​«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: Ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты

0
4 904

Студент кезінде де осы сияқты түс көріп, ертеңіне жақын құрбысы қаза болыпты.


​«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: Ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер интернеттен алынды

Жаратылыста болатын құпиясы ашылмаған тылсым-жұмбақтар көп. Соның бірі аян беретін түс көру.

Ақтау қаласының тұрғыны 23 жастағы бойжеткен өзінің қорқынышты түсінен соң міндетті түрде біреу қайтыс болатынына көзін жеткізгенін ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып айтып берді.


Бір емес бірнеше рет қайталанған соң тіпті, түс көріге де қорқып қалғанын айтады ол.

- «Түсіңде сау тісің түсіп қалса біреу қайтыс болады» дегенді 15 жасымда бірінші рет естігенмін. Бірақ аса мән бере қоймадым. Мектепті бітірер жылы көктемде өз түсімнен шошып ояндым. Қара терге түсіп жатыр екенмін. Үстіңгі күрек тісімнің біреуі түсіп қапты, аппақ күйінде алақанымда жатыр. Орны қатты ауырып, сыздатып барады. Жүрегім қысылып ояндым. Көңілім алай-дүлей болып, салқын су ішсем де таңға дейін ұйықтай алмадым сол жолы.

Таңертең көзім ілінген екен, мамамның жылаған дауысынан шошып ояндым. Нағашы әжем қайтыс болыпты. Түсім есіме түсіп селк ете қалдым. Бірақ ешкімге тіс жарғаным жоқ. Нағашы әжемнің жасы 88-не келген, бақуат болатын. Барлығы «ол кісінің қайтқаны той ғой» дескен соң көңілім орнына түскен. Бірақ ойымнан кетпей қойды, - дейді бойжеткен ең алғашқы аян түсін еске алып.


Содан кейін студент кезінде де осы сияқты түс көріп, ертеңіне жақын құрбысы қаза болыпты.

- Нағашы әжемнің қазасы есімнен шыққандай болғанда, бірінші курсты бітірген жылы тағы да ауылда түс көрдім. Үш күн бұрын ғана Алматы қаласында жүрген бір топта оқитын құрбыммен ұзақ сырласып сөйлескенбіз. Сағынып жүрген құрбым түсіме кірді. Бұл жолы менің емес, сол құрбым маған өзінің аузынан тіс алып берді де, ештеңе деместен бұрылып кетіп қалды. Біртүрлі болып ояндым. Тағы да су терге малшыныппын.

Ертеңіне түске таяу топ басшысы қайғылы хабарды естіртті. Түсіме кірген құрбым жол апатынан қайтыс болыпты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Тағы да тіс, тағы да ертеңіне жаманат хабар естідім. Содан кейін көпке дейін ұйықтауға қорқып жүрдім. Жатар кезде жақсы нәрсе ойлап, түс көрмеуді тілеп жататын болдым.

Құрбымның қазасынан соң екі жыл өткенде түсімде 4 бірдей тіс көрдім. Бұл жолы оны қайдан алғаным белгісіз, тағы да алақаныма ұстап алыппын. Жанұшырып өзімнің тістерім емес пе екен деп айнаға қарап жатырмын. Түгел екен. Қара терге малшынып ояндым тағы. Ертеңіне күні бойы телефон шырылдаса да, біреумен кездессем де жаманат хабар айтып қала ма деп алаңдаумен болдым. Кешке қарай ауылдағы сыныптасым өзінің үш бірдей досымен жол апатынан қайтыс болғанын естідім. Көлікті жүргізіп келе жатқан жігіт ұйықтап кетіп жол шетіндегі сайға қарай аударылыпты.


Бойжеткен үшінші көрген тіс туралы түсі де жаман хабар әкелген соң қатты ауырыпты.

- Күйзеліс пе, стресс пе, әйтеуір жаным қысылып, ұйықтай алмай, асқа деген тәбетім де қашып, қатты салмақ тастадым. Анам уайымдап қасымнан шықпайды. 4-ші курсым еді, оқуымнан шығып қалмау үшін әйтеуір ілбіп жүрдім. Сол кезде ғана түстерімді анама айттым. «Оқытылу керек еді, неге айтпадың?» деп ұрсып молдаларға сүйреді. Өзіме де сүрелер жаттатқызды. Күн сайын қайталап оқып жүруімді қадағалады.

Содан кейін ұзақ уақыт тағы да түс көрмедім. Қызығы да сол, мен басқа түстер көрмеймін. Әлде көрсем де есімнен шығып кете ме, түсінбеймін. Басқалар айтып жатады ғой, түсімде ақ көйлек кидім, көлікте отырмын, шетелге саяхаттаппын дегендей... Соның біреуі де болмапты менде. Есіме түсіргім келеді, бірақ жоқ.

Жақында тағы да түс көріп, азу тісімнің түсіп қалғанын анық көрдім. Бірақ түскен тісім жоқ, соны іздеп жүрмін. Тіліммен азуымның жоқ екенін де анық сездім. Үш күннен кейін әкемнің інісі ауырып жансақтау бөліміне түскенін естідік. Бір ай бойы өліммен арпалысып жатып қайтыс болды. Мен оның қайтыс болатынын сездім, біліп жүрдім. Бәрі үміттенді, сауығып шығады деп сенгенде мен ағаммен ойша қоштасып қойған болатынмын, - дейді ақтаулық бойжеткен.

Содан бері түс көруден қорқатын бойжеткен мұндай ауыртпалықтан қалай арыларын білмей жүр. Медицинаның дәрмені жетпейтін тылсым құбылысқа көмектесем дегеннің біразына барғанмен, ешбір емші де нәтиже шығара алмаған көрінеді.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қазір базарда жүрмес едім»: Шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді


«Келінімнен бөлек тұрғым келеді»: Алматылық ана өз үйінен шығып кеткісі келіп жүр