кейін басқаға тұрмысқа шығыпты. Бірақ сол күйі бала көтере алмай, өзімен-өзі әуре көрінеді. Балалықпен ашуға бой алдырғанымды түсінем, сабыр сақтап, күйеуімнің өткінші сезіміне көз жұма қарағанда бәрі басқаша болар ма еді. Бірақ артымнан бір іздеп келмеген, кешірім сұрамаған өзі емес пе? Қайта балаларына басу айтып, екеумізді татуластыратын енемнің істегені анау, аузына келгенді «құсты»...


Өзегімді өртеген өкініш – балаларыма деген сағыныш. Біздің қателігімізден екі бала қамкөңіл боп өсті. Маған иілейін десе қартайған әжесінің көңілін қимайды, іштей мені де сағынатындарын сезем. Екі оттың ортасында қалған балаларымды аяймын. Бірақ түптің түбінде шындыққа көз жеткізіп, мені кешіреді деген ойдамын».