«Әкем «қартайғанда ұлды болдым» деп балаша қуанып жүр»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жігітке алданып қалып, іштегі бейкүнә сәбиді туып, тастап кеткен қыздарға, аборт жасатам деп өмір бойы бала сүйе алмай қалған қатарластарыма өз басымнан өткен оқиғаны айтып, сырласқым келеді. Менің де басымнан осындай жағдай өтті», - дейді Алтын есімді бойжеткен.
Университеттің төртінші курсында оқимын деген оқырман ERNUR.KZ тілшісіне тек анасы мен әпкесі білетін құпияны айтып берді.
«Көпке топырақ шашты деп аса сөкпеңіздер. Жамандықты да, жақсылықты да өзіміз жасаймыз, қыздар. Жүкті боп қалсақ та, жігіттерден алданып қалсақ та, оның бәріне тек өзіміз кінәліміз. Кім көрінгенмен қыдырып, бетінің жылтырына қызығып, тәтті сөзіне алданбауымыз керек еді. Енді болар іс болған соң, шегінуге жол жоқ. Өзіңнің қателігің үшін әлі өмірге келмеген баланы құрбан етпе!
Қазір менің жасым жиырмада. Осыдан үш жыл бұрын, ауылдан қалаға енді келіп, «балмұздақ» атанып жүргенде бір жігітпен таныстым. Тараздікі екен, біздің қалаға бірнеше жігіт боп келісім-шарт негізінде, интернет байланысын орнату үшін келген екен. Дүкенде таныстық. Мен тұратын мөлтекауданнан пәтер жалдаған екен. Сол күннен бастап жұбымыз жазылмады. Қыдырдық, ойнадық, көңіл көтердік, ақырында төсекте басымыз қосылды. Ол маған үйленбегем, басым бос деп өтірік айтқан екен. Бір күні телефонынан келіншегінің, кіп-кішкентай баласының суретін көріп қалдым. «Иә, менің әйелім, балам бар» деп бәрін жасырмай айтып берді. Сол күннен бастап қарым-қатынасымызды тоқтаттық. Бірақ бәрі кеш еді...
Алтаймен қоштасқаннан кейін, үш апта өткенде жүкті екенімді білдім. Ойнаймын деп от бастым. Бірақ менің қателігім, күнәм үшін неге іштегі бала жауап беруі керек? Неге мен істегенімді мойныммен көтермеймін? Менің ақымақтығым үшін бала кінәлі емес қой, ол қайткен күнде де мына жарық дүниені көруі тиіс. Осылай бір апта өз-өзіммен арпалыстым. Болған жағдайды Алтайға да айттым. Ол «аборт жасат, әйеліммен ажыраспаймын, менің Таразға қайтатын уақытым да жақындады» деп кесіп айтты. «Аборт жасаттым, уайымдама, өз отбасыңмен бақытты бол» дедім де, мен де ауылға кеттім.
Үйге барсам әкем рейске кеткен екен, жүк таситын. Анам мен әпкемді отырғызып қойып бәрін жасырмай айтып бердім. Олар менен мұндайды күтпеген, мектепті «Алтын белгіге» бітірген қыздарын сабақтан басқаны ойламайды десе керек, естен тана жаздады. Анам байғұс әбден ұрысты, тіпті қолына түскенмен ұрып та алды. Бірақ соңында ашуы тарқап, мәселеден шығатын жолды іздей бастады.
«Сен сабағыңды жалғастыра бересің, әкеңе өзімнің жүкті екенімді айтам. Онсыз да рейске көп шығады, сезіктене қоймас. Қасына жатпаймын, денсаулығымды сылтауратам. Арасында қалаға, емделуге кеттім деп барып тұрамын. Басқа амалымыз жоқ. Сенің өмірің алда, сабағыңды оқып, диплом алуың керек, баламен басыңды байлама» деді.
Алты айға дейін ішім білінген жоқ. Қазір оверсайз деген киім жақсы ғой, кең-мол киініп жүре бердім. Босанатын уақытым жақындағанда анам қаладағы бір дәрігермен келісіп, аяғы сынды деген анықтама әперді. Ал өзі тоғыз айға дейін әкемді алдап жүрді. Қартайған шағында бала сүйетінін естігенде әкемнің қуанғанын көрсеңіз ғой, анамның асты-үстіне түсіп бәйек болды. Анам оңашада көзінің жасын сығып-сығып алатын. Перзенті үшін күйеуін алдап отырғаны жанына батты.
Босанатын кезде анам «қалаға барып, сол жақта босанамын» деп, менің жаныма келді. Әкем ақшаны аямай беретін, «баяғыдай жас емессің, ең мықты дәрігермен келіс» деп қойған. Мені өзінің таныс дәрігеріне айтып босандырды да, баланы өз атына жаздырып алды. Әкем бұл уақта Ақтау жаққа рейске кеткен. Ұлды болғанын естігенде қатты қуанды. Жұрт күдіктенбес үшін екі аптадай үйде күтіндім де, оқуға шығып кеттім. Анам баланы бауырына алып, ауылға аттанды.
Қазір бұл сырды анам, әпкем, үшеумізден басқа ешкім білмейді. Менің түрім әкеме қатты ұқсайтын, балам маған ұқсап туды. Әкем түк те сезіктенген жоқ. Өз балам ініс сияқты өсіп келеді. Бұл нәрсеге мен бей-жай қарай алмаймын. «Тасжүрексің, әкеңді алдап...» деп сөге көрмеңіздер. Іштей өз-өзімді мүжіп, сезімге еріп, алданып қалғаныма минут сайын өкінем. Бірақ өзгелер сияқты баламды тастанды етпедім. Анамның ақылымен, даналығымен жақсы жерде, жайлы үйде тәрбиеленіп жатыр. Осы ғана көңілге медет, жұбаныш.
Бұл жағдай кез келген қыздың басына түсуі мүмкін. Әсіресе ауылдан қалаға оқуға келген, ата-анасының қатаң бақылауында боп өскендер қармаққа тез ілігеді. Сондықтан жігітпен жүрерде сақ болу керек. Болар іс болған екен, ендеше анаңнан ештеңе жасырма. Ең мықты ақылшы да, көмекші де тек сол ғана...»
«Шаршадым, жиіркенемін...»: қызылордалық әйел көрші тұратын әжейдің мүшкіл халде жатқанын айтады
«Үйдің ішін бөтелкеге толтырды»: жас келін араққұмар енесінің әрекетін жайып салды