​«Шешіндіріп далаға шығарып жіберген»: нағашыларына өкпелі бойжеткен өткен өмірінен сыр шертті

0
3 639

««Милау», «топас», «кеміс», «тексіздің ұрпағы» деген сөздер менің екінші атым боп кеткен»


​«Шешіндіріп далаға шығарып жіберген»: нағашыларына өкпелі бойжеткен өткен өмірінен сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақтың қай мақалы болсын, қате айтылмаған ғой. Ой, Алла, әр мақалында бір ғибрат жатыр. Мысалы «жүйелі қарғыс киесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады», «жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» дегенін айтсаңызшы. Айна-қатесіз тура айтылған. Осыған жасым жиырма беске келіп көзім жетіп отыр», - дейді Маржан есімді түркістандық бойжеткен.


Жастайынан нағашыларының қолында өсіп, туыстарынан кемсіту, қорлық көрген Маржан қазіргі жағдайы туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Әкем мен анам мен туылмай жатып екі бөлек кеткен екен. Енесіне жақпаған ба, әйтеуір естуімше әкемнің анасы екеуін ажыратып жіберіпті. Содан біз нағашы әжемнің үйінде тұрдық. Есімді білгелі нағашы әжемнің «мусор» сөздерін естіп келемін. Ол кісі мені өзінің немерелерінен шеттетіп, алалап өсірді. Ең тәтті, дәмді тағамдарды алдымен ұлының балаларына беретін. Үйге келген қонақтарға «бұл қайтып келген қызымның қызы ғой, тұқымы бөлек, тексіздердің ұрпағы» деп менің көзімше жамандап отыра беретін.


Анам күні-түні жұмыста, аудандық ауруханада мейірбике болып істейтін. Үйге екі күнде бір, кешкісін демалуға келетін. Таңертең сүйретіліп қайта кетеді. Бар айлығын шешесі сыпырып алып қоятын. «Қызыңа анау-мынау әперемін, жейтін тамағын аламын» деп сылтаурататын. Одан менің шекемнің шылқып жатқаны шамалы.


Әжемнен ғана қорлық көрсем мейлі ғой, нағашы ағам да ары-бері өтсе бір түйреп кететін. Өз балдарынан кемітіп «менің қыздарым ертең бір жерден шығады, сен осылай жүресің әркімнің есігінің алдында» деп тырқылдап күліп, мені жылататын.

Анамның туған сіңлісі бар, қазір ойлап отырсам сол кезде оның жасы жиырма бесте болған екен. Былай қарасаң ақыл тоқтатып қалған адам ғой. Ол да шешесі мен ағасына қосылып мені түртпектеп отыратын. «Сені шешең аборт жасатып алдырып тастайм деп еді, обалынан қорықты. Сондықтан сен «нежеланный баласың» деп кішкентайымнан аборттың не екенін ұқтырып отырды. Әпкемнің әлгі сөздері әлі құлағымнан кетпейді. «Милау», «топас», «кеміс», «тексіздің ұрпағы» деген сөздер менің екінші атым боп кеткен. Үйде ешкім Маржан деген атымды атаған емес. Өзімді өш алатын "грушадай" сезінетінмін, себебі сырттан ашуланып келгеннің бәрі мені бір соғып өтетін.


Баламын ғой, мамам жұмыстан келгенде жылап отырып болған жағдайды айтып беремін. Шешем байғұс «Апа, біз бөлек кетейік, пәтер жалдап шығамын» деп әңгіме бастаса бітті, шешесі қарғап, сілеп, ақыры өзінің дегеніне көндіріп алатын. Анам байғұс екінші мәрте күйеуге шыққысы келген, оған да шешеі қарсы болды. «Тигенде жетісем деп отырсың ба, тағы бір тексізді тауып келесің» деп тыйып тастайтын.


Мектепке баратын жылы өз қатарымнан әжептеуір есейіп қалған едім. «Мен сабақты жақсы оқып, бай боламын, мына үйден мамамды алып, бөлек кетемін» деп өз-өзіме серт бердім. Сол уәдемде тұрып, мектептегі түрлі іс-шараларға қатысып, мақтау қағаздарын алып келсем нағашы әпкем жыртып-жыртып отқа тастайтын. «Әкеңнің түрі анау, шешең мынау, солардан асып кім болайын деп едің» деп жылатып қоятын.


...Сегізінші сыныпты оқып жатқанмын, үйде үлкен жанжал орын алды. Әпкем әжемізбен сөзге келіп қалып, қырық-пышақ боп жатқан. Әпкем жерде отырған мені аяғымен бір теуіп өтті. Алғаш рет «Неге тебесіз мені?! Мен сізге итпін бе?!» деп айқайлап жібердім. Әпкем ұстап алып, үстімдегі бүкіл киімімді сыпырып, ауладан шығарып жіберді. Күздің қара суығы еді, бес минуттан кейін шыдай алмай көршінің есігін қақтым. Көрші жеңге бар жағдайды естіген соң жылы киімін беріп, шай, тамақ беріп, қонуға алып қалды. Ертеңіне өзі ертіп келіп, «Құдайдан қорықпайтын қандай адамсыздар? Титтей қызды көшеге қоқыс сияқты тастай салғандарың не?» деп бірталай сөз айтып кеткен. Ол кеткесін нағашы әпкем тағы оталды. «Біздің үйдің мәселесін елге жайып, өсекші болдың ба? Ол үйге тыржалаңаш неге барасың? Әлде анау ұлына бір жерің қышып бардың ба? Көрсетейін мен саған» деп оқтауды алып, жыныс мүшеме тыққыштап, одан қалса тізелерімді ұрып тастады. Талып қалыппын.


Есімді жинасам түс қайтып қалған. Үстімнің сау тамтығы жоқ. Дереу киімдерімді киіп алдым да, көрші әйелден ақша сұрап, ауданға, шешеме қарай кетіп қалдым. Анам менің көгерген денемді көрді де, дереу әріптестерінен пәтер сұрастырып, сол күні бір орыс кемпірдің үйіне көшіп кеттік. Қайта орыс кемпір Құдайға қараған адам екен. «Мен Ресейге, ұлымның қолына көшіп барамын. Мына үй сендерге аманат, қанша тұрам десеңдер де өз еріктеріңде. Мен өлгесін ұлым сата ма, қоя ма, өзі білер» деп тастап кетті.


Анама қолғабыс етіп, мектептен кейін сауда істеп жүріп бірталай дүние жинап алдық. Тесттен жақсы балл жинап, университетке грантқа оқуға түстім. Қазір өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Табысым да жаман емес. Сүйген жігітім де болды. Бірақ оның бағын байламайын деп, тұрмысқа шығудан бас тарттым. Гинеколог-дәрігерге көрінсем баяғы соққыдан кейін дұрыс емделмей, соңы созылмалы ауруға ұласып кетіпті. «Қыздың денсаулығы мұндай болмау керек, жол апатына ұшырағансың ба?» деп бірталай дәрі жазып берді. Кішігірім операция, гармоналды ем алуым керек екен. Әйтпесе бала сүймеуім мүмкін. Жігітім менің кесірімнен бақытсыз болмасын дедім.


Бір қынжылатыным, анам әлі өз туыстарымен араласып тұрады. Әжем әлі тірі, жасы сексен тоғызда. Төрінен көрі жақын болса да алдынан шыққан адамды қарғап-сілеп, жан-жағын жалмап отыр. Нағашы әпкем сол күйі тұрмыс құрмады, жасы біразға жетті. Отбасы бар еркектен бала туып алып, анасының зейнетақысымен күн көріп отыр. Нағашы ағамыз ішкілікке салынып, қаңғып кетті. Жеңгем үш баласын алып, әлдеқашан төркініне кетіп қалған. Кезінде «рақатты осы немерелерімнен көремін» деп аузына ақ майын тосып отырушы еді, қазір олар апасын іздемейді де.


Нағашы ағам «көкем, ақ көкем, айналайын» деп құшағына қысып, бетімнен сүйеді, көрген сайын еңіреп жылайды. Алқаш қой, бейшара. Кейде аяймын. Әжем әлі сол, мені кемітіп, тексіздің қатарына қосып, «әкесіне керек болмаған қыз елге керек пе» деп отырады. Мән бермеймін. Анам соған дәрі-дәрмегін, тары-талқанын, ет-майын апарып, жүгіреді де тұрады. Кейде анама ренжимін, бірақ, ит те болса өзінің анасы ғой деп басамын өзімді.


Өткен өмірім түс секілді. Тым қорқынышты. Өкпе мен налаға толып тұр. Бәрін кешіріп, көргенімді ұмытқым келеді. Бірақ ойлаған сайын көзімнен жас сорғалап, ренішім үдей түскендей. Нағашыларымды туысым деп көрсетуге намыстанамын. Сол себепті де емделген күннің өзінде күйеуге тимейтін шығармын. Іште үрей, сенімсіздік бар...»