«Әке-шешеден де, жігіттен де қолдау болмады»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Алдымен өзіме, сосын әке-шешеме өкпелімін. Балалықпен жасаған қателігімді бетіме басып, бұрыс шешім қабылдауыма ықпал етті. Соның кесірінен кіп-кішкентай нәрестемнен бас тартқан бейбақпын», - дейді Раушан (есімі өзгертілді) алматылық оқырманымыз.
Университеттің үшінші курсында оқитын бойжеткен өзегін өртеген өкінішін ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.
«Күнде түс көрем. Шыңғырған сәбидің үнінен шошып оянам. Бір нәрсені қайталап көре бергеннен бе, кейде ақылымнан алжасып қалдым ба деп күмандана бастадым. Бірақ ішімдегі дертті ешкімге айта алмай, пұшайман боп жүрмін.
Бәрін басынан бастайын, мен үйдің бір тал гүлі боп өстім. Алдымда екі ағам, өзімнен кейін інім бар. Ата-анам ауылға сыйлы кісілер, «бізге нәлет келтірме» деп қатал тәрбиеледі. Ағаларым да қадамымды аңдып отыратын. Сол себепті мектепте ешкіммен жүрмедім, басқалар сияқты отырыс, дискотека дегендерге де бармадым. Бар ынтаммен сабақ оқып, өз күшіммен қалаға оқуға түстім. Менің жетістігіме үйдегілердің бәрі қуанды. Әкем әкеліп, жатақханаға орналастырып кетті.
Ата-ананың уысында, ағалардың назарында болған мен үшін қалада жалғыз қалған қызық көрінді. Тордан босаған құстай сезіндім. Бірінші курс оқып жүргенде Нұрсұлтан деген жігітке ессіз ғашық болдым. Екеуміз бір топта оқимыз, «сенің көзің әдемі» деп мақтап-мақтап рефераттарын, курстық жұмыстарын жаздырып алатын. Мен соған мәз боп, қалауын орындауға тырысып бақтым. Екінші курстан бастап қыз бен жігіт ретінде ашық кездесе бастадық. Ол ата-анасынан ерте айырылған, ата-әжесінің тәрбиесін көрген, Қызылорда жақтың жігіті еді. Ол «маған жар болуға лайық жалғыз адам өзіңсің» деп үнемі мақтау сөздерін айтып, ақыры күндердің бір күнінде төсекте басымыз қосылды.
Сессияны жауып, ауылға демалысқа барғанда өзімнің жүкті екенімді білдім. Жанымды қоярға жер таппай, дегбірім қаша бастады. Бойыма бар жігерімді жинап, бір қызарып, бір бозарып отырып анама болған жайды айттым. Анам отырған жерінде мелшиді де қалды. Артынан айтпаған сөздерін айтып, жылап салды. «Мына баладан ертерек құтылу керек, таңертең ауданға, дәрігерге барып, алдырып тастаймыз» деп шешті. «Мама, мен олай істей алмаймын, Нұрсұлтан мені сүйеді. Онымен сөйлесейін, баланың әкесі ретінде білуге қақысы бар» деп қайтпай тұрып алдым.
Өз үйімде отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Әкем ештеңені білмейді, ағаларым да күдіктенген жоқ. Тек анам ешкім жоқ кезде тілімен түйреп, жаныма тиетін сөздерін төгіп-төгіп тастайтын. Болған жағдайды Нұрсұлтанға айтпақ боп телефон соққам. «Мен қазір атама, шөп шабуға көмектесіп жүрмін. Таңнан кешке дейін ауылдың қара жұмысын істеп жүрмін. Оқу басталғанда көрісерміз, айтарың болса сол кезде айтарсың» деп қысқа қайырды. Одан кейін де талай мәрте сөйлестік қой, бірақ бұл нәрсені телефонмен айтуға болмайтындай, тартыншақтай беріппін. Баланың көрер жарығы болған шығар.
Күзде оқуға келдік. Бұл кезде іштегі балаға төрт ай толып қалған, анда-санда қимылдайды. «Жатақханаға жатып абырой таппайсың, саған пәтер жалдаймыз. Ертерек жігітпен сөйлесіп, бір жағына шық. Не үйленсін, не баланы алдырып таста!» деп шарт қойды. Қыздардың бәрі «толып кетіпсің» деп денеме қарайды. Кеңдей киімдер таңдап, іштегі нәрестені ел көзінен жасыруға барынша тырыстым.
Нұрсұлтан сабаққа қыркүйектің ортасында бір-ақ келді. Қыр басында шөп жинап, күнге тотыққан адамға ұқсамайды. Аппақ боп, толысып кеткен. Сабақтан соң өзіміз қыдыратын саябаққа барып, мен оған бойымдағы өзгерісті жеткіздім. «Қумашы, ауылыңа барып тауып келгеніңді маған аудара салайын дедің бе? Бала менен емес, әуре болма! Айтпақшы, менің де жаңалығым бар, мен үйлендім» деп бетіме бедірейе қарады. Мен үшін мөп-мөлдір сезімнің аяқ асты астаң-кестеңі шықты. Өзім сүйген адамның сатқындығы өмірімді лайлап кетті осылай.
Аборт жасайтын кезден асып кеткен. Дәрігер «Болашақта тағы бала сүйгің келсе, онда мына баланы туу керек» деп түсіндірген соң, амалсыз тағдырдың басқа салғанына көндіктім. «Мама, Нұрсұлтан басқаға үйленіп кетіпті» деп көзімнің жасы көл болып отырып жаңалықты жеткіздім. «Мына қызың елге қарабет қылды. Шаң жуытпай өсірген қызымыз арын сақтай алмады» деп шешем болған жағдайды үйдегілердің бәріне айқайлап жеткізді. Үлкен ағам бетімнен келіп шапалақпен салып қалды. Ал екіншісі болса, көзіне көрінбеуімді өтінді. Әкем бетіме қарамай қойды. «Қыз қалаға кетсін, мәселені сол жақта шешіңдер» депті. «Оттай береді, қалаға бар да, баланы алдырып таста» деп шешем шығарып салды.
Ішімді тартып, сабағымды жалғастыра бердім. Бірге пәтер жалдап тұрып жатқан құрбым жедел жәрдем шақырып, перзентханада ұл босандым. «Балаңды еміз» деп мейірбикелер қайта-қайта келеді. «Мен одан бас тартамын» деп емізбей қойдым. Бала бірінші, екінші күндері шыңғырып жылайтын. Кейін жасанды тамаққа үйренді ме, әлі көзі де ашылмай, жылай беретін өзгенің балаларына қарағанда мені мазаламай, тек тесірейе қарайтын да жататын. Балалықпен қателікке бой алдырып, іштен шыққан нәрестемді перзентханаға тастап, жалғыз қайттым.
Бұл уақта Нұрсұлтан оқытушылармен келісіп, ауылына қайтып кеткен екен. «Саған қарауға беті шыдамады ғой оның, екіжүзді оңбаған екен» деп жамандап жатты. Ал маған ендігі оның бар-жоғы бәрібір еді. «Бала уақытынан бұрын ерте, өлі туылды» деп әке-шешеме өтірік айттым. «Құдайдың өзі ептепті да, басың аман болсын» деп шешем қуанғандай болды.
Қазір өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Күндіз ештеңе емес, түнге қарай бірдеңем жоғалған адамдай аласұрып, таңды әрең атырамын. Балам түсіме күнде кіреді. Тағдырының қалай өрбігенін білмей, зарығып жылаймын. Қателігім үшін өкінемін. Әкем мен шешем мені өзекке теппей, «баланы туып, бізге бер» дегенде оны айдалаға тастап кетпес едім. Туғандарымнан қолдау таппай сорлап қалдым ғой. Бала баға алатындай қауқарым да жоқ болатын. Екі жыл мені қанатының астына алып, қолтығымнан демеп жіберсе баламды балабақшаға беріп, жұмысымды істей берер едім ғой деп те ойлаймын. Ар-ұятым маза берер емес...»