​«Сенген күйеуім үйден қуып шықты»: алматылық келіншек «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болған

0
1 140

«Баламды асырап алғысы келгендерден қашып кеттім»


​«Сенген күйеуім үйден қуып шықты»: алматылық келіншек «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Маған көмек керек, үш айдан кейін бөпеммен бірге далада қалғалы тұрмын. Барар жерім, басар тауым жоқ», - деп хабарласты ERNUR.KZ редакциясына Алима есімді келіншек. – Қазір «Аналар үйін» паналап отырмын, үш ай болды. Ал мұнда небәрі алты ай ғана тұруға болады екен».


Көпшіліктен көмек сұраған оқырманымыздың айтқанын ERNUR.KZ тілшісі мұқият тыңдап, назарларыңызға ұсынып отыр.


«Жасым жиырма жетіде, Тараз жақтың қызымын. Жоғары білімім жоқ, ауылда, бір тігіншінің көмекшісі болып жұмыс істедім, кейін ауылдағы тойханада официант, ыдыс жуушы болып күн көрдім. Кейін анам қайтыс болды да, үйдегі жағдай шиеленісіп кетті. Биліктің бәрі жеңгемнің қолына өткен. Бұрыннан мінезі нашар еді, анамның көзі кеткесін мені түртпектей бастады. Ақырында «тәтті ауыздың дәмін кетірмейін» деп Алматыға кетіп қалдым.


Үлкен қалаға келгесін тұрақты жұмыс жоқ, көше-көшені кезіп жүріп бір мекемеге еден жуушы әрі вахтер болып орналастым. Кішігірім бөлмесі бар, уақытша паналауға рұқсат берді. Сонда алты айдай жұмыс істеп жүріп, өз ауылымның жігітін жолықтырып қалдым. Ол менің кіші ағаммен құрдас еді, бұрын үйленді дегенін естігем, ажырасып кетіпті. «Екі қызым әйеліммен бірге кетті, мінезіміз жараспады» деп әйелін әбден жамандады.


Ғабит менің жұмысыма қайта-қайта келгіштеп жүріп, ақыры өз дегеніне көндірді. «Үйленейік, үй болайық» деген. Таныс адам ғой, бөтен емес деп келісімімді бердім. «Әзірге тек некемізді қидыра тұрайық» десе көне салыппын. Үш айдың ішінде пәтер жалдап, мені көшіріп әкетті.


Бірге тұрмай адамның қандай екенін білу қиын екен. «Адамның аласы ішінде» деген рас-ау. Ғабит үйленгеннен кейін мүлдем өзгеріп кетті. Өте ашушаң, қызба мінезді екен. «Жұмыс істемейсің, үйде отыр» деп шығарып алған. Өзі қара кешке дейін құрылыста істейді. Кешке келеді де, тергеудің астына алады. «Қайда болдың, не істедің? Кіммен кездестің?» деп жөн-жосықсыз тиісіп, мазамды алады. Ашу, ұрыс болғасын әйелдің төсекке зауқы соға ма, «баршы ары» деп жақтырмасам «Күні бойы біреуден «тойып» келгенсің ғой сен! Кімің бар, айт шыныңды» деп ұрып тастайды. Көрмеген қорлығымды көрдім.


Үйленгенімізге бес ай болғанда Ғабит мені еш себепсіз пәтерінен қуып шықты. «Менің басқа қызым бар, ертең осы жерге көшіп келеді, үйді босат» деді. Онымен ерегіскеннен еш пайда жоғын түсіндім де, айтарға сөз таппай, кете бардым.


Баяғы жұмыс жоқ, қайдан, кімнен көмек сұрарымды білмей көшеде тұрғанда бір дүкенге «сатушы қыз керек» деп жазылған жарнаманы көріп қалдым. «Ауылдың қызы екенсің, жұмысқа алайын, бірақ айлығың көп болмайды» деп шынын айтты. Қоймасынан бір орын берді. «Ұрлық жасасаң оңбайсың, жан-жақтың бәрі камера, бақылаушылар көп» деп ескертіп қойды. Баяғыдан біреудің бір затына қызыққан адам емеспін, паналайтын орын табылғанына қуандым.


Бірақ Құдайдың маған деген сынағы әлі алда екен. Бір аптадан кейін жүрегім айнып, басым айнала бастады. Аяғымның ауыр екенін білдім. Мендегі өзгерісті дүкен иесі де сезген болу керек, енді сені жұмыста қалдыра алмаймын, ренжіме. Қандай жоспарың бар?» деп ашық сөйлесті.

Бар ойыма келгені – Ғабитке балалы болатынын айту. Оның үйіне барып, жағдайды айтып ем, «әркімнен тапқан балаңды маған танба!» деп шығарып салды. Сосын амал жоқ, баланы туып, біреуге берем деп шештім. Түсік жасатуға дәтім бармады. «Апай, баланы туып, мұқтаж жанға берем деп шештім» деп ойымды айтып ем, «Ойбай, ондай адам бар, менің туған құдашам бала сүйе алмай отыр. Қаласаң сені айтайын» деп жабысты. Менің ойым да сол болған соң, істің соңын ойлап жатпай, «Иә, иә беремін» дей бердім.


Сөйтіп, аяқ асты Қарағандының ауылдық жерінен бір-ақ шықтым. Бастапқыда олар мені құшақ жая қарсы алып, дәрігерлік тексерістен өткізіп, баланың денсаулығын тексертіп алды. «Қызды боласыздар» дегенді естігесін, үйіне әкеліп, жайғастырды. Әуелде бағыма мұндай адамдарды жолықтырған Құдайға мың да бір шүкіршілік еттім.


Дегенмен, бір айдың ішінде бұл кісілердің шынайы бет-бейнесін көріп, келгеніме өкініп кеттім. Күйеуі тым сараң адам екен. Жұмысы, қорасында малы бар. Бірақ үйге азық-түлік әкелейік десе әйеліне айқайлап, жанжал шығарып жібереді екен. Қора тола қой болса да, етсіз тамақ жейді. Тамақ дер кезінде дайын болмаса әйеліне жекіп, кейде жұдырығымен түйіп-түйіп алады. Менің Ғабитімнен асып түсетін біреу екеніне көзім жетті.

«Ойбай, өз тамағына ақша қимай, қырылысып отырғандар ертең менің қызыма қайбір мейірім бермек? Мына екеуінің төбелесін көріп өскен бала ертең қандай болады? Жоқ, бұларға қызымды бере алмаймын, қара су ішсе де қасымда болсын» деп шештім де, онымды үйдің қожайындарына жеткіздім. «Кетсең кетші. Өзім біреуден мейірім, жылу іздеп жүргенде, сенің қызыңды тәрбиелеп, мейірім берем деп айта алмайм,байымнан әбден шаршадым. Бұған бала да, қатын да керек емес, қорадағы малы қымбат» деп әйелі мені еркіме жібере салды.


Берген жолкіресімен амалдап Алматыға жетіп алдым. Әркімнен бір сұрап жүріп «Аналар үйін» тауып, осында жайғастым. Бұл жақта негізінен алты ай ғана тұруға рұқсат екен, үш ай қысты далада өткізбегеніме шүкіршілік еттім. Енді бір айда босанамын, сосын қайда баратынымды, не істейтінімді білмей дал боп отырмын.


Менің ең басты қателігім – әлгі жігіттің бұрынғы іс-әрекеттерін сараламай, көзсіз сене кеткенім. Жасым отызға таяп қалды, таныс адам ғой, менің жаныма жалау болар, үй болып кетерміз деп қате ойлаппын. Өкініш өзегімді өртейді. Бірақ қанша өкінгенмен, болар іс болды. Құрсағымдағы бейкүнә қызымның еш кінәсі жоқ. Оны барынша мейірімге бөлеп өсіргім келеді.


Тек енді мені өз қамқорлығына алатын жаны жомарт адам болса... Үйін жинап, кірін жуып, ауласын тазап отырсам да есігінің алдынан бір бөлме берсе, қызым екеуміз паналасақ деймін. Азық-түлігімізге жететін азын-аулақ ақша берсе болды. Балапанымның қанаты қатайғанша қол жәрдемін созатын мейірімді адамдардың көмегі керек».