​«Сыртымнан 500 мың теңге несие алыпты»: алаяққа алдана жаздаған шымкенттік келіншек көпшілікке кеңес берді

0
2 408

«Алаяқтың иманы бар екен, мойындады»


​«Сыртымнан 500 мың теңге несие алыпты»: алаяққа алдана жаздаған шымкенттік келіншек көпшілікке кеңес берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бүгінде басында берешегі адам көп. Несібесін несие жабуға жұмсап, одан құтылу үшін тағы кредитке ұрынатын адамдарды да көріп жүрміз.


ERNUR.KZ кейіпкері, Шымкент қаласының Айнагүл есімді тұрғыны таяуда алаяқтардың құрбаны болып кете жаздады. Несиесін жауып, екінші мәрте несие алайын десе, банк қызметкері «мойныңда енді ғана рәсімделген кредит бар, бере алмаймыз» депті. Оқиғаның қалай болғанын Айнагүлдің өзі айтып берді.


«Адам несиені еркіккеннен алмайды, мәжбүр болып тұрасың ғой. Біз осы несие алып жүріп үй салдық. Жолдасым екеуміздің ақша жинай алмайтын әдетіміз бар. Тапқанымыз той-жиыннан, балалардың тамағынан артылмайды. Сосын ақылдаса келе, банктен несие алып, үйімізді кеңейтейік деп шештік.


Осыдан бес жыл бұрын, бұрынғы ескі үйімізді кепілге қойып жүріп 5 миллион теңге алғанбыз. Соны екеулеп жүріп биыл төлеп біттік. Иығымыздан жүк түскендей болды. Есесіне баудың ішінен үлкен үй тұрғызып алдық. Үш бөлмесін бітіріп те қойдық.


«Енді несие алмай, біраз демалайықшы» деді күйеуім. Әйелде арман біткен бе? «Мақұл, бірақ мынау дарбазаны ауыстырайық, атамыздан қалған, есіктері де қиюласпайды. Келген қонақтан ұят» деп қоймадым. Әйел бірдеңені ойласа, дегеніне жетпей қоймайды ғой. «Азар түбі өзім-ақ төлеп тастаймын. Айлығым бар ғой» деп күйеуімді көндірдім. Содан салып ұрып «Халық банкіне» бармаймын ба? Банктің менеджері «Атыңызда несие бар ма?» деді. Өзіме сенімдімін. Төлеп құтылғанымды айттым. «Жоқ, екі апта алдын «Альфа банктен» несие алыпсыз, 500 мың теңге шығып тұр» десін. Есімнен танып қала жаздадым. Ол банкті естігенім болмаса, ешқашан бас сұғып көрмегенмін. Алты аласым, бес бересім жоқ.


Осы сәтте ағайын сіңлімнің аталмыш банкте жұмыс істейтіні есіме түсті. Дереу соған хабарластым. «Иә, Айнагүл, сенің атыңа несие шыққан. Айдана деген алматылық бір әйелдің шотына аударылыпты. Онлайн-несие рәсімделген. Өзің камераның алдында басыңды олай-бұлай бұрып отырсың ғой. Сенбесең жұмысыма кел, көрсетейін» деді. Шынымды айтсам мынаны естігеннен кейін шошып кеттім. Жаппарқұлда жан бар ма? Дереу сіңлімнің жұмысына барып, әлгі камерадағы түрімді көрсетуді талап еттім. Сонда ғана істің ақ-қарасы анықталды ғой.


Осыдан үш апта бұрын өзім жұмыс істеп жүрген желілік маркетингтің жиынына қатысқанмын. Сонда Светлана деген «сетевик» келіп, «Айнагүл, компания өнімдерінің астына жақсы пікір жазу арқылы ақша тапқың келмей ме» деді. Соғұрлым телефон шұқылап жатамыз ғой, әр пікірге мың теңгеден төлейді екен, келісе кеттім. «Онда қазір қызым келіп, сені суретке түсіріп алсын, пікірдің жанында тұру керек. Сосын сені тіркетіп қою үшін куәлігіңнің көшірмесі керек» деді. Онда да арам ойлаған жоқпын. Жап-жас қызы келіп, өзімді суретке түсіріп алды. Сол сәтте біреулер мені әңгімеге тартты да, басымды олай-бұлай бұрып әңгімелесіп отырдым. Әлгі қыз куәлігімді де телефонына басып алды. Бәленің бәрі осыдан шыққан екен.


Дереу әлгі Светланаға хабарласып, ашумен болған жағдайдың бәрін айтып бердім. «Дәл қазір қызың банктен алған несиені жауып, алдыма кешірім сұрап келмесе, сотқа беріп, күллі әлемге масқара етемін» деп тоқтадым. Шешесі қорқып кетті. Бес минут уақыт берші, қызымнан сұрап, хабарын біліп беремін» деді.


Кейін анықталғандай, несиені Светлананың қызы алыпты. Шешесіне де айтпаған. Әлде онысы білмегендей кейіп танытты ма? Қысқасы, қызы хабарласып, «Әпке, кешіріңіз, бәрін орнына қойып беремін, тек екі күн күтіңізші, ақшаның біраз бөлігін жаратып қойып едім» деп жалынды.


Жүрегім жұмсақ адаммын ғой, екі күнге келістім. Сіңлім «нең бар, дереу полицияға арыз түсір, екі күннен кейін таппай қалсаң қайтесің» деп шыр-пыр болды. Бірақ алдамайтын шығар деп үміттендім. Екі күннен соң несиенің толық соммасын, банктің үстемесімен қоса әкеліп берді.


«Әпке, бір жағдаймен алтын бұйымдарымды ломбардқа өткізіп едім, соларды алайын десем ақша таппадым. Сосын ешкімге айтпай сіздің атыңыздан несиеге тапсырыс беріп едім, шыға салды» деп өлердегі сөзін айтты.


Иманды алаяқ жолыққанына шүкір дедім. Болған жағдайды күйеуіме айтып едім, «Сен қатынды кредитке тығып қоймаса болмайды екен, әйтпесе әркім пайдаланып кете береді екен» деп әзіл-шыны аралас күліп, «Альфа банктен» алған несиеге дарбаза қойдырып алдық.


Қазір алаяқтықтың да түр-түрі шығып кеткен. Өз-өзіңе сақ болмасаң, тақырға отырғызып, қарызға белшеден батырып кете салады. Әйтпесе қаршадай қыздың әлгіндей тірлікке қолы барады деп үй ұйықтасам түсіме кірмепті. Сондықтан, ағайын, сақ болғайсыздар! Кім көрінгеннің телефонына суретке түспеңіздер. Құжаттарыңызды да ешкімге ұстатпаған дұрыс».