Соңғы кезде «Кез келген жемқор, қылмыскер, маскүнем еркектің артында әйел тұр» дегенді жиі айтады жұрт...
Фото: miro.medium.com
«Кез келген табыскер еркектің артында мықты әйел тұр» деген сөз бар. Соңғы кезде бұған «Кез келген жемқор, қылмыскер, маскүнем еркектің артында әйел тұр» дегенді қоса айтып жүргендер бар.
Негізі көп нәрсеге әйелдер кінәлі. Тіпті күйеуін басқа етектіге итермелейтін де – әйелдердің өзі. Бұған Шырынның оқиғасы мысал бола алады.
Атыраулық Шырын күйеуін басқа әйелдің қойнына өзі салып бергенін байқамай қалғанын айтады.
Ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында былай дейді:
«Мен күйеуіммен құрбым Мейрамның туған күн кешінде танысқанмын. Отырыс соңында Болат менің телефон нөмірімді сұрап алды. Осылай біздің ойда-жоқта басталған таныстығымыз махаббат ауылынан бір-ақ шығарып еді.
Алла бұйыртып тұрса бәрі жылдам құралып, іс дөңгелене жөнеледі екен. Екі айдың ішінде тұрмысқа да шықтым, тойым да болды. Бірақ тойға Мейрам құрбым келмеді. Мен оның келмегенін айтып мұңайғанымда, Болат сөзімді басқа арнаға аударып жіберді. Одан кейін де бірнеше рет байқағаным, құрбым мен Болаттың арасында бұрын қандай да бір сезімнің болған сияқты.
Бірақ отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы қатарласып, кезектесіп келгенде өзгені, біреудің сөзін де ойлауға шамаң келмейді. Мен қарбалас өмірмен арпалысып, құрбымның маған дейін Болатта көңілі болғаны туралы ұмытып та кеттім. Оның үстіне оны еске түсерердей Мейрам да хабарласпай кеткен еді.
Пәтер жалдап тұрып жаттық. Араға жыл салып қызымыз өмірге келді. Жұбайым жүкті кезімде де, босанған соң да жаныма демеу мен көмекшім болды. Тіпті кейде түнде «сен ұйықтап алшы» деп, бесікті өзі тербететін.
Әлдебіреу мерекеде қажетті бір затты сыйласа қатты қуанасың, ал тағдырым жақсы жар сыйлаған менің өмірге қаншалықты риза болғаным айтпасам да түсінікті шығар. Жақсы жар Алланың берген ең керемет сыйы ғой.
Фото: avatars.mds.yandex.net
Күйеуім үлгілі отағасы ғана емес, сонымен қатар білікті маман. Бірақ уақыт алға озған сайын оның білімі орта достарының тұрмысы озып жатты. Ал менің күйеуім қызметте жоғарыламады, табысы да көбеймеді. Пәтер жалдап, қарабайыр тіршілік кешіп жаттық.
Мен басқалардың күйеуінің табысына, өміріне қызыға бастадым. Қызығушылығыммен қоса тұрмысыма көңілімнің толмайтынын да айтып отырдым. Менің сөздерім күйеуіме ой қозғау болды ма екен, ол бір күні жалақысы жоғары қызмет ұсынылғанын айтып келді. Тұрмысымыз түзеле бастады.
Бір жыл уақытқа жетпей мен «Жалақыңның көбейгенін қайтейін, әлі пәтерден-пәтерге көшіп жүрміз. Мынау түрімізбен біз жақынарада баспаналы болмаймыз. Көршіміз құрылыс компанияларының біріне алғашқы жарнасын құйып, енді құрылыс аяқталса, көшеді екен. Біз ше? Қашан?» деп, күйеуіме тағы да қылқылдай бастадым.
Әлеуметтік желідегі бір психологтың «Еркекке көп талап қойған сайын ол көп табыс табады» дегенін қолданғаным ғой. Көп ұзамай Болат баспананың алғашқы жарнасын тапқанын айтып, қуантты. Мен түрткілеген сөзімнен нәтиже шыққанына мәзбін.
Айналдырған 4-5 жылдың ішінде пәтер де алдық, көлік те міндік. Екінші баламды өмірге әкеліп, бақыттан басым айналды. Бірақ күйеуімнің табысы көбейген сайын оның жұмысы артып, бізге бөлетін уақыты азайды.
Ол үйге кеш келеді. Кейде таңға жуық оралады. Қамсыз өмір сүріп жатқаным күйеуімнің ұйқысыз өткен түндерінің арқасында ғой деп оны аяп, артық мазаламауға тырысатынмын. Сонда да кейде сөзіммен оны ренжітіп алатынмын. Бір күні таңертең күйеуімді қатты ашуландырып алып, күні бойы өзімді кінәлі сезіндім. Оның ренішін жумақ боп, кешкі асқа сүйікті тамағын пісірдім. Кешігіп жатқан соң қоңырау шалып едім, бітпеген шаруасы көп екенін, кеңседе әлі төрт-бес сағат бөгелетінін айтты. Тамақты жұмысына апарып бермек боп, балаларымды көршінің үйіне тастадым.
Фото: www.all4women.co.
Кабинетінің есігін күліп ашқан мен жылап шықтым. Көзіммен көргенге сенгім келмеді. Құрбым Мейрам мен күйеуім...
Жүгіре шыққан мен жол бойында тұрған таксидің біріне мініп, үйге жеткенше асықтым. Қас қағым сәтте Болат екеуміздің басымыздан кешірген тәтті сезімдеріміз, бақытты сәттеріміз көз алдымнан өтіп, тарам-тарам боп аққан жасымды тоқтата алмадым.
Үйге кіргенім сол, артымнан Болат та жетті. Айтқан сөздерін тыңдағым келмей киімдерімді жинап, есікке беттеген мені жұлқылап кері қайтарды. Сол күні алғаш рет ол бетімнен шапалақпен тартып жіберді. «Мені мәжбүрлеген сен! Өзің кінәлісің!» деп айқайлағанда, қорыққанымнан отыра қалдым.
Күйеуімнің қазіргі бастығы – Мейрам екен. Айтуынша, пәтерімізді алуға көмектескен де сол құрбым көрінеді. «Көлік те менікі емес, Мейрамның фирмасыныкі. Иә-иә, жұрттың күйеуінің табысын айтып күнде тыныштық бермедің ғой. Саған керегі табысы көп, көлігі бар күйеу, пәтер емес пе еді? Сен үшін, сенің бақытты өмір сүруің үшін Мейрамнан қомақты қарыз алдым. Қарыз болғандықтан, ол ұсынған қызметке ауыстым. Ара тұра ол әйелдік қалауын жасырмайтын. Одан өзімді алып қашпақ боп, оған бағынышты жұмысымнан кетпек болдым. Бірақ дәл ондай жалақыны басқа мекеме төлемейді, оның үстіне жетіспеушіліктен сенің мұңайғаныңды да көргім келмеді" деді.
Біраздан соң ашуы да, дауысы да бәсеңдеп, енді кешірім сұрай бастады.Осы сәтте есіктің қоңырауы безілдеді. Көршім қызым мен ұлымды әкеп тұр екен. Оларды жетектеп алдым да кете бардым.
Қала сыртындағы бөлемнің үйіне келдім. Оңашада опасыздықтың жарасын жазғым келді. Күйеуім қаншама рет қоңырау шалды, сөйлескім келмеді...
Ол Мейраммен байланысын біржолата үзу үшін пәтерді сатып, ақшасын, көлігін де қайтарды. Жұмысын ауыстырды.
Бәріне уақыт емші емес пе, менің де кінәм бар екенін мойындаймын. Өз кінәмді түсіндім. Күйеуімнен бөлек тұрған уақыт аралығында көп табыс таппаса да, жаяу жүрсе де оның өзі ғана керек екенін ұқтым. Кешірдім.
Бізді өмір осылай сынады. Мен осы оқиғадан соң бұрынғыдай күйеуімді әркіммен салыстырмайтын болдым. Асханалық жаңа бұйым немесе қымбат жиһаз көрсем, «Түу, біз мұндайды қашан алар екенбіз» демейтін болдым. Өйткені еркек әйелінің қалағанын алып беремін, армандарын орындаймын деп, қателікке ұрынатынына, адасатынына көзім жеткен. Мен оның тағы да қателескенін қаламаймын...»
«Еркектің басын көрге де, төрге де сүйрейтін – әйел» деп, дана бабаларымыз қалай дөп айтқан десеңізші. Опасыздыққа итермелейтін әйелдердің өзі сияқты ғой. Келісесіз бе, оқырман?
Ұқсас оқиға:
"БӘЙБІШЕ де, ТОҚАЛ да болдым": Екі рет тұрмысқа шыққан әйелдің әңгімесі
«Үш бала туған»: Белсіз ұлының перзентті болғанын түсінбеген ана не істерін білмей жүрр