​«Өсектің кесірінен балам жетім қалғалы тұр»: алматылық келіншек басынан өткен оқиғасын баяндап берді

0
1 656

«Ағамның аппақ көңілін әріптесім мен күйеуім лайлап тастай салды»


​«Өсектің кесірінен балам жетім қалғалы тұр»: алматылық келіншек басынан өткен оқиғасын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамдардың ештеңенің байыбына бармай жатып сыртыңнан өсек айта салатыны неткен жаман еді. Жел сөзге қанша мән бермейін десем де, сырттағы сыпсың сөздер шаршатып, қажытып жіберді. Тіпті отбасым ойрандалуға жақын», - дейді Ақмарал есімді алматылық келіншек.


Жалған жаланың құрбаны болдым деп қынжылысын білдірген Ақмарал күйеуімен ажырасудың алдында тұр екен. Басынан өткен оқиғаны Ақмаралдың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жастайымнан әке мейірімін көрмей өскен қыз едім. Ол кісі мен үш жасқа толғанда жүрек талмасына ұшырап, көп ұзамай қайтыс болған. Содан ба, үнемі әкеге деген сағыныш жүректі тербеп тұрады. Әкеге арналған ән тыңдасам, әкесіне арналған жазба оқысам, әкесімен бірге түскен құрбыларымның суреттерін көрсем ішім алай-дүлей болады. «Әкем тірі болғанда мұншалықты қиналмас па едік» деп өмірімнің өткен сәттерін еске түсіріп, бір жылап аламын.


Дегенмен тағдырдың басқа салғанына көну біздің пенделік парызымыз. Анам, інім үшеуміз бір-бірімізге тірек болып өмір сүре бердік. «Балаларымды бөтеннің қолына жәутеңдетпеймін» деп анам екінші рет тұрмысқа шықпаған. Бізді жетілдіруді өз міндетіне алды да, отқа да, суға да түсті. Істемеген тірлігі қалмаған шығар. Соның арқасында қатарымның алды болдым. Әкесі бар кей сыныптастарым маған қызыға қарайтын...


Мектепті бітіріп, университетті де ойдағыдай тәмамдап жұмысқа тұрған жылы бір жақсы адаммен таныстым. Ол менің бастығым еді. Мемлекеттік мекемеге жұмысқа кірдім ғой, әдетте ондай жерде көкірек керген, кісімсініп қалған адамдар отыратын. Ал менің басшым Құдайға қараған адам болып шықты. Келгеннен өз қамқорлығына алды. Білмегеніме кешіріммен қарады, білгенімді көпшілікке жария етіп, мақтап, қолпаштап отыратын. Кейде кабинетіне шақырып алып, арнайы уақыт бөліп, жағдайымды сұрайтын.

«Мамаң қалай, інің сабағын жақсы оқып жүр ме? Жұмысыңда қиналып жүрген жоқсың ба? Айлығың жете ме?» деп бәрін тәптіштеп сұрайды. Алғашқыда оның бұл қамқорлығын өзімше жамандыққа балап, «менде ойы бар ма, неге сонша жалпақтай береді» деп күмәнданатынмын. Бір күні шыдай алмай ағама айтып салдым. Ол кісі мырс етіп күлді де, «Ақмарал, сен менің қызыммен жасты адамсың, қалқам. Жетімдіктің тауқыметін көрген бір адам болса, сол менмін. Әкеден ерте айырылып, әркімнің есігінде жәутеңдеген күндерімді әлі ұмытқан жоқпын. Сондықтан өз қолым өз аузыма жеткенде шамам келгенше өзіңдей жандарға жақсы жағдай жасап, әкесіндей мейірім берсем деген ниет менікі. Әлі жассың ғой, кейін өскенде сен де өзіңнен кейінгі жастарға осылай қамқор болып жүр» деп ниетінің түзулігін білдірген. Содан кейін мен ағамның риясыз ықылас-пейіліне риза болдым.


Ағам екеуміз кейде түскі асты да бірге ішетінбіз. «Жүр, мынадай кафе ашылыпты, саған тамақ әперейін» деп қоймай ертіп кететін. Шетелге іссапарға барып келсе де өз балаларына алған сыйлықтан маған да ала келетін. Оның бәрін бір кабинетте отырған қыздар көреді. Әйелдер жүрген жерде өсек болмайды дейсің бе, елдің бәрі ағам екеумізді «жатқызып-тұрғызатын». Басында ақталып, ақ тер-көк тер болатынмын. Бірақ елдің аузына қақпақ болу мүмкін емес екен.


Екі жылдан соң өзім ұнатқан жігітті жолықтырдым. Ауылдың аңқылдап қалған, қарапайым жігіті. Ол да мені шын сүйіп қалды-ау, көп ұзамай үйленуге ұсыныс білдірді. Сөйтіп ата-анасы, туыстарымен құда түсіп келіп, мені өз еліне алып кетті. Көп ұзамай дүркіретіп той жасадық. Тойға менің ағам бастаған барша әріптестер арнайы келіп, қуанышымызға ортақтасты.

Ағам бриллиант комплект сыйлап, көңілімді көтеріп тастады. Сырғасын тағып жатқанда жақындап, құлағыма «мына сыйлықты әкем берді деп есептеп, құлағыңнан шешпей тағып жүр, қалқам» деп сыбырлаған. Дәл сол сәтті фотограф жігіттер суретке басып алған екен. Кейін, үлкен дау болғанда әлгі фото отқа май құйып жіберді ғой.


Жұмыста бірге істейтін байдан ажырасып келген бір қыз бар еді. Мінезіміз онша сыйыспайтын, әрдайым өсек аңдып, сүрінген адамға күліп отыратын. Сол қызбен сөзге келіп, арамыз жақсы болмай жүрген. Бір күні әлгі келіншек күйеуімнің нөмірін тауып алып, мен туралы небір сөздерді жазып жіберіпті.


Үйге келсем күйеудің қабағы қатулы. «Ағам дейсің, сол ағаңның қандай адам екенін білдік. Өтірік қамқоршы боп екеуің тірліктеріңді тындырып жүрген шығарсыңдар. Ауылдың аңқау баласына тиіп алсам, ешкім ештеңе білмейді деп ойладың ба? Құдай біледі, ішіңдегі бала да менен емес шығар?» деп бірталай әңгіме айтып тастады. Ақырында әлгі фотоны көрсетіп, «мына жерде саған ен салғандай сырға тағып тұр. Анау-мынау адам кім көрінгенге бриллиант таға ма» деп ұрыс шығарды.

Маған емес, айдаладағы біреуге сеніп отырғанына жыным келді. Ақ, адал ниетімді, пейілімді бір ауыз сөз үшін ластап тастаған адаммен ендігі өмір сүре алмаспын дедім де, кетіп қалдым. «Кешір, қал» деген күйеуді көрмедім. Осылайша біздің отбасылық өміріміз арамза адамдардың өсегінен аяқталғалы тұр.


Әлі заңды түрде ажыраспадық. Шынымды айтсам, күйеуімді жақсы көрем. Іштегі баламды әкесіз босанғым келмейді. Балам мен сияқты жетім өспесе екен деймін. Бірақ оның ішіне кірген күдік пен күмәнді сейілтудің ретін таппай отырмын. Отбасымдағы жағдайды ағама айтқан жоқпын. Айтсам «саған әлден сенбей отырса, онда қоя сал» дейтін сияқты. Әлде айтып, күйеуіммен оңаша сөйлестірсем бе екен? Басым қатып кетті...»