​«Сіңлімнен қызғанамын»: Алматылық келіншек өмір бойы қызғанышпен өмір сүруге мәжбүр екенін айтты

0
4 866

"Бес жыл бірге болдық..."


​«Сіңлімнен қызғанамын»: Алматылық келіншек өмір бойы қызғанышпен өмір сүруге мәжбүр екенін айтты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Алматылық Жанар есімді жас келіншектің айтуынша, ол енді өмір бойына қызғанышпен өмір сүруі мүмкін. Себебі сол, бес жыл бойы кездескен жігітімен бір-ақ сәтте арасын үзіп, екі айдан соң өзгеге тұрмысқа шығып кеткен. Ал жігіті оның туған сіңлісіне үйленген.

Тағдырдың мұндай талқысына түскен Жанар өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген еді.

- Бес жыл деген аз уақыт емес. Біз туралы тек отбасымыз ғана емес, бүткіл ағайын-туыс білетін. Бірақ тағдырымыз басқаша өрбіді. Ол менен кек алу үшін сіңлімді уысына түсірген сыңайлы. Бірақ бар ғой, екеуін бірге көрсем қатты қызғанамын. Сол себепті алыс қалаға көшіп кеткім келеді, - деп ағынан жарылды ол.


Өзінің бұрынғы жігітін туған сіңлісінен қызғанатын ол күйеуін батыс өңірге көшіп кетуге үгіттеп жүргенін де жасырған жоқ.

- Бес жыл бойы оның қасында болдым, бизнесін жүргізуге де көмектестім. Неке қиылмады демесек, екеуміз жұбымыз ажырамай жүретінбіз. Иә, мен оны қатты сүйдім... Қазір де сүйемін десем ше?! Енді олардан алыста өмір сүргім келеді, сонда жеңілірек болар, бәлкім?!

Ренжісуімізге оның телефонына тоқтаусыз қоңырау шалатын бөтен бойжеткен себеп болды. Бәлкім, бізді ажыратқысы келген болар. Бірақ екеуміз бірге отырғанда оның телефонына келген фотосурет менің есімді шығарды. Жігітім бикинидегі бөтен қызбен құшақтасып суретке түскен. Менің қателігім оған түсіндіруге рұқсат бермегенім болар. Оның айтуынша, суреттегі қыз жарнама жасайтын модельдердің бірі және ол бір жыл бұрын кәсіпкерлердің кездесуінде болған жағдай.

Мен оған сенбедім. Бір-бірімізге ауырлар сөздер айтыстық. Оған қатты тигені, кафеде отырып бетіне сусынды шашып жібергенім болды. Менің сөмкемді жерге лақтырып жіберді де, теріс бұрылып кете барды. Мен ашуы тарап қайтып келер деп ойлағам, бірақ телефонын өшіріп тастапты. Сынған бокал мен есепті өзім төлеп, ертеңіне астанаға жол жүріп кеттім. Телефонын бұғаттап, мүлде сөйлеспедім. Ол әлеуметтік желі парақшасына түрлі қыздармен, көңілді ортада жүргенін салып жатқанда мұнда мен де көптен сезімін білдіріп жүрген жігітпен кездесуді бастап жібердім.

Осылай біздің махаббатымыз болмайтын жерден күйреді. Ашумен жігіттің сыйлаған жүзігін де қабыл алып, оған «иә» деген күні желіге жарияладым. Сол күні қоңырау шалды, хабарлама жазды, жауап бермедім. Ол мені іздеген сайын тәкәппарлана бердім. Сөйтсем, соған дейін мектепті былтыр бітірген сіңліме келіп барлық өкпесін де, өкінішін де айтып жүріпті. Солай жақын болса керек. Екі айдан соң мен тұрмысқа шығып кеттім.


Бұрынғының бәрін артта қалдырдым деп ойлағанмын. Жарты жылдан соң мен сүйген жігітке сіңлім шыққанда түнімен жылап шықтым. Жұмысты сылтауратып бармадық. Бірақ сол күні сіңлім менің қоңырауыма мүлде жауап бермеді. Тойына барғанда ресторанның есігінен әзер аттадым. Жүрегімді жұтып қойғандай дүрсілдеп, еріксіз болса да езу тартып жымия алмай қиналғанымды бәрі сезді. Тек күйеуім ғана біздің жағдайымыздан бейхабар еді.


Сіңлім менің жүзіме қарамады, ал күйеу бала (бұрынғы жігітім) маған кекесінмен қарап, келіншегін құшақтап сүйді. Өзегім өртеніп кете жаздады. Құрсағыма жаңа біткен сәбиім болмағанда бәрін тастап сол күні қашып кеткім келген. Тойдан ауырып қайттым, ертеңіне ауруханаға түстім. Қан қысымым қатты түсіп кетіпті. Өзіме не болғанын жақсы білемін ғой, күйеуім мен ата-енемнің зыр жүгіргеніне қарап жатып өзімді жек көрдім. Бір жағынан сіңлімнен өлгенше қызғандым бұрынғы жігітімді...


Қазір сәбилі болдық, тойдан кейін жылдан аса уақыт өтті. Бірақ әлі күнге отбасымызбен жиналғанда бармаймын. Оларды көрсем жүрегім сыздайды, қызғанамын. Олар да жақында бөпелі болады. Өзіме әлім жетер емес, ойламайын десем де жанымды қоярға жер таппай кетемін. Бұл қызғанышпен өмір бойы алысатын сияқтымын. Ал күйеуім бәрінен хабарсыз...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды


"«Көршімнің етін ұрлады»: Шымкенттік ана келінін төркініне өзі апарып тастаған